Тәуелсіздік күні: Мерекелік бағдарламада тағзым кеші

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Тәуелсіздік күніне орай және жауынгер ақын Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығына арналған «Мен қазақпын» тақырыбында әдеби-музыкалық кеш ұйымдастырылды, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

«Ұлы Дала ақындары» және «Қазақтың 100 әні» жобалары аясында ұйымдастырылған концертке Жұбан ақынның шығармашылығын ерекше құрметтейтін оқушылар мен ұстаздары қатысты. Шара қаламгердің азаматтық тұлғасын таныстыру арқылы оқушыларды егемендікті қадірлеуге, ұлтжандылыққа   тәрбиелеуге бағытталды. Оқушылар халықтың аңсаған арманына қол жеткізген киелі кезең елдің дамуына тигізген әсерін  айтып, сол азаттық туын көтерген ата-бабалардың батылдығы мен рухы туралы сөз етті.

– Тәуелсіз жылдарды аңсап, қойылған шектеулерге өр мінезбен қарсы тұрып, «Мен қазақпын» деп жырлау жауынгерге лайық іс. Жұбан Молдағалиев осы ұранын күллі халықтың бойына сіңірген. Қазірде бұл өлеңді бастаса кез келген жаны қазақ делебесі қозып жалғастыра кететіні рас, – дейді сегізінші сынып оқушысы Алина Шакетова. Биыл ақынның 100 жылдығына байланысты қызылордалық зияткерлер әлеуметтік желіде әдеби эстафета ұйымдастырған болатын. 100 жылдыққа 100 оқырман атсалысқан бұл шарада ақын шығармалары насихатталды. Кеш барысында челлендж белсенділері өз өнерлерін көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Сондай-ақ, ақынның ізін жалғап ақынжанды оқушылар өз туындыларын ұсынып, тындармандарды өнерімен тамсандырды. Ал ұлағатты ұстаздар Тәуелсіздік елімізге не берді, ақын шығармашылығы мен егемендіктің сабақтастығы қандай деген сауалдар төңірегінде ой бөлісіп, тәрбиелік әңгімелер айтты. «Ынтымақты ұран – Тәуелсіздік күні құтты болсын. Еліміз көкбайрағындай қанатын көкке жайып, асқар асулардан көріне берсін», – деп тілегін жеткізді тарих пәнінің мұғалімі Ербол Бихаликов. Мектептің YouTube арнасында ұйымдастырылған концертте «Қазақтың 100 әні» жобасы бойынша патриоттық өлеңдер шырқалып, тындармандар мерекелік көңіл күйге бөленді.

Мерекелік кештің сілтемесі https://www.youtube.com/watch?v=TFWy4vbJjQs

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий