Педагогикалық тренд: Куратордың тәрбие жұмысын үйлестірудегі ерекшеліктер
Дулати Университетінің “Тәлім-1: педагогикалық тренд. Жоғары оқу орындарында қашықтан оқыту жағдайында куратордың тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру ерекшеліктері” тақырыбында республикалық вебинар ұйымдастырылды.

Жиынға республикамыздың түкпір-түкпірінен жоғары оқу орындарында танымал ғалымдары, болашақ педагогтері мен тәлімгерлері, магистрантар мен PhD докторанттары; арнаулы орта және жалпы орта білім беретін мекемелердің басшылары мен жаңашыл ұстаздары қатысты. Іс шараның мақсаты қашықтан оқыту жағдайында жоғары оқу орнында тәрбие жұмысының жаңаша мазмұнын айқындап ашып көрсету. Жиында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, ф.ғ.д. Рахымжан Тұрысбек “әл-Фараби және ұлттық тәрбие құндылықтары” тақырыбына баяндама жасап, ұлы дала кемеңгері әл-Фараби тағылымдарын қашықтан оқыту жағдайында да дәріптеу қажеттілігіне баса назар аудартып, өзінің нақты ұсыныстары мен ой-тұжырымдарымен бөлісті.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, “Педагогика, психология және бастауыш оқыту” кафедрасының меңгерушісі Гульшат Бахтиярованың “Қашықтан оқыту жағдайындағы жоғары оқу орындарында тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру жолдары: инновациялық іс-тәжірибе” баяндамасы көпшілік көңілінен шықты. «Универ» бағдарламасындағы куратордың электронды журналының жоғары оқу орындарындағы тәрбие үдерісін ұйымдастырудағы мүмкіндіктерін ашты.

Әсіресе жас куратор педагогика магистрі Райбек Сағадатов «Welkome to Znubanov:# Podcast» оқушыдан студентке қанат қақты жобасының онлайн таныстырылымы ерекше әсерлі шықты. Республикалық вебинардың «Болашаққа бағдар» айдарында М.Х.Дулати университетінің студенті Ернұр Хаирбековтің интеллектуалды ұлт тәрбиелеу үшін мектептің материалдық-техникалық базасын да әлемдік көрсеткіштер деңгейінде жаңарту қажеттілігін баса назарға ұстанған «Инновациялық мектеп-2030» ғылыми жобасы көпшілікті елең еткізді және педагогикалық қауымдастықтың тарапынан үлкен бағаға ие болды. Жиын соңында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің бастамасы «Тәлім-3: Абай тағылымы» педагогикалық челенджі қара шаңырақ Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіне жолданды.
Клара БУЗАУБАКОВА,
Дулати университетінің білім берудегі
менеджмент кафедрасының меңгерушісі,
п.ғ.д., профессор, Тараз қаласы