Менің педагогикалық ұстанымым
Ия жеке ұстанымым «сенімдімін, талпынамын, армандаймын» деген үш постулаттан тұрады. Жалпы мамандық таңдау – өте жауапты мәселе. Әсіресе ұстаздықты кәсіби тұрғыдан жан-жақты меңгеру жауапкершілікті жүз есеге арттыратындығы даусыз. Өйткені әрбір педагог өз өмірін ғана емес, білім алатын оқушылардың болашақ тағдырын айқындайды. Мен әлі күнге дейін осы үлкен сенімнің ауыр жүгін терең сезініп келемін.
Білімгерлердің шығармашылық мүмкіндігін барынша ашуға тырысамын. Әр бала өзінше бір әлем. Осынау құпиясы мол әлемге музыка құдіреті арқылы саяхат жасап, балалардың жеке тұлғалық қасиеттерін ашуға күш саламын. Сольфеджио мұғалімі ретінде мен әр балаға жеке көзқараспен қарауды қамтамасыз ететін үш деңгейлі бағдарлама жасадым. Педагогтік жұмысымды бастаған кезде көптеген балалардың «сольфеджио» пәнін түсінбейтінін және қиындығынан қорқатындығын аңғардым. Содан кейін мен оқушыларыма музыкалық тілді үйренудің қаншалықты оңай және қызықты екенін көрсетуге бел будым.
Бұл пән қызығушылығы бар ұл-қыздардың шынайы қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін орасан зор мүмкіндіктерге ие. Шығармашылық мәнерлілік, жаңа білім және қазіргі оқиғалардың белсенді қатысушысы болуға деген ұмтылыс осының бәрі бір ғана пәннің бойында шоғырланған. Ән айтуды, сөйлеуді, қимыл мен музыканы шағын музыкалық және театрландырылған көріністер мен қойылымдарға біріктіру арқылы балалар бойындағы таланттың көзін ашамыз. Сондай-ақ музыка ырғағымен мәнерлі түрде қозғалып, әртүрлі типтегі аспаптық ансамбльдерде ойнаудың қарапайым шараларын үйретеміз.
Музыкалық тілдің бейнелі саласын, оның аналитикалық және теориялық параметрлерін ұғындыруда кішкентай балалар үшін тартымды және қызықты шығармашылық педагогикалық модельдерді шығармашылықпен өз бетінше ізденуге, жаңалықтар мен тұжырымдарды иегеруге, музыкалық процестер мен құбылыстарды түсінуге жетелейді. Тақырыптық сабақтар музыкалық сауаттылықты меңгеруге ғана емес, сонымен қатар жеке қасиеттерді дамытуға бағытталған. Жаңаша бетбұрыстар жасау арқылы нақты тәжірибе жинаймыз. Сабақтардың логикалық жалғасы – сыныптан тыс жұмыстар: зияткерлік және ойын-сауық ойындары, мерекелік күндер, шығармашылық кездесулер, тақырыптық кештер, викторина сияқты түрлі шығармашылық шыңдауға ұласады.
Оқушылардың білімдері мен дағдыларын ата-аналарына, достарына, сыныптастарына қуана көрсетуге мүмкіндіктері бар. Бірлескен шығармашылық жұмыстың жарқын көрсеткіші – концерттік қызмет. Қазақ ұлттық өнер университетінің олимпиадасы мен елордалық «Жас музыкант» байқауында жүлделі бірінші орынмен марапатталдық. «Астана-Арай» республикалық фестиваль-байқауында «сольфеджио» аталымы бойынша шәкіртім Сагинбаева Алима алғашқы қатардан көрінді. Күнгеева Аружанға IV республикалық жас музыканттар бәйгесінде бас жүлде табысталды.
Әріптестеріме тағылымды тәжірибемді таныстырып, ашық пікір алмасамыз. Семинарлар мен конференцияларда ашық сабақтарды ұтымды ұйымдастырудамын. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы мен Нұр-Сұлтан қаласындағы Білім басқармасының Алғыс хаты кәсіби бағытта қосқан үлесімнің бағалануының белгісі болар. Түрлі тақырыпта жазылған маңызды мақалалар мен әдістемелік тәжірибем салалық басылымдарда жарық көрді. Өнерлі балалардың жан-дүниесіне бойлау арқылы ізгілікке тәрбиелеу, қарымды қабілеттерін шыңдау менің ең басты педогогикалық ұстанымым. Қызықты оқиғалар мен шығармашылыққа толы бақытты балалық шақ – жемісті өмірдің кепілі.
Гүлмира Сайлауқызы АНКИШЕВА,
№1 балалар музыка мектебі сольфеджио
пәнінің мұғалімі, Нұр-Сұлтан қаласы