Бауыржан Момышұлы – 110: Ел мақтанышына айналған ер

– Есімі ел жүрегінде  сақталған ер ғана бақытты, – дейді Бауыржан Момышұлы. Кеңес Одағының Батыры, полковник, жазушы, қазақ халқының мақтанышы – Бауыржан Момышұлының туғанына биыл 110 жыл. Осыған орай баһадүр бабаның есімін иеленген біздің білім ордасында еске алу шаралары ұйымдастырылды.

Қашықтан оқытуға қарамастан, мектеп директоры Достанова Роза Зияхановнаның басшылығымен ұстаздар ұжымы мен шәкірттер бірлескен түрде арнайы жоспар жасап, бағдарламалар тізбесі белгіленген болатын. Атап айтқанда мектебімізде оқитын “Бауыржан ” есімді балалардың эстафетасы, ашық сынып сағаттары, адалдық сағаты, қанатты сөздерінен сайыс, кездесу, дөңгелек үстел, ерлік сағаттары және тағы да басқалар.

Өткен аптада даңқты батырдың туылған күні қарсаңында мектеп шаңырағында онлайн кездесу ұйымдастырдық. Бұл басқосуға тарихи тұлғаның көзін көрген әскери ғылымдардың докторы, профессор Ким Серикбаев; белгілі қаламгер әрі Бауыржантанушы Мамытбек Қалдыбайұлы; танымал жазушы, аудармашы Ғаббас Қабышұлы ағаларымыз қатысып, жиналғандармен ғаламтор аясында жүздесті. Олар ең алдымен батырдың рухына тағзым жасап, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Кездесуге қатысқан шәкірттеріміз аңызға айналған атақты адамның мірдің оғындай қанатты сөздері мен өлеңдерін мәнерлей оқыды. Мол мұрасын әр қырынан талдауға бағытталған баяндамалар жасалды. Оқыған кітаптарынан түсінгендерін айтып келген қонақтардың көңілінен шыға білді. Құрметті меймандар да даңқты майдангермен ортақ оқиғаларын әңгімелеп, жас буынға алғыстары мен тілектерін білдірді.

Қазақ халқы үшін біртуар дара тұлға ерлік пен елдікпен танылған батыр атамыздың ерлік істері бәрімізге мәлім. Батырлық, адалдық және қайсарлық – Бауыржан Момышұлын халық қаһарманына айналдырды. Ұлтжандылықтың үздік үлгісін көрсеткен айбарлы атамыздың ғибратты ғұмыры қазақ халқының даналығынан басталатын әдептілікке, темірдей тәртіппен қатар батырлық, әділдік, парасаттылықтың қатаң қағидаттарына негізделген.

Ол өзінің отаншылдығымен, ұлтжандылығына қоса қаһармандылығымен, жоғары адамгершілік қасиеттерімен, ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігімен, тапқырлығымен және жеке басының ерлігімен көзге түсіп, аты аңызға айналды. Бауыржан Момышұлының ұмытылмайтын есімін мектебіміздің әр шәкірті, ұстазы мақтанышпен айтып, үлгі тұтады.

Мадина Кенжебекқызы ЖИГАНБАЕВА,
№131 мектеп-лицей директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары,
Алматы қаласының Медеу ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий