Қазақтың дәстүрлі ән өнері

Ұлтымыздың ерекше ән өнері – көне заманнан бері қалыптасқан бай қазынасы, фольклордың музыкалық саласының бір тармағын құрайды. Фольклор деген сөз «халық даналығы, халық білімі, халықтың ауызша шығарған туындылары» деген мағынаны білдіреді. Халқымыздың мерей тұтып, мақтаныш етер асыл мұрасы, рухани жәдігерлері ішінде замана сүзгісінен өтіп, бүгінгі күнге дейін жеткен «ән қазынасы» қашаннан дәстүрлі өнердің қаймағы саналады.

Дәстүрлі ән үлгілері ғұрыптық әндер, халық әндері, кәсіби халық шығармалары болып, ғасырлар бойы әсем әуезбен әрдайым әспеттеліп, әуелей шырқалып келеді. Халқымыздың тарихында небір бұлбұл әншілер өмір сүріп, өз аспаптарының сүйемелдеуімен туған елінің өткені мен бүгінгі тұрмысын жырлайтын, оның арман қиялын көрсететін тамаша эпопеялар, көрнекті туындылар жасады. Қазақ халқының дәстүрлі әні де озық ойлы, өнерпаз өкілдерінің қалдырған үлгі-өнегесінің арқасында сақталып келді.

Дәстүрлі әннің біртұтас қалыптасқан жүйесін арқадағы Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Мәди, Естай сынды әрқайсысы өз алдына ән өнерінің ғажайып үлгілері Шығыста Ақылбайдан бастап, Жәнібек Кәрменовке дейінгі аралықта бір-бірімен тұсымды тұтасқан сан мақамды ән мектебі, Батыста Мұхиттан өрбіп, бүгінгі Қатимолла Бердіғалиев пен Айгүл Қосанова секілді дүлдүлдер легіне келіп жалғасатын дауылпаздар құрайды. Рухани мұраны халыққа инновациялық технология арқылы ұсынып – ел ішінде сақталған кәусар дүниелерді жоғалтпай, ел-жұрттың мұратты игілігіне айналдыру басты мақсатымыз.

Бүгінгі күні қазақтың қанына сіңген, өмірімен біте қайнасып, бірге жасасып келе жатқан халық әндерінің жаңа технологиялары пайда болуда, бұл үлкен қуаныш келешек ұрпаққа әндерді үйретуге үлкен септігін тигізеді. Өскелең ұрпаққа үйретілген әндер атадан балаға мұра болып, ұрпақтан – ұрпаққа жалғасу арқылы дәстүріміз еш уақытта өшпейді деген ниеттеміз. «Музыка» пәні адам өмірінің бөлігі ретінде оқушыларда музыкаға деген құндылықтық қарым-қатынастың қалыптасуына, музыкалық, шығармашылық дағдыларды дамытуға, әлемдік музыкалық бейнелерді меңгеруге бағытталған.

«Музыка» пәнімен пәнаралық байланыс әннің идеялық-көркемдік және эстетикалық маңызын, ұлттық әуеннің қазіргі әндермен ұқсастықтары мен айырмашылықтарын, көркемдік ерекшеліктерін түсінуге мүмкіндік береді. Бұрын сабақ дәстүрлі түрде тек белгіленген  жоспарға сай өткізіліп отырса, бүгінгі таңда мұғалімдерден оқыту процесін ұйымдастыруда жан-жақты біліктілікті, оқытудың педагогикалық жаңа әдіс-тәсілдері мен дәстүрлі емес нысандарын пайдалану талап етіледі.

Музыкадан арнаулы мамандық сыныбы бойынша оқу-тәрбие жұмысының басты мақсаты мен міндеті – өзінің оқушыларына музыкалық білім беріп, олардың эстетикалық талғамын тәрбиелеу, сонымен қатар дүние жүзінің музыка мәдениетімен таныстыра отырып, болашақта кәсіби өнер жолына баулу болып табылады. Сондықтан қазіргі заманымыздың  талабына байланысты дәстүрлі әндер бұған дейін қолданыста болған Жүсіпбек Елебеков бастаған әдістемені жетілдіру үстінде. Бұрындары  ауызша түрде нотаға жүгінбей, әуенді тыңдау арқылы жүзеге асырылса, қазір  жаңа технологиялармен үйлестіріліп, жаңа әдістермен толығуда.

Қазақтың дәстүрлі ән өнері ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа, атадан балаға мирас болып, бүгінгі күнге дейін өзінің сабақтастығын тауып келе жатыр. Ауызекі түрде сақталып келген әншілік дәстүр халық өнері мен музыкасын, ауыз әдебиетін насихаттауға зор үлес қосқан Ілияс Омаровтың тікелей қолдауымен Алматыдағы екі жылдық эстрада-цирк өнер студиясы жанынан майталман әншілер Жүсіпбек Елебеков пен Ғарифолла Құрманғалиевтің ән сыныптары ашылып, осы кезден бастап арнайы оқу орнында оқыту қолға алына бастады.

1987 жылдан Алматы мемлекеттік консерваториясы қабырғасынан «Халық әні» бөлімі ретінде ашылып, кейіннен өз алдына кафедра болды. Сонымен қатар қазіргі таңда елордасындағы Қазақ Өнер университетінде «Халық әні» мамандығы бойынша арнайы оқытылуда. Бір жағымдысы халық әні музыкалық мектептерде де енгізіліп балаларға оқытылып жатыр. Бұл біздер үшін үлкен қуаныш, ән өнері шарықтап,  ұрпақтарға сабақтастықпен жалғасын тауып, өнеріміз өрлей берсін.

Назира Оразқызы БЕЙСЕНОВА,
№ 2 Балалар музыка мектебі – ЮНЕСКО
Клубының дәстүрлі ән сыныбының
оқытушысы, Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий