Халықаралық форум: Білім сапасын көтерудің маңыздылығы
Бiлiм дамыту мен зерттеу ассоциациясы жақында еліміздің әр өңірлері бойынша білім беру көрсеткіштері рейтингін жариялады. Қорытындының нәтижелері PISA – жасөспірімдердің білімін халықаралық бағалау және білімді практикада қолдана білу, Ұлттық бірыңғай тестілеу, Ұлттық біліктілік тестілеу – мектепке дейінгі білім беру ұйымдары педагогтарының, орта мектеп мұғалімдерінің білімін бағалау көрсеткіштеріне негізделген.

Өкінішке орай, біздің облыс бұл рейтинг бойынша соңғы орындарда келе жатыр. Осындай ең өзекті мәселелердің шешімін табу, жалпы білім сапасын арттырудың озық жолдарын зерделеу үшін аймақтағы педагог мамандар дайындайтын бірден бір оқу орны – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің бастамасымен «Жаңа педагогика: трендтер, құзыреттілік, мазмұны» тақырыбындағы үшінші халықаралық педагогикалық форум ұйымдастырылды.

Бұл басқосуға ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті мен облыстық білім басқармасы қолдау көрсетті. Білім берудегі тиімді әдістер, мазмұнды іс-тәжірибелер, білім беру мекемелерінің дәстүрлі моделінен сандық жүйеге көшу стратегиялары бойынша ғылыми-ақпараттық тәжірибе алмасуды мақсат еткен халықаралық форумға педагогикалық қауымдастықтың өкілдері мен сарапшылар, білім беру ұйымдарының басшылары, жаңашыл педагогтар мен практик-педагогтар, білім беру басқармасының қалалық және аудандық білім бөлімдерінің өкілдері қатысты.

Ашық алаңда Канаданың Simon Fraser University инклюзивті білім профессоры Роберт Уильямсон, Б.Б. Городовиков атындағы Қалмақ мемлекеттік университетінің Педагогика кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы Панькин Аркадий Борисович, EDCRUNCH конференциясының негізін қалаушы және бағдарламалық директоры, EDCRUNCH UNIVERSITY HИTY «МИСиС» орталығының директоры Қиясов Нұрлан, Атырау облысы білім беру басқармасының басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Есенғалиев Сатқан Ыбырайұлы, «Павлодар педагогикалық университеті» КеАҚ Педагогикалық зерттеулер орталығының директоры, педагогикалық ғылымдарының кандидаты Джарасова Гүлжан Сағидоллақызы, «С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті» КеАҚ ректорының кеңесшісі, философия ғылымдарының докторы Қанағатова Алмагүл Медихатқызы және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің адемиялық сұрақтар жөніндегі проректоры, экономика ғылымдарының кандидаты Өтепкалиева Қансұлу Мұсақызы түрлі тақырыпта баяндамалар жасап, тағылымды тәжірибелерімен бөлісті.
Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінді жүргізілген форум үш бөлімді құраған еді. Яғни, пікір сайыс барысында кәсіби қауымдастықпен ұлттық және халықаралық тәжірбиелердің дамуын, коммуникациялық алаңда қатысушылар арасында кәсіби және жеке байланыстарды құру және нығайту, көрме алаңында білім берудің тхнологиялары мен перспективалық ғылыми бағыттары бойынша ұсыныстары таныстырылды.

Форум барысында «Covid-тен кейінгі кезеңдегі білім берудің трендтері», «жаңа педагогика: әдіснама, білім беру дизайны, құзыреттілік, технологиялар», «педагогикалық университтер мен колледждерде маман даярлаудағы жаңа сын қатерлер», «сандық педагогика:құралдар, плаформалар, жаңа дағдылар», «үздіксіз педагогикалық білім беру: контенттер, технологиялар, ресурстар», «кадр дайындауда кәсіби үстемділікті дамыту:оқытудағы жаңа дизайн» сынды сұрақтар талқыланды.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау
университетінің баспасөз қызметі