2020 жылдың қаңтарынан бастап техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқитын студенттердің шәкіртақысы төрттен бірге өсті. Бұл туралы бүгін ОКҚ брифингінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

Ресми мәліметтер бойынша, колледждердің 245 мың студенті стипендия алады, бұл мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алушылардың жалпы контингентінің 88,5%-ын құрайды. Енді оларға төленетін ай сайынғы төлем мөлшері 22 мың теңгені, жоғарылатылғаны – 24 мың теңгені құрайды. Бакалаврлар енді 26,1 мың теңге, магистранттар – 66,9 мың теңге алады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бастап педагогикалық мамандықтар бойынша оқитын студенттер мен докторанттардың шәкіртақысы ұлғайтылды.

– Стипендиялар жалпы 25%-ға өсті. Егер болашақ педагогтар туралы айтатын болсақ: педагогикалық бағыттар бойынша білім алатын студенттер – бір жыл бұрын олардың шәкіртақысы 21 мың теңгеден аспаған, биыл қыркүйек айынан бастап олар 42 мың теңгеден ала бастады. Олар барлық дайындық бағыттары арасында ең жоғары стипендияға ие. Докторанттар бір жыл бұрын 82 мың теңге алса, биыл қыркүйектен бастап 150 мың теңгеден алып жүр. Бұл да біздің болашақ ғылыми қызметкерлеріміздің қолдауы, – деді Асхат Қанатұлы.