Балабақша – болашаққа бастар жол
Тәрбиешінің жұмыс күні таңертең балаларды күлімдеп қарсы алудан басталады. Әрбір бүлдіршіннің ойы мен санасына, қарым-қабілетіне қарай олармен жұмыс істейді. Қарапайым мамандық иесі болғанмен, тәрбиеші ұғымы терең мағынаға ие. Антон Макаренконың: «Тәрбиеші болу үшін әуелі өзіміз тәрбиелі болуымыз керек», – деген сөзі осы ойыма дәлел болса керек.
Бала тәрбиесімен айналысу, олардың баянды болашағын бүгіннен қалыптастыру – жаныма жақын іс. Сондықтан болар, аталған саланы таңдап, осы бағытта төрт жыл тынымсыз еңбек етіп келемін. Тәрбиешіге артылған жүк жеңіл емес. Өйткені, балаға алғаш берілетін тәрбие оның келешегін қалыптастырады. Сондықтан әр баланың мінез-құлқына сәйкес тіл табысып, оның жан-дүниесіне терең үңіле білу маңызды. Бүгінде бүлдіршіндерді түрлі саладағы біліммен сусындатып қана қоймай, ғаламдық мәселеге айналған қоршаған ортаны қорғау жұмыстарымен таныстырудамыз.
Германия, Япония, Израил сияқты әлемнің дамыған елдері «Экософия» ілімін балабақшадан бастап оқытады. Бұл балаларға қоршаған ортаны қорғау ісін әр елдің тарихы мен мәдениетінде бар аңыз-әпсана арқылы түсіндіруге тырысатын ғылым саласы. Біздің тәрбиешілер ұжымы соңғы үш жылдан бастап, экологиялық сауаттылықты арттыруға бағытталған жұмыстарды жүйелі ұйымдастырып келеді. Осыған байланысты балабақша ішінен «Тірі табиғат» бұрышы ашылған. Онда тірі өсімдіктер мен жануарлардың бірнеше түрі бар. Балалар арнайы уақыт аралығында гүл өсірумен, жануарлар күтімімен айналысады.
Сонымен қатар, мектеп жасына дейінгі балалар арасында ойындарды тиімді ұйымдастыру да өте маңызды. Бұл бағытта әр бүлдіршіннің ата-анасымен жеке жоспар құрып, ойлау қабілетін жетілдіретін ойындар таңдалады. Қолдан ойыншықтар жасау ісіне де ерекше көңіл бөлудеміз. Балалар ескі заттарды кәдеге жаратып, жаңа ойын заттарын құрастырады. Осы дүниелер түрлі көрмелерге қойылып, сайыстарда жүлделі орындарға ие болды. «Балабақша әлемі» тақырыбындағы жарыста Сезім Болат, Ербол Абдурахман, Айша Абдрахман сияқты өнерлі өрендеріміз жүлдегер атанды.
Бұдан бөлек, өзге салалар бойынша да жеңіске жеткен бүлдіршіндеріміз жетерлік. Бұл шаралардың барлығы өскелең ұрпақтың кемел келешегі үшін берік іргетасы ретінде қабылданатындығы даусыз. Сондықтан да мен саналы да салиқалы болашақ тәрбиелеу жолында жемісті еңбек еткеннен артық бақыт жоқтығына сенемін.
Алмагүл Майлыбайқызы МОЛДАХМЕТОВА,
№ 66 “Толағай” балабақшасының тәрбиешісі,
Нұр-Сұлтан қаласы