Ақтаулық оқушылар онлайн – марафон ұйымдастырды
Маңғыстау облысының орталығындағы орта білім беру мектептерінің оқушылары «Жүрегім жомарт» қайырымдылық акциясы аясында онлайн марафон ұйымдастырды. Ерекше марафонға кез келген қазақстандық қатыса алады. Ақтау қаласында алғаш рет ұйымдастырылып отырған қайырымдылық марафонның басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау және тұртыс жағдайы төмен бес отбасыға материалдық көмек көрсету. Марафонға қатысатын ерлер бес шақырым әйелдер үш шақырым жүгіріп өтуі тиіс.
– Қысқы онлайн марафонға қатысу үшін 1500 теңге төлеп, телефоныңызға жүгіру трекерін орнатып алып, белгіленген қашықтықта кез келген жерден жүгіріп өту керек. Жиналған қаражатты ұйымдастырушылар өлкедегі тұрмысы төмен бес отбасыға көмек көрсетуге жұмсайды,- дейді қайырымдылық марафонының бас ұйымдастырушысы, Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Жансұлтан Бүркітбай.
Ерекше марафонды ұйымдастыруға Ақтаудағы сегіз жалпы білім беру мектебінің оқушылары қатысып жатыр. Олар ынталандыру мақсатында қатысушыларға естелік медаль мен ерекше маска сыйламақ. Айта кету керек, «Жүрегім жомарт» акциясы қараша айынан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Осы күнге дейін қатысушылар Сайын Шапағатов және Мұнайлы ауданындағы отбасыға көмек көрсеткен. – Қазіргі кезде көмекке мұқтаж отбасылардың көп екендігін көріп отырмыз. Карантиннің салдарынан жұмыс істеу де оңай емес. Осыны ескере отырып, біз ешкімнен көмек сұрамаудың амалын іздестірдік.
Онлайн марафон өте тиімді шешім деп ойлаймын. Шараны ұйымдастыруда үлкен қолдау білдірген зияткерлік мектеп мұғалімдеріне алғысымыз шексіз, – дейді Білім инновация лицейінің президенті Тимур Скоробогатов. Марафон желтоқсан айының 25-і күні аяқталады. Толық ақпарат алу үшін инстаграм желісіндегі @nisrunclub парақшасына немесе 8 775 378 96 90 номеріне хабарласуға болады.
Рысгүл РАМАЗАНОВА,
Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік
мектебінің баспасөз хатшысы