Тәуелсіздіктің тұғыры биік!
Біздің білім ордасында «Тәуелсіздік тұғыры» атты қазақ тілі мен әдебиеті каферасының онлайн онкүндігі ұйымдастырылды. Басты мақаст – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру; тәуелсіздігіміздің тұғырын биік ұстау; жас ұрпақты ұлжандылыққа тәрбиелеу.

Шараға ұстаздар мен оқушылар белсене қатысып, азаттық туралы жыр шумақтары оқылды. Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай жас маман, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мусымжан Бауыржанқызы «Көзімнің қарасы» әнін нақышына келтіре орындап берді. Отандық педагогтер қауымы пандемияға байланысты сақтық шараларын қатаң сақтау арқылы компьютерік технологияларды тиімді қолданудың негізінде қашықтықтағы ашық сабақтарды ұтымды үйлестіруде.
Осы орайда қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының жетекшісі Л.Епекова «Онлайн оқытуда бағалаудың әдіс-тәсілдері» тақырыбында коучинг-семинар ұйымдастырды. Жүздесу барысында кәсіби мамандар тәжірибе алмасып, онлайн оқытудағы бағалаудың тиімді әдіс-тәсілдері туралы ойларымен бөлісті. Мектеп кітапханасында «Тәуелсіздік төрімде» атты тақырыпта онлайн көрме ұйымдастырылып, осы тақырыпта жазылған кітаптарға қоса маңызды мақалалар топтамалары насихатталды.

1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне қатысқан Мұстафина Гүлмирамен «Тәуелсіздіктің тұғыры» атты онлайн кездесу ұйымдастырды. Бұл кездесуде оқушылар Ләззат, Қайрат сынды қайсар жастардың ерлігінен бастау алған тәуелсіздік туралы өлеңдерді оқыды. Гүлмира Баятқызы әлемді дүр сілкіндірген оқиғадан естеліктер айтып, оқушылардың сұрақтарына жауап берді. Түрлі болжам пікірлерге қатысты жеке пайымын жеткізді. Кейінгі буын өкілдеріне ғасырлар бойы ата-бабаларымыз аңсаған еркіндіктің оңайлықпен келмегендігін еске салып, тәуелсіздіктің тұғырын биіктете беруге шақырды.
Нәтижесінде өрендерді отансүйгіштікке баулып, рухын көтеретін салиқалы сұхбат жасалды. Жиналғандар көкейдеге көп сауалға жауап тауып, тарихи оқиғаның ортасында болғандай әсер алды. Кездесу барысында мектеп директоры Медетбекова Айсұлу Темірғалиқызы сөз сөйлеп, онлайн кездесуді ұйымдастырушылар мен қадірменді қонаққа алғысын жеткізді. Тәуелсіздік мерекесімен баршаны шын жүректен құттықтаған ұстаздар ұжымының жетекшісі бұл жүздесудің өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеудегі маңызы зор болғанын айрықша атап айтты. Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жаужүрек ұландардың қайсарлығы ешқашан ұмытылмайтындығы даусыз. Ұлтымыздың бостандығы жолында күрескен аға буын өкілдерінің қайраткерлік қызметі бүгінгі ұл-қыздар үшін өшпес өнеге.

Гүлнұр Алпысбайқызы ҚАЙЫПОВА,
М.Мәметова атындағы №28 мектеп лицейдің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, Алматы
қаласының Медеу ауданы