Кәсіподақтың ұсынысын мәслихат депутаттары қолдады

Бүгінгі таңда кәсіподақтар – еңбек адамының құқықтарын қорғауда, әлеуметтік жағынан қорғалуына және жалақы мәселесін көтеруде ғана емес сол еңбегінің қоғамнан лайықты бағасын алуға да күш салады. «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігі биылғы маусым айында Махамбет ауданының әкімі Жәрдемғали Бахуұлы Ахметовке халық ағарту ісіне зор үлес қосқан ардагер ұстаз Зәру Әтенованы 95 жасқа толуына байланысты марапаттауға ұсыныс берген еді.

Сондай-ақ, республикалық салалық кәсіподақтардың «Ұстаздық еңбек», аудандық «Жайық шұғыласы» газеттерінде осы мәселені көтерілгенде болатын. Жуырда өткен аудандық мәслихаттың кезекті сессиясында халық қалаулылары есімі елге танымал ұстазға «Махамбет ауданының құрметті азаматы» атағын беруге бірауыздан шешім алды. Бұл – Тәуелсіздік күні қарсаңында аудан үшін ғана емес, барша облыс  ұстаздары үшін қуанышты хабар болды. Зәру апайымыздың жасөспірім шағы аштыққа, бойжеткен шағы зұлмат соғысқа тап болған, барлық саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған жан.

Ұлы Отан соғысына дейін мектепте алған білімімен ауылдық жерде сауатсыздықты жоюға белсене араласып, кейін 1942 жылы Жалғансай, 1964 жылы Есбол орта мектептерінде ұстаздық етті. «Қазақ ССР-і білім беру ісінің үздігі», «Тыл ардагері», «Еңбек ардагері», Ұлы Жеңістің көптеген мерейтойлық медальдерінің және мақтау қағаздардың иегері. «Алты алаштың басы қосылса төр – мұғалімдікі» деп ұлы ақын Мағжан айтқандай, ардақты ұстаз З.Әтенованың ерен еңбегін лайықты бағалаған Махамбет ауданы әкімшілігі мен мәслихатының барша еңбек адамына берген үлкен бағасы. Бұл сәтте педагогтарды мұңын жоқтап, жоғын түгендеп жүрген Атырау облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының (төрағасы Қылышбай Сүндетұлы) игілікті жұмысын айрықша атап айтқан абзал. 

Сандуғаш ҚАПСИХОВА,
Атырау облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий