Қарағандылық зияткерлер үздіктер қатарында

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «Туған елге тағзым – 2020» өлкетану-зерттеу экспедициясы аясында ұсынылған жобалар мен шығармашылық жұмыстар байқауында жеңіс төрінен көрінді. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің дәстүрлі конкурсы биыл онлайн форматта ұйымдастырылып, алты аталым бойынша 200 жоба мен шығармашылық жұмыс қаралды, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

Қарағандылық Зияткерлік мектептің 7-сынып оқушысы Камила Тазабекова «Өндірістік инновация кепілі – зияткерлік әлеует» номинациясы бойынша үздік жоба авторы деп танылды. Ол әзірлеген Қарағанды өңірінің тарихын тереңірек тануға көмектесетін физикалық есептер жинағы I орынға ие болды. Жоба жетекшісі – физика пәнінің мұғалімі Бахыт Қасымбаева.

– Мен осындай байқауға алғаш рет қатысып отырмын. Бұл байқау өзімізді жобалық жұмыстарда сынап көруге және қабілетімізді байқап көруге жақсы мүмкіндік берді. Оның аясында біз мол тәжірибе алып, туған өлкеміз туралы танымымызды кеңейттік. Мен үшін бұл жеңіс күтпеген әрі қуанышты жаңалық болды. Осы сайысқа қатысуға мүмкіндік берген мектебіме алғысымды білдіргім келеді, – деп бөлісті Камила.

Ал Нариман Ақберген, Сабина Балтина мен Асылхан Онбаевтың командалық жобасы «Ұлт руханияты – бабалар аманаты» номинациясында екінші орынға ие болды. Оқушылар туған қаладағы мозаикалық панно, барельеф пен муралдардың эволюциясын зерттеді. Жоба жетекшілері – информатика мұғалімдері Глеб Давлетгариев пен Әйгерім Әбдікашева.

– Оқушылар жобаны дайындау барысында арнайы әдебиеттер мен мерзімді басылымдарға талдау жасап, Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайының мамандарымен кеңесті. Өз жобаларында олар тек зерттеу және байқампаздық қабілетін емес, сонымен қатар эстетикалық және шығармашылық қасиеттерін көрсете білді. Жоба арқылы олар «Бұл біздің қала, біздің мәдениет және оны сақтау біздің міндет!» деген үндеуді жеткізе алды деп ойлаймын, – дейді Глеб Давлетгарев.

«Туған елге тағзым-2020» өлкетану – зерттеу экспедициясына Қарағандыдағы Зияткерлік мектептің 48 оқушысы 16 мұғалімі қатысты. Олар экспедиция аясында 29 жоба дайындап, оның 10-ы республикалық кезеңге жолдама алған болатын.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий