Абай ақынның атын асқақтатқан ақтөбелік дарындылар дараланды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Абай қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырды. Оның мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі. Сондықтан, азаматтарымыздың көзі ашық болсын десек, Абайды оқудан, ақын өлеңін жаттаудан жалықпаған жөн» деп мемлекет басшысы мақаласында жастарды Абай шығармаларын оқуға шақырады.

 

«Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығында да өткізілетін шаралардың көпшілігі Абай шығармашылығын насихаттауда өз үлесін қосып келеді. – Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттерімен озады», – деген ұлы ақын Абай сөзі барлық уақытта да өз мәнін жойған емес. Облысымызда өркениетті қоғам дамуына өз үлесін қосып жүрген зияткер дарынды оқушыларымыз облысымыздың әр түрлі аудандарынан шығып жатқаны анық. Біздің орталықтың үйлестіруімен халықаралық, республикалық байқаулар мен ғылыми жобаларға қатыстырылып, облысымыздың қанжығасын жүлделі орындармен толықтырып жүрген дарындыларымыз жетерлік.

Олар аймақтың намысын арқаумен қатар елдің үмітін ақтауға тырысып жүрген білімді, қабілетті, өнерлі және де тәрбиелі оқушыларымыз бүгінгі күнге дейін шын жүйріктер қатарынан көрініп жүр. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбындағы бағдарламалық мақаласын айрықша атап айтылған ұлттық біргейлікті сақтау идеясын жүзеге асыру шеңберінде және Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында орталық басшылығының қолдауымен жалпы білім беретін мектептер мен облыстық білім беру ұйымдарының 8-11 класс оқушылары арасында республикалық «Абай әлемі» атты шығармашылық байқауының облыстық кезеңі қашықтан ZOOM платформасы арқылы ұйымдастырылды. 

Кемеңгер Абайдың ақындық болмысына терең үңілуге, оның шығармашылық өмірінен ғибрат алып, өмірде қолдана алуға бағыттау, зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында өткізілген байқауға аудандық (қалалық) кезеңнің жеңімпаздары атанған жетпіс төрт үміткер бақ сынады. «Абай әлемі» шығармашылық байқауы «Жүрегімнің түбіне терең бойла…» эссе жазу  мен «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін…» ақындар мүшәйрасы бағыттарын басшылыққа алған болатын. Қорытынды нәтижесінде  әр номинация  бойынша  үздіктер  анықталып 12 оқушы республикалық (ІІІ) кезеңге жолдама алды. 

Алматы қаласындағы Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп интернатындағы басқосу барысында республикалық кезеңнің жүйріктері анықталды. Ақтөбе облысы атынан қатысқан дарындылар төмендегідей жүлделі орындарға ие болып, өздерінің бойындағы шығармашылық таланты мен білімдерін жоғары деңгейде көрсете білді. Екінші орынды Мәртөк ауданындағы №4 Мәртөк орта мектебінің 10-класс оқушысы Александр Маруарұлы иеленді.

Үшінші қатардан М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп – интернатының 11- класс оқушысы Сермұхан Әділ мен Темір ауданындағы Шұбарқұдық гимназиясының 9-класс оқушысы Марат Еркеназ, Ақтөбе қаласындағы № 55  орта мектебінің 9-класс оқушысы Байжан Аружан және М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп – интернатының 10-класс оқушысы Нәбиева Алтынай көрінді.

Абай Құнанбайұлының шығармаларын оқушылар арасында кеңінен насихаттау, жастардың бойындағы казақ еліне деген құрметті күшейту, патриоттық сезімді арттыру үшін жүргізілетін жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Жыл сайын ұйымдастырылатын Абай оқулары да қаншама жүйріктерді танып-білуге ықпалын тигізді. Абайдың шығармаларымен қатар, Абай шәкірттерінің шығармаларын мектеп қабырғасынан оқып жүрген әр оқушы зердесіне тоқып, сүйіп оқыса, жас ұрпақ саналы азамат болып қалыптасатыны сөзсіз.

Әсем Геннадиқызы АЙТМАҒАМБЕТОВА,
Ақтөбе – Дарын” өңірлік ғылыми-тәжірибелік
қосымша білім беру орталығының шығармашылықты
дамыту және қосымша білім беру бөлімінің әдіскері

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий