Мерейің үстем болсын, мектебім!
Ғаламтану дәуірі – жас ұрпаққа әлемдік ғылым жетістіктеріне сай білім беру қажеттігін туындатып отыр. Бұл қажеттілік мектептің алдында орасан зор міндетті жүктейді. Шымкент қаласының қақ ортасынан жаңадан бой көтерген әкімшілік-іскерлік орталық маңында орналасқан №130 жалпы орта білім беретін мектебі осыдан үш жыл бұрын ашылды. Осы жылдар ішінде біздің мектеп ұжымы әбден шыңдалған, ынтымағы жарасқан, бір мақсатқа жұмылған, өмірдің көшіне жаңашылдықпен ілескен, ізгілік дәстүрін ұстанған.

Бүгінде мұнда ізденіспен жұмыс жасайтын өз ісінің шеберлері ұстаздық етуде. Олар өткенді құрметтеп, әрі сабақтастықты сақтай отырып, бүгінде шығармашылықпен еңбек етіп, ұжым жаңа ойларды жүзеге асырып, заман талабына сай еңбегін еселеп, жаңа білім сапасына өз үлестерін қосуда. Бүкіл оқу-тәрбие үрдісін сара жолға салу – мектеп басшысының білім, білігі мен іскерлігіне байланысты. Әр саланы өз адамы, өз маманы басқарғанда ғана жетістікке жететіні белгілі. Бұл ретте білім саласында талай жыл талапшылдығымен, біліктілігімен көзге түскен Нұрлан Бахадүрұлы Мырзатаевтың еңбегін ерекше атап көрсеткен жөн.
Бүгінде білім беруді дамытудың 2020-2025 жылға арналған бағдарламасын іске асыру аясында оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыра отырып, жаңартылған білім беру мазмұнын енгізу жұмыстары атқарылуда. Облыстық, республикалық, халықаралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар, өнер байқаулары мен интеллектуалдық, спорт сайыстарындағы оқушылар мен ұстаздардың нәтижелерін дамыту әрдайым назардан тыс қалған емес. Түрлі деңгейдегі олимпиадалар, байқауларда мұғалімдер жүлделі орындарға иеленіп, мектебіміздің абыройын асқақтатады.

2019-2020 оқу жылында «Білім шыңы» қоғамдық қоры, Президенттік «Жас ұлан» жастар ұйымы мен Шымкент қаласы білім басқармасы әдістемелік орталығы ұйымдастырған мұғалімдер олимпиадасында мектеп мұғалімдеріміз жүлдері орындарға иеленді, олар: О.Жиренбаева, А.Болганова Бас жүлде алғандар, Т.Мұратова, Ж.Аширова, Г.Құдиярова І орын, А.Дүйсенова, Г.Калибекова, М.Бейсеева ІІ орын, Г.Алиева, Қ.Бейсебаева ІІІ орын. 2020-2021 оқу жылында Шымкент қаласы білім басқармасы әдістемелік орталығы ұйымдастырған мұғалімдер олимпиадасында бастауыш сынып мұғалімі Ш.Байменова мен орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ж.Аширова І орынды иеленді, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Т.Мұратова, информатика пәнінің мұғалімі Г.Шылманова, математика пәні мұғалімі Г.Сабырова, Адам.Қоғам.Құқық пәні мұғалімі К.Исабаева ІІ орын алды.
Ал химия-биология пәнінің мұғалімі Ә.Шойбекова, ағылшын тілі пәні мұғалімі А.Миралиева, география пәні мұғалімі А.Егембердіқызы ІІІ орыннан көрінді. Аталған мұғалімдер республикалық олимпиадада бағын сынауға жолдама алды. Мұғалімдердің әдістемелік шеберлігін жетілдіру, озық тәжірибелерді зерттеу, жинақтау, педагогикалық технологияларды тарату мақсатында жұмыс атқаратын мұғалімдер жаңашыл ұстаздарының бастамасына қолдау көрсетіп, ғылыми-шығармашылық тұрғыда ізденуге ынталандырып отырады. Осының нәтижесінде мұғалімдер оқу-әдістемелік нұсқаулық, авторлық бағдарлама, әдістемелік құралдар әзірлеу, қосымша білім беру жүйесін жетілдіру бағытында да қомақты табыстарға қол жеткізуде.

Атап айтсақ: «Формирование и совершенствование коммуникативной компетенции учащихся путем интерактивных методов обучения», «Үштілді білім беру аясында оқушылардың тілдік құзыреттілігін дамытуға бағытталған белсенді әдіс-тәсілдер» тақырыптарында әдістемелік құралдары орыс тілі мен әдебиет пәні мұғалімі А.Болганова, «Бастауыш сынып оқушыларға арналған қызықты есептер мен логикалық тапсырмалар жинағы» тақырыбында әдістемелік құралы бастауыш сынып мұғалімдері О.Жиренбаева, К.Абдурахманова, Ш.Байменова, Н.Тажибекова, «Бастауыш сынып мәтіндерінің лингвостатистикалық сипаттамасы» тақырыбында әдістемелік құралы бастауыш сынып мұғалімі Р.Тұрсынбекова.
Үстіміздегі оқу жылында 278 оқушы қалалық, 36 халықаралық пән олимпиадасында, 4 оқушы республикалық деңгейдегі ғылыми жобада, республикалық қашықтықтан ұйымдастырған олимпиадасында жүлделі орындарды иеленді. О баста 1000 оқушымен білім бере бастаған мектебімізден 2019 жылы алғаш рет 20 түлек аттестат алып, үлкен өмірге қадам басты. ҰБТ нәтижесі бойынша түлектердің орта балы 103,6 нәтижесімен Шымкент қаласы бойынша алғашқы орындағы бес мектептің қатарынан көрінді. Сол жылғы түлектерімізден Төребек Кәусар «Алтын белгі» иегері атанса, Артықбаева Күмісай «Үздік аттестат» алып, мерейімізді арттырды. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан оқушыларымыздың 88 пайызы еліміздегі ең жақсы деген мемлекеттік оқу орындарының грант иегерлері.

Тәжірибелі ұстаздардан білім алған бірқатар шәкірттер халықаралық «British bulldog», «Русский медвежонок», Ломоносов атындағы халықаралық турнир, «КIO», «Кенгуру» байқауларының, қалалық білім басқармасы ұйымдастырған республикалық олимпиадалар, байқаулар, «Ақбота» интеллектуалдық марафоны, республикалық «Абай әлемі» байқауы, «Зерде» ғылыми жобалар байқауы, «Білім шыңы» қоғамдық қоры ұйымдастырған «ХХІ ғасыр жас ғалымы» оқушылардың І республикалық ғылыми жобалар сайысында және т.б. байқауларының жеңімпаздары болып жүргені анық.
Атап айтсақ: Аятай Жания (жетекшісі О.Жиренбаева), Бахыт Гүлжамиля (жетекшісі Н.Тажибекова), Болат Назым (жетекшісі А.Алмасова), Жолдасбекқызы Айзере (жетекшісі Ш.Байменова), Сейтбек Бекболат (жетекшісі Ж.Үсіпбай), Аблаев Даурен (жетекшісі К.Абдурахманова) Диплом мен «ХХІ ғасырдың жас ғалымы» медалімен, «Жас ғалым» дарынды балаларға республикалық ғылыми-танымдық журналы бетіне ғылыми жұмыстарымен шыққан Тұрлыбек Бекмұхаммед, Әсілбай Малика(жетекшісі А.Торбаева) Диплом, Алғыс хат, «Жас ғалым» медалімен марапатталды.

Мектеп оқушыларының білім сапасын жоғары деңгейге жеткізіп, бәсекеге қабілетті, өмір бойы білімін жетілдіруге дайын, шығармашыл ойлай алатын, ұлттық құндылық пен отбасылық тәрбие құндылығын жоғары қоятын, патриоттық рухы берік «Мәңгілік ел» тұлғасын тәрбиелеу – мектептің басты мақсаттарының бірі. «Рухани жаңғыру ұлттық тілімізді ұлықтаудың ұлы күші» атты ұйымдастырлған апталыққа елге белгілі жазушы Әмзе Қалмырзаұлы мен танымал сатирик Мұхтар Шерім арнайы шақыртылып, балалардың әдебиетті жаңа қырынан тани түсуіне мүмкіндік жасалды.
2018-2019 оқу жылында мектеп әкімшілігі мен ата-аналар комитеті мүшелерінің шешімімен домбыра, би, хор үйірмелері ашылып, оқушылардың ақысыз түрде өнермен айналысуына жағдай жасалды. Бұл игі істің нәтижесі өз жемісін беруде. Республикалық «Ұлы дала ұрпағы» өнер мен білім байқауында «Хореграфия» жанры бойынша мектебіміздің өнерлі қыздарынан құралған «Назқоңыр» бишілер тобы бас жүлдеге ие болды. «Болашаққа бағдар рухани жаңғыру» «Жастар» жылы аясында Халықаралық «Қарлығаш» фестивалінде «Қазына» домбырашылар оркестрі бас жүлдеге ие болды.

Мектепте салауатты өмір салтын ұстану мен спортқа деген көзқарас ерекше. Мектеп оқушылары спорт түрлерінен көптеген жарыстарға қатысып жүлделі орындар қатарынан үнемі алда келеді. Өткен оқу жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігіне табысты жыл болды. «Тұлпар мініп ту алған» атты Қобыланды батыр жырынан Ырысбек Алмас шәкіртіміз аудандық байқау бойынша ІІ орын иеленіп, ал «Абай оқулары» байқауынан Абылай Ыбырайұлы вокал жанры бойынша ІІІ орын иегері атанды. Жас ақынымыз Керімбай Нұршат «Фариза оқулары» байқауынан ІІ орын, Қайранова Аида ІІІ орын алса, Жарқын Шұғыла «Мағжан оқулары» байқауында топ жарып, І орынды еншіледі.
«Шын талантқа тұсау жоқ» деген сөз сірә, текке айтылмаса керек. Олай дейтініміз, «Түркі тілдес журналистер қоры» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Жастар елдің болашағы» тақырыбындағы республикалық «Жас журналистер» байқауында біздің мақтанышымыз 5 сынып оқушысы Қуатбек Қобылан үш бірдей номинацияларда («Үздік жүргізуші» номинациясы бойынша І орын, «Үздік мақала» номинациясы бойынша ІІ орын, «Үздік фотосюжет» номинациясы бойынша ІІ орын) жүлделі орындар алды. Әп-сәтте күллі әлемді әбігерге салып қойған «Ковид-19» індеті біздің еліміздің білім саласына да оңай тимеді.

Ұстаздар да, оқушылар да жылдар бойы қалыптасып қалған дағдысынан жаңылды. Қашықтан білім беруге тура келді. Десе де бұл сынақтан біздің мектептің сағы сынған жоқ. Балаларымыз дер кезінде сапалы білім алып жатыр. Мұның өзі жүйелі жұмыстың, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» отырған ұжымның ауызбіршілігін айқындаса керек. …Ұстаз – ұрпақ тәрбиелеп өсіруші, қоғам сенген адам. Ұстаз болу әрі бақыт, әрі абырой. Осы қастерлі мамандықтың қадірін біліп, шәкірттерінің жүрегіне бар асыл қасиеттерін ұялатуды мақсат еткен №130 орта мектеп ұстаздарын мерейлі мерекелерімен құттықтаймын.
«Ұстазы пейілді болса, шәкірті зейінді келер»,- деп халық мақалында айтылғандай, елдің ертеңі – біздің қолымызда екенін ешқашан естен шығармайық. Жалынды мінездері, үкілі үміттері мен тау қопарар қиялдарымен, тәрбиелі де білімді шәкірттеріміз көп болса, еліміздің болашағы да жарқын болады деп сенемін! Мектебіміздің ғұмыры ұзақ, абыройы арта берсін!
Айгүл Маликовна БОЛҒАНОВА,
№130 жалпы білім беретін орта
мектебі директорының тәрбие
жөніндегі орынбасары, Шымкент қаласы