Біз – тәуелсіздіктің ұландарымыз

Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! 1991 жылғы желтоқсан айының 16-ы күні Қазақстан тарихының жаңа дәуірі басталды. Бізге даму мен жасампаздықтың жаңа мүмкіндіктері туды. Мемлекетіміз халықаралық деңгейде мойындалып, тиімді басқару жүйесі мен қуатты экономика құрды, – деді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев барша отандастарымызға арнауында.

Тәуелсіздік! Қандай киелі сөз. Осы бір құдіретті сөздің тереңіне көз жіберіп, ой елегінен өткізсек, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы асыл арманы, азаттық жолында құрбан болған талай боздақтардың ұрпақтарына қалдырған аманаты екені сөзсіз. Түп шежіресі сонау ежелгі түркіден бастау алатын қазақ халқы өзінің жер бетінен жойылмай, іргелі ел, жоралы жұрт, салиқалы салтын сақтап қалғаны – оның еркіндіксүйгіш жігерінің, асқақ рухының арқасы. Ұшқан құстың қанаты талатын осынау кең даланы біздің ата-бабамыз ғасырлар бойы ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап келді.

Бұл далада халқымыз үш ғасырдай бостандық пен еркіндік жолында соғысты. Тарихқа жүгінсек, ежелден қазақ халқы өздігінен ешқандай соғыс ашпаған, қашанда бейбітшілікті ту етіп ұстаған бейбіт халық болған. Дүние жүзіндегі халықтардың ортақ ойы, арманы – бостандық, тәуелсіздік. Саяси және эконоикалық даму бағытында дербестікке қолы жеткен қазақ халқы шұрайлы ана тілімізбен қайта қауышты. Елімізді мекендейтін жүзге жуық этнос өкілдерінің ұлттық құндылықтарымызға көзқарасы өзгерді.

Мемлекеттік тілдің дәрежесін биіктету арқылы баршаға ортақ қажеттілік үшін қолданыс аясын кеңейту еліміздің баянды болашағына нық сенетін әрбір азаматтың парасатты борыш. Жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу мақсатында жергілікті филиал басшылығының қолдауымен он алтыншы ауысым үшін «Біз – Тәуелсіздік ұландарымыз» жас патриоттардың кездесуі ұйымдастырылды. «Балдәурен» орталығына келген балаларға орталық қызметкерлерінің басты мақсаты – көтеріңкі көңіл-күй, салауатты сауықтыру сыйлау болатын.

Ауысымдағы балалар сахна мәдениетін үйрену, топқа ұжымдастыру мақсатындағы «Елім менің аңсаған…» атты топ визиткасын қорғау кешіне жиналды. Демалушы оқушылардың танымдық білімдерін кеңейту мақсатындағы «Туған өлкеге тағзым. Жерұйық мекен» Жетісу өңірімен танысу кеші ұйымдастырылып, жастар жергілікті аймақтың тағылымға толы терең тарихымен танысты. Осы жылы біздің іргелі ұжымда есте қалардай көптеген қызықтар орын алды. Биыл балалардың арман аралына айналған оқу сауықтыру орталығына он сегіз жыл.

«Балдәурендегі» биылғы барлық бақытты сәттерді тізбектей келе, «Рахмет саған, 2020» жылды қорытындылау концерті болып, жыл бойы жасалған игі жұмыстар сарапқа салынды. Балаларға салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «Олимпия» спорттық мерекесі ұйымдастырылды. Орталық демалушылары қозғалыстағы спорт түрлерінен және үстел үсті ойындарынан сынға түсті. 2020 жылдың қорытындысы сынды ең ерекше әрі ауқымды көлемдегі ауысымның тәуелсіздік мерекесі мен елжандылық тәрбиесіне арналуының ерекше мәні мен маңызы бар.

Тәуелсіздік – байырғы бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап, қазіргі ұрпақтың қолы жеткен үлкен бақытымыз. Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз. Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс. Төгілген қанның, өлмеген жігердің отымен келген ұлы күн.

Гүлнар ҚҰЛЖАНОВА,
“Балдәурен” республикалық оқу сауықтыру
орталығы әдістемелік бөлім меңгерушісі,
Алматы облысының Қапшағай қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий