Қосымша білім: Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту

Қосымша білім берудің басты мақсаты – шығармашыл тұлға қалыптастыру. Тәуелсіз мемлекетіміздің ең басты мұраты өркениетті елдер қатарына көтерілу болса, ал өркениетке жетуде жан-жақты дамыған, рухани бай тұлғаның алатын орны ерекше. Осы орайда, оқушының танымдық, шығармашылық қабілетін дамыту – мұғалімдер алдында тұрған міндеттердің бірі. Оқушының шығармашылық қабілетін ашу, оны алға қарай дамыту үшін жоспарлы істің мақсаты мен міндетін айқындап алу қажет.

Мақсат – оқушылардың іскерлігі мен дағдыларын қалыптастыра отырып, шығармашылық жұмысқа баулу, ой-өрісінің дамуына мүмкіндік тудыру. Міндет – оқушылардың шығармашылылық қабілетін жан-жақты дамыту, ғылыми- зерттеу дағдыларын қалыптастыру. Алға қойған мақсат пен міндетті орындау үшін оқушы жастардың танымдық, шығармашылық әлеуетін жан-жақты өсіруге ден қою қажет. Шығармашылық дегеніміз оқушының белсенділігі мен дербес іс-әрекетінің ең жоғарғы түрі. Қосымша білім беру мекемесі әр оқушыға еркін шығармашылық жолын таңдауға мүмкіндік береді.

Қазіргі замандағы қосымша білім беру ұстаздар қауымының алдындағы үлкен мақсат: өмірдің барлық саласындағы белсенді, шығармашылық іс-әрекетіне қабілетті, еркін және жан-жақты жетілген тұлға тәрбиелеу. «Шығармашылық»  сөзінің төркіні этимологиясы «шығару», «ойлап табу» дегенге келіп саяды. Демек жаңа нәрсе ойлап табу, сол арқылы жетістікке қол жеткізу деп түсіну керек. Философиялық сөздікте «шығармашылық қайталанбайтын тарихи-қоғамдық мәні бар, жоғары сападағы жаңалық ашатын іс-әрекет»,- деп түсіндіріледі. Шығармашылық – өте күрделі психологиялық процесс. Ол іс-әрекеттің түрі болғандықтан, тек адамға ғана тән.

Ұзақ жылдар бойы «шығармашылық барлық адамның қолынан келе бермейді» деп қарастырылып келсе, қазіргі ғылым жетістіктері қабілеттің мұндай дәрежесіне белгілі бір шарттар орындалған жағдайда, кез келген баланы көтеруге болатындығы жайлы көп айтуда. Шығармашылық қабілетті тәрбиелеудің алғы шарттары: шығармашылық қабілетінің деңгейін анықтау (топтау, бақылау, қалыптастыру); қызығушылық және шығармашылық пен таным белсенділігін арттыру; оқушы мүмкіншілігіне (потенциалына) сай шығармашылық тапсырмаларды әдістемелік тұрғыда жүйелі түрде орындату.

Және шығармашылық қабілетін тәрбиелеу барысында кездесетін қиындықтар мен қарама- қайшылықтарды есепке алу; оқушының шығармашылық қабілеттерін тәрбиелеуді кезең бойынша сатылап дамыту; шығармашылық қабілеттерді тәрбиелеу үрдісін тәжірибе негізінде жинақтап, зерттеліп отырған мәселенің өсу динамикасын зерделеу; мұғалім өз ісіне ізденімпаздықпен қарап, сабақты шығармашылықпен өткізу. Осы мәселелер өз шешімін тапса, жан-жақты дамыған тұлғаны тәрбиелеу ісі өз мақсатына жетеді. Сондай-ақ, оқушы шығармашылығын дамытуға негізделген әдіс – тәсілдерді тек сабақта ғана емес, сыныптан тыс жұмыстарда үнемі қолданып отырса, сонда ғана көздеген нәтижеге қол жетері сөзсіз.

Шығармашылық тұлға бойында батылдық, еркіндік, ұшқырлық, сезімталдық сияқты қасиеттермен қатар ерекше ой қызметтері, қайшылықтарды түсіну, заңдылықтарды анықтау, шығармашылыққа деген құштарлық болуы керек. Оқыту сабақтарының шығармашылық сипаты оқушының танымдық белсенділігін оятып, шығармашылық қабілеттерінің дамуына, тәртіптілік пен жолдастыққа,  адамгершілік қасиеттеріне ісер етеді. Оқушының шығармашылық қабілеті тәжірибелік әрекеттері, ізденімпаздығы арқылы дамиды.

Шығармашылыққа үйрететін сабақтар жаңа технологияларды қолдану болып табылады. Шығармашылық қан түйіршектерін жіпке тізгендей еңбек етуді қажет етеді, осыны балаға ерте бастан ұқтыру керек. Қорыта айтқанда, жаңа технологиялардың әдіс-тәсілдерін сабақта және сыныптан тыс жұмыстарда үнемі түрлендіріп, тиімді пайдалану, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытудың бірден-бір жолы. Соның негізінде ғана тіл байлығы мол, сауатты да шығармашыл, елінің ертеңін ойлар жас жеткіншектерді тәрбиелей аламыз.

Айгүл Есентайқызы ЗАЙНУЛЛИНОВА,
№2 Балалар музыка мектебі – ЮНЕСКО
Клубының домбыра сыныбының
оқытушысы, Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий