Зияткерлік мектеп директоры –  “Құрмет”  орденінің кавалері  атанды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Мейрам Жакеновке «Құрмет» орденін табыс етті, – деп хабарлайды “Назарбаев Зияткерлік мектептері” дербес білім беру ұйымының баспасөз қызметі. 

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел алдындағы ерен еңбектері үшін белгілі қазақстандықтарға мемлекеттік наградаларды табыс етті. Марапатталушылардың қатарында – елімізде бірінші ашылған Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Мейрам Әміржанұлы Жакенов бар. Ақордадағы салтанатты рәсімнен соң Мейрам Әміржанұлын   әріптестері құттықтады.

– Мұндай жоғары марапат – «Құрмет» ордені біздің бірінші мектебіміз бен Назарбаев Зияткерлік мектептерінің барлық жүйесі үшін үлкен жетістік, –деді NIS жүйесіндегі оқушылардың, ұстаздардың, ата-аналардың және барша қызметкерлердің атынан құттықтаған  «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова.

Мейрам Жакенов – еліміздің білім саласына еңбегі сіңген қызметкер.  Қарағанды мемлекеттік политехникалық институтының және Ленинград мемлекеттік университетінің түлегі. Дарынды балалармен жұмыс бойынша «Сарыарқа дарыны» облыстық ғылыми-әдістемелік орталығында, Қарағандыдағы дарынды балаларға арналған «Мұрагер» облыстық мектебінде басшылық еткен. Ангола Ұлттық Республикасындағы педагогикалық институтта дәріс берген.

Мейрам Әміржанұлы  Назарбаев Зияткерлік мектептері жүйесінде 2008 жылдан бері қызмет етіп, жүйенің қалыптасып, нығаюына үлкен үлес қосқан білікті басшы. Жаңалыққа құмар, үздіксіз ізденетін ұстаз Кембридж университетінің базасында «Education Leadership and School Improvement» зерттеу тәжірибесінен өткен.  Елордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп Мейрам Әміржанұлы басқарған 12 жыл ішінде оқушылардың, ұстаздардың және де түлектердің көптеген жетістіктерінің нәтижесінде отандық білім берудегі үздік білім ошағына айналды. Мейрам Жакенов – Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ыбырай Алтынсарин медалімен марапатталған ұстаз.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий