vs Online Learning: Бастауыш сыныптағы қашықтан оқыту

Білім мен өнер болашақтың жарқын болуының бірден-бір кепілі. Білім жайында жер бетіндегі ақын-жазушының бәрі де қалам тербеді. Біліп айтқан сөзге құн жетпейді,
Тауып айтқан сөзге шын жетпейді.
Өзің білмесең, білгендерден үйрен,
Үйренгеннен ештеңең кетпейді, – осы нақыл сөздерді Төле би бабамыз қазіргі қауымға арнап айтқандай.

Жиырма бірінші ғасыр – күн сайын мыңдаған жаңалықтар ашылып, жаңа технология-лардың қарқынды дамып, заман ағымының шаң ілестірмей бара жатқан кезеңі. Елбасымыздың тілімен айтқанда: «білекке емес, білімге сенетін заман». Биылғы жылы білім саласына елеулі өзгерістер еніп, барлық білім алушылар мен білім берушілерді тығырыққа тіреді. Бұл күрделі кезеңнің қашан аяқталатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Әлемнің жүзден астам еліндегі миллиардтан астам бала қашықтан білім алуға көшті. Мұндағы мақсат білім алуды тоқтатпау.  Себебі, оқу – білім қазығы, адамның азығы. Оқу – өмірдің сәні, тіршіліктің шамы.

Ол шамды сөндірсек, қараңғылықта қаларымыз анық! Сондықтан қай заманда болсын, қай уақытта болсын білімнің алатын орны ерекше. Ендеше білімнің бастауы – бастауыш сынып оқушыларына бұл жағдай аса қиын тигені ешкімге жасырын емес. Осы тұрғыда өзімнің қашықтан және онлайн оқыту барысындағы әдіс-тәсілдеріммен және тиімді платформалармен бөліспекпін.  «Ұстаз ұстаз емес өз шәкiртi үшiн күймесе, шәкiрт шәкiрт емес өз ұстазын сүймесе», – деген екен Жүсіпбек Аймауытұлы. Әрбір оқушысы үшін күйіп-пісіп, жанын салып, қорғаны да қолдаушысы да бола білетін аяулы ұстаздарымыздың қашықтан оқытуды естігендегі ең алғашқы ойы – балаларды қажетті құралдармен қамтамасыз ету болса, екіншісі – оқушылардың деңгейін, қабілетін ескере отырып, тиімді оқу платформасын таңдау болды.  

«Білім туралы» заң бойынша білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі оқытудың заманауи тәсілдерін, қашықтан оқыту, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізу және тиімді пайдалану болып табылады. Сондай-ақ, қашықтан білім беру технологиясы – білім алушы мен педагогтің жанама (алыстан) немесе толық емес жанама өзара іс-қимылы кезінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды және телекоммуни-кациялық құралдарды қолдана отырып жүзеге асырылатын оқыту делінген.

Қашықтан оқыту – түсінігі оқушы мен мұғалім арасындағы қашықтықтың бар екенін көрсетеді. Онлайн оқытуды компьютерге немесе интернетке қосылған басқа гаджеттерді пайдалана отырып, білім мен дағдыларды игеру деп түсінсек, онлайн білім беру оқушыларға білім кеңістігіне толығымен енуіне: дәріс оқып тыңдау, тапсырмаларды орындау, мұғалімдермен кеңесу және желіге қосылу арқасында сыныптастарымен сөйлесуге мүмкіндік береді. «Онлайн» оқыту интернет-байланыс арқылы жүреді. Қазір көп мектептерде Zoom, Google Meet, Microsoft Teams тағы басқа да платформалармен қатар түрлі сайттар қолданылуда.

Жарты жылдан астам уақыттан бері оқу процесінде қолданып жүрген Microsoft Teams бағдарламасының мүмкіндіктері мен тиімді тұстарына тоқталсам, төмендегідей мүмкіндіктері бар. Біріншіден бағдарламаны чат ретінде қолдануға болады: аудио, видео сөйлесулер. Office 365 бағдарламасының барлық қосымшаларын командамен, топпен пайдалану. Яғни біздің күнделікті сабағымызға, жұмысымызға қолданып жүрген Word, PowerPoint, Excel қосымшаларын, осы бағдарламада балалармен бірге қолдана аламыз. Әзірленген жұмысты оқушылар көріп, бір мезетте, бірнеше адам  өзгеріс енгізіп, сол жерде орындай алады. Аудио және видео конференциялар мен онлайн сабақтар өткізу. Осы мүмкіндіктерді пайдалану үшін Microsoft Teams бағдарламасына тіркелу қажет, тіркелген мұғалімге бағдарламаның тиімді тұстары бар.

Ең алдымен білімгерлерге күнделікті сабақ кестесін жіберу, күнделіктеріне жазғызу қажеттілігі болмайды. «Календарь» бөліміне күнделікті сабақтарыңыздың  уақыты мен кестесі көрсетіліп тұрады. Сабаққа қатысу мүмкіндігі сексен пайызға артады. Өйткені, берілген уақытта сабаққа қосылмаған оқушыларға шақыру жіберсеңіз, автоматты түрде қоңырау шалынып, сабаққа қосылады. Күнделікті сабақ уақыты мен ретін өзіңіз таңдайсыз. Сырттан бұл сабаққа еш рұқсатсыз, шақырусыз  кіре алмайды. Дәл мектептегідей экранға тақтаны шығарып қойып, компьютері бар оқушылармен есептер шығару, жаттығу жазу жұмыстарын жүргізуге болады.

Балалардың назары бірде кітапта, бірде экранда болмау үшін, кітапты суретке түсіріп, сканер жасау арқылы жанына қосымша қою өте тиімді. Белгілі бір себептермен сабаққа қатыса алмаған оқушыларға өзіндік жұмыс беріледі. Бүгінгі сабақтың материалдарын (слайд, тест, жаттығу) пән командасына енгізіп қойсаңыз, кез-келген бала қайталап, қарап  шыға алады. «Задания» бөлімінде Office 365 бағдарламасының кез келген қосымшасы арқылы тапсырма құрастырып сала аласыз. Әр оқушы оны сол жерде-ақ қарап, жауабын жібере алады. «Чат» бөлімінде әр баламен жеке жұмыс жасауға болады, балалар үй жұмысын жіберіп, қосымша сұрақтар қояды.

Тексергенде, смайлик, ескерту, қатемен жұмыс жасау сияқты қосымшаларды қолдануға болады. Әр пәнге жеке команда құрылып, сол жерде балалар өзара пікір алмасып, пәнге қатысты сұрақтарын қояды. Сондай-ақ, үлкен көлемдегі видеоматериалдарды да жүктеп жібере аласыз. Microsoft Teams бағдарламасы уатсап, вконтакте, ютуб қосымшаларын қолдануды қажет етпейді. Барлық мүмкіндіктер бір өзінің ішінде. 

Қорыта айтқанда, қашықтан оқыту заман талабы, оны ұйымдастыруда ең бастысы электрондық материалдар, қашықтан оқытудың дидактикалық жасалымы педагогтердің шеберлігіне байланысты.  Әрбір педагог өзінің оқушысы үшін адал ниетімен жүрегін ашса, кез-келген қиындықтан шығудың жолын таба алады. Қандай кезеңде де білім беруін тоқтатпайды.  

Жанар Шоқанқызы МЕЙРАМ,
№71  мектеп-лицейінің бастауыш
сынып мұғалімі, Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий