Ынтымағы жарасқан ұлағатты ұстаздар ұжымы
Ұстаз – ұлы тұлға. Мұғалімнің қызметі өте күрделі және көп салалы. Оқушыларға сапалы білім беріп, саналы тәртіпке баулуда педагогтерге ерекше жауапкершілік жүктелген. Ел тағдыры, халық келешегі мектепте берілетін білімнің сапасына байланысты. Мемлекет мүддесін ойлаған мектебіміздің мұғалімдері өрендердің сапалы білім алуына аянбай еңбек етіп жүр.

«Білікті ұстаз – білімді ұрпақ кепілі» демекші, мұнда ұзақ жыл ұстаздық еткен тәжірибелі мамандар жетерлік. Олардың басым бөлігі білім саласындағы үздік жетістігімен танылған жандар Олар әрбір іс-шараларын, әдістемелік оқу құралдарын баспасөз беттеріне жариялап, іс-тәжірибелерімен уақытылы бөлісіп отырады. Бауырлардай болған ұйымшыл ұстаздардың бір-бірінен үйренері көп. Мұғалімдер мен оқушылар сабақ барысында электронды оқулықтар мен ғаламторды тиімді пайдалана отырып, қашықтықтан өткізілетін түрлі білім байқаулары мен ғылыми жобаларға белсене қатысуда.
Мектеп оқушылары республика, облыс, аудан мен қала деңгейіндегі олимпиада, ғылыми жоба, қашықтықтан өткізілетін олимпиада, байқаулар бойынша жүлдегер, жеңімпаз атанып, ұжымның беделін биіктетіп жүр. Былтырғы мектеп бітіруші түлектердің ұлттық бірыңғай тестілеу сынақтарындағы қорытындысы негізінде орташа баллы тоқсан бес пайызды құрап, аудан рейтингісі бойынша бірінші орынға шықты. Мектептегі білім сапасы да уақыт ұзаған сайын жоғарылап келеді. Бұл – білім беру бағытында гимназия ұжымының жеткен жетістігі мен бір шаңырақтың астында еңбек өнімділігін еселеп отырған ұжым қызметкерлердің ауызбіршілігі десек артық емес.

Соның бір дәлелі – Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында мектебіміз облыстық кәсіподақ комитетінің “Ынтымағы жарасқан ұжым” аталымына лайық ретінде табылып, ерекшелік белгімен марапатталды. Аудандық білім бөлімінің басшысы Дастан Нәзікбаев мектеп директоры Берден Игенбайұлы Калмахановты арнайы құттықтап, мәртебелі марапат пен пен естелік сыйлықты табыстады. Бұл білім шаңырағындағы абыройлы асу мектеп ұжымының қажырлы еңбегінің нәтижесі екендігі даусыз. Мақсат-мүддесі ортақ, бірлігі мықты, достығы берік, тілегі бір жандар ортақ мақсатқа жұмылған ұжымдағы барша әріптестерді еңселі еліміздің Тәуелсіздік мерекесімен және мәртебелі марапатымен шын жүректен құттықтаймыз!
Жанерке Айтуғанқызы АЛМАҒАНБЕТОВА,
№80 мектеп гимназияның қазақ тілі пәні
мұғалімі, Қызылорда облысының Қармақшы
ауданындағы Төретам кенті