Болашаққа бағдар: Рухани тәрбиенің маңыздылығы
«Тарих – біздің істеріміздің өткенінің куәсі, қазіргіміздің үлгісі мен өнегесі, ал болашағымыздың асыл қазынасы», – деген Мигель де Сервантес. Ата-бабамыздың сан ғасырлар бойы арманы, бүгінгі ұрпақтың ақиқаты болған қасиетті тәуелсіздігімізді, елдігімізді сақтап, дамыған елдердің қатарына қосылу – Мәңгілік ел болудың нысаны. Келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін әрқайсысымыз ортақ құндылыққа үлесімізді қосуымыз шарт.
Қазақстанды жарқын болашаққа жетелейтін жастарымыз бабаларымыз аңсап өткен тәуелсіздіктің туын жықпай, желбірете білуі тиіс. Өйткені, бабаларымыздың ұлан байтақ жерін қалай қорғағанын, бостандықты қалай аңсап-қадірлегенін білеміз. Жастар сондай текті ұрпақтың ұрпағы екендіктерін сезініп, осы «тәуелсіздік», «мәңгілік ел» ұғымдарын саналарына сіңіріп, қастерлеуге міндетті. Жаңарудың, өміршеңдіктің негізі – жастарда. Бұл үшін біз ұстаздар аянбей еңбек етуіміз алдымызда отырған жас жеткіншектің бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіріп, біліммен мықтап қаруландыруымыз қажет.
Елдің экономикалық, рухани жағдайының дамып, өркендеуі, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру елдің білім деңгейімен де тығыз байланысты.Қазақ елінің бірлігінің қалыптасуы мен өркендеуі дәстүрлі ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтармен сабақтасқан түрде жүзеге асады. Сол себептен де жастардың бойына қазақи құндылықтарды сіңіріп, қазіргі жаһандық даму жағдайында оларды батыс мәдениетінің негізінен алыстатып, өзіміздің рухани бай мұрамыздың құндылықтары тұрғысынан тәрбиелеу – алда тұрған басты міндеттердің бірі және бірегейі. Ал бұл идеяны жүзеге асырып, одан әрі дамытатын жастар болғандықтан, олар ең алдымен білімді, ұлттық құндылықтар мен заманауи игіліктерді өз бойына біріктіріп, ұштастыра білген, өз елінің нағыз жанашыр азаматтары ретінде қалыптасуға талпынуы керек.
Қазақстан халқының мәңгілік мұратына айналған бұл ұлттық идея бір сәтке де санамыздан өшпеуі керек. Әсіресе ұрпаққа ұлағатты тәрбие беретін педагогтардың басты ұстанымы бола бермек. Егер бүгінгі бүлдіршінді халқымыздың жарқын болашағы мен еліміздің кемел келешегі үшін еселі еңбек ететін, адалдықтың ала жібін аттамайтын атпал азамат ретінде қалыптастырсақ, онда мақсатымыздың жүзеге асқаны деп есептеймін. Педагог ретінде әрдайым қазақ халқының ата бабамыздан келе жатқан салт дәстүрін бір сәтте естен шығармай, оқушы санасына сіңіре отырып тәрбиелеу маңызды деп есептеймін. Курс кезеңінде үнемі сабақ жоспарлауда сабақ үдерісінің әр сәтінде халық педагогикасын, ұлттық салт-дәстүріміздің элеметтерін дәріптеуге тырысамын.
Әсіресе жас мамандарға әрдайым ізденісте жүріп, жаңа дүниелерді түйсігімен қабылдап, оны жадында сақтап, ертеңгі күні оқушыларына сабақ барысында көңілге тоқығанын нақыштап жеткізуге жол сілтеп бағыт-бағдар беруге тырыстым. Курс барысында әрбір сабақ қызықты әрі мұғалім үшін сәтті табысты болуы үшін міндетті түрде өсіп келе жатқан жас буынға еліміздің ертеңгі күнінде жаһандану заманында бәсекеге қабілетті саналы әрі білімді ұрпақ тәрбиелеу үшін Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласын негізге ала отырып, оқушылардың жадында сақталуы үшін әрбір сабақта оның әрбір бағыттарына тоқталып, оқушыларға ой түйдіруіміз керек.
Бүгінгі қазақ халқы – сонау есте жоқ ескі замандарда-ақ тұлпарлардың тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтардың, ежелгі ғұндардың, байырғы түркілердің ұрпағы, үлкен үйдің қара шаңырағын атажұртта сақтап қалған халық. Еліміздің әрқашан биіктен көрінуі болашақ жастардың қолында. Ал білім жолында әрбір мұғалімнің еңбегі мен қайрат-жігері, ұрпаққа білімді нақты, саналы, сапалы болашаққа бағдарлайтын азаматты тәрбиелеуі. Осы тұста, табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт.
Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді. Ұлт көшбасшысының мақаласындағы «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген жолдардың астарында үлкен мағына жатыр. Рухани жаңғыру – адам баласының ішкі әлемінің жаңаруы, сана-сезімі өзгерісті қабылдай білуі. Қарыштап дамыған заманда ұлтымыздың асыл қазынасы салт-дәстүріміз бен рухани мұрасынан нәр алып өскен азаматты тәрбиелеу ұстаздар қауымының басты борышы.
Нұргүл Төлегенқызы САПАРОВА,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Түркістан облысы
және Шымкент қаласы бойынша педагог
қызметкерлердің біліктілігін арттыру
институтының “Менеджмент және ақпараттық
технологиялар” кафедрасының аға оқытушысы
Акмарал Абдиразаховна ШАРИПБАЕВА,
Т. Рысқұлов атындағы №24 жалпы орта
мектебінің тарих пәні мұғалімі, Түркістан
облысының Кентау қаласы