Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мектебінде домбыра сыныбы ашылды

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне орай біздің Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы жалпы орта білім беру мектебінде  қазақтың ұлттық аспаптарын меңгерту, балалардың бойында халық шығармашылығына деген сүйіспеншілікті ояту мақсатында домбыра сыныбының ашылу салтанаты ұйымдастырылды.

Рәсімге Баянауыл аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрлан Мұхамедиярұлы Сейітов пен кәсіподақ ұйымының жетекшісі Айнагүл Жанатқызы Нығметова қатысты. Домбыра сыныбының тұсаукесерін білім бөлімінің басшысы Нұрлан Мұхамедиярұлы мен Баянауыл ауданының құрметті азаматы, ауылымыздың айтыскер ақыны Жұмкен Арқалыұлы кесті.

Оқушылардан құралған оркестрдің орындауында халық күйі «Жастар биі» орындалды. Құттықтау сөз айтылып, шашу шашылды. Жұмкен ағамыз арнауын айтып мерекенің шырайын кіргізді. Үйірме жетекшісі Астана қаласындағы өнер академиясын тәмамдаған ұстаз Бақытжан Төлегенұлы Ахметовтың орындауында Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әні орындалды.

Білім ордасын осыдан отыз жыл бұрын тәмамдаған жергілікті түлектер «Мектебімізге тағзым» акциясы аясында осы сыныптың ашылуына демеуші болды. Білім саласының ілгері дамуына серпін беріп, ұйымшыл ұстаздар ұжымы мен оқушы жастарға сый-сияпат көрсеткен Баянауыл аудандық білім бөлімінің кәсіподақ ұйымының басшылығы мен бұрынғы түлектерге баянды бақыт және еңбектеріне толағай табыс тілейміз!

Гүлнәр Нұриденқызы НҰРИДЕНОВА,
мектеп директорының тәрбие ісі
жөніндегі орынбасары, Павлодар облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий