Бала тәрбиесіндегі өзге елдердің ұстанатын дәстүрлері мен тәсілдері

 «Әр елдің салты басқа…» демекші, әр халық баласын өзінше тәрбиелейді. Барлық отбасында балаға ата-анасы үлгі болуға тырысады. Қазақ қоғамында да көбіміз жастайымыздан әкеміздің қас-қабағына қарайтынбыз. Аналарымыздың «әкелерің келе жатыр», «әкелерің шаршап отыр, мазасын алмаңдар» деген сияқты сөздермен өстік. Әкелеріміз отбасын асыраушы қызметін атқарса, аналарымыз ошақ басында, бала тәрбиесімен айналысқан.

Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы алтын ұясы. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақал тектен тек айтылмаса керек. Сол себепті бала тәрбиесі ешқашан салғырт қарауды көтермейтін, аса бір күрделі де маңызды іс. Адамды адамдық қалыпқа келтіретін де, аздырып, тоздыратын да тәрбие жұмысы. Балаға жас кезінде әсер ететін құбылыстар әр түрлі болғанмен оларды тәрбиелеуші – ата-ана. Сонымен қатар, бала тәрбиесі ұлт таңдамайды. Тәрбие барлық ұлтқа бірдей қызмет етеді. Жоғарыда көрсетіп өткендей, әр халық баласын өзінше тәрбиелейді және әр ұлттың бала тәрбиесінде бір-біріне ұқсай бермейтін ерекшеліктері болады. Сондай-ақ әр елде бала тәрбиесіндегі тәсілдер әрқилы болғанмен, барлық балаға қажеттіліктер бірдей. Олар: туған отбасы, ұядай жылы үйі, ата-анасының шексіз қамқорлығы, махаббаты мен сүйспеншілігі және тағы да басқалар. Сонымен бірнеше халықтың бала тәрбиесіндегі тәсілдеріне тоқталып өтсек.

Жапон халқының бала тәрбиесі. Жапондар бала тәрбиесіне аса мән беретін халықтың бірі. Олар «балаңды бес жасқа дейiн патшаңдай күт, он бес жасқа дейiн құлыңдай жұмса, ал он бестен кейiн досыңдай сырлас» деген тәрбие негізін берік ұстанады. Жапондар бала тәрбиелеуде «ұл» не «қыз» деп бөлмейді. Екеуін де қазақ халқы сияқты еркелетіп өсіреді. Күншығыс елі мен қазақ халқының ұлттық тәрбиесіндегі бір ұқсастық – ер баланы ел қорғаны, қыз баланы келешек отбасы ұйытқысы болуға баулу.

Қатаң қағидалар негiзiнде өскен жапон баласы он бес жастан кейiн тәртiптi, оң-солын таныған, жақсы мен жаманды айыра алатын толыққанды азамат саналады. “Патша” болып еркiн өскен бала 5-6 жасынан бастап, тастай темiр тәртiпке бағынатын “қиын” күндерге тап болады. Егер бұл тәртiпке бағынбаса, қатаң жазаланады. Жапон баласы үшiн ең үлкен жаза – жалғыз қалу. Отбасы мүшелерiнен бөлек бөлмеде жалғыз отырудан асқан азап болмайтынын сәби күнiнен санасына сiңiрген бала, сол жазаға ұшырап қалмауға күш салады. Көпшiлiктен, қоғамнан тыс өмiр сүру түсiнiгi жапондардың ортасында кешiрiлмес күнәмен тең.

Кәріс халқының бала тәрбиесі. Кәріс ұлты балалардың өмірінің басталуын, оның бір жасқа толу жасымен есептейді. Осы кезден бастап қана бала толыққанды адам болып есептеледі. Балалардың әрқайсысының бір жасқа толуын міндетті түрде атап өту керек, егер атап өтілмесе, онда ержеткенде баланың үйлену тойын, мерейтойын және қуанышты сәттерін атап өтуге болмайды. Сондықтан да ата-аналар балаларының бір жасын ерекше атап өтуге тырысады. Кәріс халқы үшін басты мақсат – бала тәрбиесіндегі сөз бен істің адалдығы, мақсатқа жету жолында табандылық пен төзімділікке баулу.

Америка құрама штатындағы бала тәрбиесі. АҚШ-та бала тәрбиесі «әрбір бала өз бетінше өмір сүріп үйрене алу керек» деген ұстанымға негізделген. Көбіне ата-аналар балаларының талап-тілегін бірінші орынға қояды. Жылдам орындауға тырысады. Ал бұзықтық жасаған балаларын екі түрлі тәсілмен жазалайды. Бірінші тәсілі – ойыншықтарын алып қойып, теледидар көруден шектеу болса, екінші тәсілі – орындыққа отырып өзінің қате жасаған іс-әрекеті жайында ойлану. АҚШ-та отбасында баланы ұру қатаң түрде заңмен қудаланады.

Қытай халқының бала тәрбиесі. Қытайлықтар балаларын кішкентайынан төзімді, сабырлы және қанағатшыл болуға тәрбиелейді. Аспан асты елінде тәрбиенің дәстүрлі стильдері еуропалық тәрбиеден мүлде өзгеше. Бала тәрбиесі мемлекеттік маңызы бар шаруа саналады. Қытай елінде елде бала санына шектеу болғандықтан, жақсы тәрбие беруге тырысады. Дегенмен көп қытайлықтар отбасы жағдайларына байланысты балаларын ерте жастан-ақ бөбекжайларға береді.

Еврей халқының бала тәрбиесі. Еврей халқының отбасында бала тәрбиесі қатаң бақылауда болады. Тәрбие беруде өзіндік ұстанымдары да бар. Мәселен, баланың әлжуаз, көп шағым айтуына жол бермейді. Баланың көзінше ақша туралы сөйлеуге де болмайды. Себебі, бала танымында маңызды дүние ақша қалыптасып, адамдық қасиеттерден алшақтай түседі деп топшылайды. Еврей отбасында жұбайлар бір-біріне ерекше құрметпен қарайды. Ата-ана арасында сыйлы қатынас болса, бала өзін батыл сезінеді екен. Олар баланы үнемі мақтап жүреді. Бұл оның туыла салғанынан басталады. Тіпті, оның ең бірінші салған түкке тұрғысыз суреті үшін де мақтап отырады. Кез келген жетістігін барлық туыстарына, достарына хабарлайды.

Үндістандағы бала тәрбиесі. Үндістер балаларын қатаң ұстайды. Оларда ата-ана мен бала арасындағы достық қарым-қатынасты өте сирек кездестіресіз. Балалар кішкентай кезінен бастап ата-анасының таңдауына, қалауына мойынсұнып өседі. Сондықтан, ержеткенде немесе бойжеткенде ата-анасы кімді қалайды, сол адаммен бас қосып, отбасын құрады.

Испаниядағы бала тәрбиесі. Испандар баланы ешуақытта қараусыз қалдырмайды. Үйде жалғыз тастамайды. 12 жасқа дейін баланы мектепке ертіп апарып, ертіп алып қайтады. Баланың танымы кең болып, мансап жолында ірі жетістерге жету жолдарын кішкентайынан құлағына құйып өсіреді. Балаларын өзгелермен салыстырып қарамайды. Отбасын, ұлттық құндылықтар мен үлкендерді сыйлауға баулиды.

Швециядағы бала тәрбиесі. Швед отбасында балаға сәби кезінен жеке тұлға ретінде қарап, еркін тәрбиелеуге тырысады. Балаларды ұрып-соғуға тыйым салынған. Тіпті оны қылмыс ретінде санайды. Сондықтан, әрбір шведтік бала ата-анасы өзіне қол жұмсаса, полицияға хабарлауға құқылы. Мұндай кезде ата-аналарға әкімшілік тарапынан жаза қолданылады. Естімеген елде көп деген осы ау шамасы.

Германиядағы бала тәрбиесі. Германия – тәртіптің елі. Бала тәрбиесінде де бірінші орынға тәртіпті қояды. Ал ата-аналар үшін басты орында – жауапкершілік. Қазіргі таңда неміс халқы бала туу көрсеткіші бойынша құлдырап бара жатқан елдердің бірі. Себебі жастар көбіне мансап қуып, 30-дан аса, 40 жасқа таяған шағында үйленеді. Сондай-ақ бірнеше бір немесе бірнеше баламен шектелуді жөн санайды. Бүгінде бұл процессті жою мақсатында мемлекет түрлі жобаларды қолға алуда. Сонымен, қорытындылай келе, қай ел, қай ұлт болмасын бала тәрбиесіндегі ең басты ережелері – балаға кезде назар аудара білу. Оған деген махаббатты қай жаста да көрсете білу және оның көзқарастарына мән беріп, ерекшеліктерін түсіне білу болып табылады.

Ұлбосын Файзуллақызы ҚАРАБЕКОВА,
“Теспе” жалпы орта мектебінің әлеуметтік
педагогы,
Түркістан облысының Ордабасы
ауданындағы Теспе ауылы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий