Отандық мектептерде орыс тілінің оқытылуы

Біз көретін және тәрбиелейтін болашақ қазақстандықтар үш тілде емін-еркін, сауатты сөйлей алатын білімді азаматтар десек, оқыту саласына аса қатты назар аудару керектігі айтпай-ақ белгілі нәрсе. Абайдың «Бір тіл білсең, бір адам, екі тіл білсең, екі адамсың» деген сөзін басшылыққа ала отырып, жан-жақты болу ешқашан артық етпейді және адам тіл білген сайын оның ойлау деңгейі мен дүниетанымы кеңейетіні айқын.

Қазіргі таңда елімізде жетпіс бес пайыз азамат орыс тілінде еркін сөйлей алады екен, алайда, осы тіл қолданушыларының елден көшіп жатуы, аз бала табуынан тілдің қолданылу аясы аздап тарылады деуге негіз бар, бірақ, интернет, баспа материалдарының, ойын-сауық платформаларының тілі орыс десек, әзірге жастарға тілді білу, түсіну артық болмаса керек. Сондықтан, үш тілді саясат, оның ішінде орыс тілінің болашағы жайлы сөз қозғап көрелік. Көп этносты ел болғандықтан, орыс тілін тек орыстар ғана емес, елде тұратын көптеген ұлыстар өз ана тіліндей көреді. Екіншіден, орыс тілінің жағдайына саяси факторлар әсер етпей қоймайды, себебі, солтүстіктегі көрші мемлекетпен тығыз қарым-қатынаста болғандықтан, әзірге бұл тілден түбегейлі алыстау мүмкін болмай тұр.

Үшіншіден, жастардың бәрі қолданатын интернет, әлеуметтік желідегі сапалы контенттер тілі орыс болғандықтан, ал ағылшын тілін білетіндер анағұрлым аз десек, Ресей тілінің қажеттілігі өз-өзінен шыға келеді. Ал, қазіргі қазақ мектептерінде орыс тілі де оқытылады әрі пәннің өзінің бекітілген бағдарламасында қазақ тілінің маңызы, отанға адалдық сынды сипаттар бар. Балалар орыс тілін оқи отырып, мемлекеттік маңызды дүниелер мен өз ана тілдерінің қадірін де түсіне түседі. Оның үстіне, жаңартылған білім беру мазмұнында қазір басымдықты грамматикаға, ережелерге емес, сыни пайымға, критикалық ойлауға беріп отырмыз.  

Қоғамдағы белсенді азаматтардың бастамасымен мемлекеттік тілді қолдауға арналған митинг ұйымдастырылғаны белгілі. Сол кезде орыс тілін қолдаушы азаматтар өз уайымын білдіріп, осы тілдің алдағы болашағына алаңдаушылығын айтқан еді. «Орыс тілі өз күшін жоймауы керек» деді олар. Содан бері біраз уақыт өткенімен, әлі де бұл мәселе маңызын жойған жоқ. Орыс тілі мүлде ығысып, қолданылудан қалу керек, тек қазақ тілі басым болуы қажет дейтіндер де, керісінше ойлайтындар да жетерлік, олардың арасында кейде дау туындап жатады. Алайда, өзім қазақ тілінде оқытатын мектепте орыс тілінен сабақ беретін ұстаз ретінде дәл осы пәннен қауіп төніп тұрмағанына кепілдік беремін. Себебі, жоғарыда атап өткендей, балалар орыс тілінде де тәуелсіз еліміздің ертеңі ретінде ұлтжандылықтың үлгісі бойынша тәлім алады.

Отан алдындағы адалдығын орыс тілінде де оқиды. Бағдарлама жалпы білім беретін мектептерде бірыңғай болғандықтан, барлық жерде солай. Бұл мәселеде тек ұстаздар емес, ата-ана да атсалысып, үйінде қазақ тілінде сөйлеуі қажет. Орыс тілін қажеттілік туғанда қолданып, бала ес біліп, етек жиып, өз ана тілінің қадірін ұққаннан соң, оның қыр-сырын меңгерген соң, ағылшын тілін оқыса, дәстүріне қарсы шықпаса, біз армандаған болашақ қазақстандықтар өмірге келер еді. Әрине, айтуға оңай дерсіз, десек те, бұл айды аспанға шығару емес немесе күнді ұстау емес. Әр баланың бойынан талант таба білу, оны жағу – ұстаздың міндеті, ал ата-ана оны өлтіріп алмауы тиіс.

Орыс тіліне келсек, ол әлемдегі көп тілдің бірі. Пушкин мен Толстойды әлемге танытқан тіл, Абай ақынның «дүниенің кілті» ретінде бағалаған тілі. «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды» деген, тіл білуді адамгершілік өлшемі санаған хәкім Құнанбайлының ұғымтал ұрпағымыз. Ендеше, тіл білудің еш зияны мен қаупі жоқ, керісінше, өзінің тұлғалық қасиетіңді дамытудың төте жолы емес пе?!

Айгүл САРМАНОВА,
С. Қожанов атындағы мектептің
орыс тілі пәні мұғалімі, Түркістан облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий