Тәуелсіздік тұғырлы тірегіміз!
Күллі ғасырлар толқынында еліміздің арман, тілегін аспандатқан, абыроймен жүзеге асқан тәуелсіздігімізге жиырма тоғыз жыл. Қандай ұлт болмасын бостандықтан асқан бақыт жоқ. Ешкім таласа алмайтын тасқа жазылған тарихымызда қазақ халқы үнемі еркіндікті, бостандықты іздеп, ата-мекенді сақтап қалуда қаншама қанды соғыстарды бастан кешті.
Ғасырлар бойы азаттықты аңсаған қазақ халқы тәуелсіздікке жету үшін азапты да ауыр жолдардан өтті. Күні кеше жер мен көктің арасында күркіреп өткен көшпендінің тағдыры талқыға түсіп, тәуелсіздігіміз тас бұғауда бұлқынды. Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібектің, берісі Алаш зиялылары мен кешегі Желтоқсан құрбандарының асқақ арманы орындалып, Қазақстан төрт тарап мойындаған, төрт құбыласы тең елге айналды.
«Тірі болсақ алдымызда үлкен той. Алаш баласы бұл жолы болмаса жақын арада өз тізгіні өзінде, бөлек мемлекет болар.» – деп ұлы бабамыз Әлихан Бөкейхан айтқандай, халқымыз бүгін тәуелсіз ел болып, экономикасы мен мәдениетін өркендетуге күш салып, ғылымы мен білімін дамытып отырған мемлекет. Біз тәуелсіз, азат елміз! Мәңгілік елміз! Тәуелсіздік- басты тірегіміз!
Эльмира Мырзаханқызы ТУРСЫНБАЕВА,
№91 жалпы білім беретін мектептің тарих пәні
мұғалімі, Алматы қаласының Алатау ауданы