Баспасөз – 2021: Жүрегімнен жол тапқан басылым

Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі, – дейді Ахмет Байтұрсынұлы.
Сыр сандықты ашып қара,
Ашып қара сырласым.
Сым пернені басып қара,
Басып қара, жырласын!, – деп, қазақтың Сәкен Сейфуллин ақыны жырлағандай, оқырман ретінде «Білімді ел – Образованная страна» газетінің бетін ашсаң, сөз жоқ заман талабына сай бар керегіңді адаспай бірден табасың….

Өз басым «Білімді ел – Образованная страна» республикалық білімділік қоғамдық-саяси газетін 2014 жылы алғаш оқырман қолына тие бастаған күннен бастап, үзбей оқып келемін. Сондықтан да, газеттің әрбір жаңа санын асыға күтіп, егеменді еліміздің білім саласындағы тың жаңалықтармен сусындап қалатындығымыз жасырын емес. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы қыркүйектің 1-і күнгі барша отандастарымызға арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» тақырыбындағы Жолдауында: –  Жиырма бірінші ғасырдың ұрпағы терең білімді болған жөн, – деп, атап көрсеткені баршаға аян. Тәуелсіз еліміздің ертеңгі келешегі білімді де саналы, талапты да талантты ұрпақтан бастау алары сөзсіз.

«Ел болашағы – жас ұрпақ» дейтін болсақ, бала тәрбиелеп отырған ата-ана ретінде айтарым, сол жеткіншектерімізді ұлтжанды, жоғары деңгейдегі адамгершілік иесі, рухы биік парасатты тұлға ретінде тәрбиелеу үшін бар керегіңді осы апталық басылымда жарияланған мазмұнды мақалалардан таба алатынымыз шындық. Біз үшін бұл газет отандық білім мен ғылым саласындағы жаңалықтарды қамтитын ақпарат көзі ғана емес, саналы ұрпақ тәрбиелеуге қолдау мен көмек көрсететіндігімен де құнды. Алдағы жаңа жыл мерейлі мереке күндеріне толы болмақ. Қазақстан Тәуелсіздігіне – 30 жыл.

Басқасын айтпағанның өзінде, келер жылы көпшілікке танымал белгілі есімдердің қатарынан әрі ақын, әрі батыр Махамбеттің досы Исатай Тайманұлының туғанына 230 жыл, қазақтың тұңғыш халық ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл, алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың туғанына 155 жыл, қазақтың даңқты палуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың туғанына 150 жыл, ардақты ақын Қасым Аманжоловтың туғанына 110 жыл. Ендеше ел педагогтеріне танымал әрі беделді салалық газеттің бетінде осы тарихи тұлғалар туралы тың дүниелер жарық көретіндігіне сенім мол.  

Тілек КЕНЖЕБЕКОВ,
№1 жалпы орта білім беретін мектептегі
қамқоршылық кеңестің төрағасы,
Қарағанды облысының Приозерск қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий