Жақсылықтың жарқын үлгісі

Жақсылық жасап, қайырымдылық іске атсалысу Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары, оқушылары мен ата-аналарының бұлжымас дағдыға айналғалы қашан?! Дәл осы игі іс жаңа жыл қарсаңында тағы да жалғасты. Білім ошағымыздағы бірнеше шаңырақтар мен «NIS Teacher Volunteers» клубының мүшелері талай бүлдіршінді қуантты, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

Мәселен, ұйымдастырушы педагог кураторлар Ақлима Сексенбаева, Анастасия Соболевалардың жетекшілігімен «Абай», «Хан Тәңірі» шаңырақтарының оқушылары «Лидер.Семей» еріктілер ұйымымен бірлесе отырып, 74 сәбиге іші тәттіге толы жаңа жылдық сыйлықтар табыс етті. Бұдан бөлек, жетінші сынып оқушылары өз қолдарымен он бетперде тігіп әкеліп табыстады. Шәкірттеріміздің бұл талабына ата-аналары да қолдау білдірді.

– Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына жаңа жылдық сыйлық жасау туралы идеяны қолдаған замандас, іні, сіңілдерім көп болды. Бұл мені ерекше қуантты. Өз еркіңмен көмек қолын созу жақсы қасиет. Акция барысында алдымен ақша жинап, сол қаржыға қажетті тәттілердің барлығын өзіміз барып сатып алдық. Біздің азғана сыйлығымыз – бүлдіршіндерге үлкен қуаныш сыйлайтынына сенімдіміз. Ерікті болып еңбек ету – бізді ұйымшылдыққа, ауызбіршілікке тәрбиелейді, – дейді 12 сынып оқушысы Айя Бейсенова.

Дәл осындай жақсылықтың жарқын үлгісін «Бөрілі» және «Тарбағатай» шаңырақтарының оқушылары да көрсетті. Олар кураторлары Гүлжан Дулатова, Меруерт Биахметовалармен бірлесіп «Қоғамға қызмет ету» жобасы аясында шаһарымыздағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиеленушілеріне жаңа жылдық безендіру ойыншықтарын жасап, табыстады. Назарбаев Зияткерлік мектептері желісінде құрылып, жұмыс жасап келе жатқан «NIS Teacher Volunteers» клубы мүшелерінің «Қайырымдылық пен Мейірімділік» апталығын өткізіп, оның шеңберінде тірек – қимыл аппараты бұзылған немесе өзге де сырқат кәмелеттік жасқа толмаған бес балаға ақшалай көмек жасады. Апталық аясында мектебіміздің ұстаздары өз еріктерімен қаржы жинап, азаматтық танытты. Осылайша, білім ошағымыздың оқушылары мен ата-ана, ұстаздары өзгелерге үлгі бола білді.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий