Тәуелсіздік мерекесіндегі қос ұстаздың жемісті жетістігі

Тәуелсіздік мерекесіне орай аймақ жетекшісі Әбілқайыр Сқақов «Павлодар облысы білім саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгімен және ақшадай сыйақымен ұстаздарды марапаттау рәсімін қашықтықтан өткізді. Біздің аудан бойынша 17 мұғалім онлайн база арқылы өтініштерін тіркеп, талаптарға сай құжаттарын тапсырған болатын.

Комиссия мүшелерінің шешімі бойынша жергілікті №2 Майқайың жалпы орта білім беру мектебінің физика пәнінің мұғалімі Уахитова Елена мен З.Ақышев атындағы жалпы орта білім беру мектебінің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Бәтенова Меруерт іріктеуден өтті. Елена Ивановнаның басшылығымен шығдалған шәкірттер бірнеше жыл қатарынан түрлі байқаулар мен олимпиадаларда жүлделі орындарды иеленген еді. Былтырғы физика пәні бойынша республикалық ғылыми жобалар байқауында 11-сынып оқушысы Капаров Нияз бірінші дәрежелі дипломмен марапатталып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті.

Ұлағатты ұстаз сонымен қатар оқушыларды роботты техника әлеміне белсенді баули білетіндігімен ерекшеленеді. Әділ Қапаров, Айым Уахитова, Никита Гребенюк, Жанель Кенжебекова, Камила Серікова осы бағыттағы түрлі сайыстарда топ жарып жүр. 2019 жылы Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды.

Меруерт Тұрсынқызы 2016 жылы елордасындағы Білім беру әдістемелік орталығы ұйымдастырған «Ғажайып қиял әлемі» байқауында балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, сәндік қолданбалы өнерге баулығаны үшін Алғыс хатпен марапатталды. «Platon» Халықаралық білім беру орталығы өткізген «Моншақтар әлемі» атты республикалық қолөнер байқауына қатысып, оқушылармен нәтижелі жұмыс жүргізгені үшін мадақтама иеленді. Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырына арналған облыстық білім беру қызметкерлерінің «Менің Қазақстаным» атты ХІ облыстық шығармашылық байқауында екінші дәрежелі диплом табысталды. Астана қаласындағы «Шабыт» білім беру-әдістемелік орталығы «Көктемнің алғашқы мерекесі» тақырыбындағы республикалық интернет байқауының жүлдегерлерін жоғары дәрежеде дайындағаны үшін өзі мен оқушысы Нұрай Шайқыбекова арнайы димломға қол жеткізді.

«Шабыт» білім беру-әдістемелік орталығы «Күз бояуы» атты сырттай ұйымдастырған республикалық байқауына қатысқанын растайтын сертификатты Алтынай Балмұрат пен Олжабай Данеля алды. 2018 жылы бейнелеу өнерінен білім беру қызметкерлері арасында өткізілген «Менің Қазақстаным» атты ХІІІ облыстық шығармашылық сайыстың екінші дәрежелі  Диплом жүлдегері атанса, былтыр Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасына арналған «Мәңгілік ел-Қазақстаным», «Жұлдызды талант» халықаралық байқауында білім алушы дарынды балаларды көрмеге дайындағаны үшін Мадақтамамен, 9-сынып оқушысы Алтынай  Болат бірінші дәрежелі дипломға қоса төсбелгімен марапатталды.

 

Биыл еліміздің рухани және әлеуметтік дамуы жолында білім беру жүйесін дамытуға және білім беру  сапасын арттыруға қосқан үлесі үшін Білім және ғылым министірлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Облыстағы «Білім беруді және тәрбиелеуді дамытудың инновациялық орталығы ұйымдастырған «Үздік авторлық бағдарлама» республикалық  конкурсы облыстық  және республикалық кезеңіне қатысып, үшінші дәрежелі Дипломын жеңіп алды. Халықаралық «ЮНЕСКО» орталығы ұйымдастырған «Ақбота» облыстық балалар бейнелеу шығармашылығы байқауына жеңімпаз дайындағаны үшін кезекті Дипломмен марапатталды.

Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт пен бағдар беруде ұстаздардың еңбегі зор. Ұстаздар мерейі үстем. Қос мұғалім де осы марапатқа сай. Сіздерді жемісті жетістіктеріңізбен шын жүректен құттықтап, мықты денсаулық пен отбасылық бақыт және толағай табыстар тілейміз. Мақтан тұтар шәкірттеріңіз көп болсын!

Мәншүк Тынысқызы ШУМАҚОВА,
білім бөлімнің әдіскері, Павлодар
облысының Баянауыл ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий