әл-Фараби 1150: Ұлы ұстаздан тағылым

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен биыл энциклопедист-ғалым, ұлы ойшыл, адамзаттың екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын мемлекеттік деңгейде атап өту туралы қаулы жарияланған және оны дайындау мен өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия ҚР Мемлекеттік хатшысы, Қырымбек Көшербаевтың басшылығымен құрылған болатын. Қабылданған жоспар бойынша халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейлерде сан алуан түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Мерейтойдың әлемдік деңгейде өтуіне әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қосқан үлесі зор. Біз бүгін осы университет ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтановтың ортаға салған ойларын ұсынып отырмыз.

Ұстазды ұлықтау. Әл-Фарабиді қазақ жерінің тумасы, қазақ елінің перзенті ретінде адамзаттық ауқымда дәріптеу, әлемге таныту – біз үшін үлкен мәртебе және сонымен қатар бізге үлкен жауапкершілік артуда. ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаев: ..Дүние жүзіне белгілі тұлғалар бүгінде өз мемлекеттерінің баға жетпес символдық капиталы саналады əрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр»,- деген болатын. Осы орайда әл-Фараби есімі қазақ елі үшін бренд болып табылады. Бұл мерейтой бізге әлемдік өркениет тарихында адамзаттың екінші Ұстазының ролін анықтауға және әл-Фараби бейнесін қазақ елінің ұлттық брэнді ретінде дәріптеуге зор мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан, мерейтойлық шараларды халықаралық ауқымда жүзеге асыруда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті БҰҰ «Академиялық ықпалдылық» бағдарламасының Жаһандық Хабы ретінде, әлемдік қауымдастықты тартуға ұйытқы болуда.

Әл-Фарабидің қайырымды қоғам жөніндегі идеясының негізінде «Университет 4.0.» жоғары оқу орындары (ЖОО) дамуының жаңа моделі жасалып, БҰҰ-ның Нью-Йорктегі Штаб-пәтерінде тұсауы кесілді. Ұсынылған үлгі бүгінде БҰҰ Өркениеттер Альянсымен бірлесе «Қайырымды қоғамды қалыптастыру. Заманауи университеттер миссиясы» жобасы қатарында халықаралық деңгейде кеңінен таратылуда. Дүние жүзінің он екі елінде әл-Фараби орталықтары ашылды.  Бұл орталықтардың санын арттырып, олардың негізінде ҚазҰУ филиалдарын ашу жұмыстары қолға алынуда. Әл-Фараби мерейтойын университетіміз БҰҰ-мен бірлесіп, осы ұйымның басшыларының қатысуымен әлемдік деңгейде атап өтті. БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриштің үндеуіндегі «…Біз қазір орасан зор қиындықтармен бетпе-бет кездесудеміз.

Жаһандық ынтымақтастық бізге оларды жеңуге көмектеседі. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәні осында…, мен адамдардан бірігуді сұраймын», – деген сөздері әл-Фараби ілімімен тікелей үндесіп жатыр. Осы жиында сөз алған БҰҰ Бас Хатшысының орынбасары Фабрицио Хохшильд-Драммондтың: «Егер әл –Фараби қазіргі заманда өмір сүрсе, онда сөз жоқ Біріккен Ұлттар Ұйымын басқарған болар еді»,- деуі әл-Фарабидің әлемдік деңгейдегі беделінің бүгінгі заманда да қандай биік екендігін дәлелдейді. Халықаралық және республикалық деңгейлерде 200-ге жуық конференция, дөңгелек үстөл, алқасөз, ғылыми вебинарларды ЮНЕСКО, ИЕҰ, ТҮРКСОЙ секілді беделді халықаралық ұйымдардың және Қазақстанның шетелдердегі Елшіліктерінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Аталған барлық ғылыми-тәжірибелік шараларға дүниежүзінің елуден астам елінен және 100-ден астам ЖОО-нан  мыңдаған адам тартылды. ҚазҰУ базасында ғылыми-технологиялық әл-Фараби алқабы жасалуда. Осы уақытта 1,5 млрд. доллар инвестиция тарту үшін меморандумдарға қол қойылды. Қазақстан ғылымының ірі жетістіктерінің бірі ретінде университет дайындаған «Әл-Фараби–1», «Әл-Фараби–2» наноспутниктері ғарышқа ұшырылды. ҚазҰУ Голландия және Түркия медиакомпанияларымен бірлестікте үш деректі фильм түсірді және «Ұстаздың оралуы» деген жаңа киножоба көрермендер назарына ұсынды.

Университет ғалымдары ғұламаның бұрын жарық көрмеген 3 трактатын арабшадан қазақшаға аударып, ғылыми айналымға қосты. Жаңадан 10-нан астам монография мен оқулықтар, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде ұлы ойшыл нақыл сөздерінің жинағы оқырмандар қолына тиді. Әлемде тұңғыш рет «Әбу Насыр әл-Насыр» энциклопедиясы жарық көрді. Мерейтойлық жылы халықаралық мәртебеге ие болған Әл-Фараби орталығы ойшыл мұрасын зерттеуге байланысты дүниежүзілік ақпаратты жинау және оны жүйелеу бойынша орасан зор жұмыс атқаруда. «Invisible College» қағидаты бойынша тұрақты түрде жұмыс атқаратын халықаралық виртуалды платформа іске қосылды.

Бұл платформа заманауи фарабитану саласында халықаралық деңгейде ғылыми зерттеулер мен жобалар, конференциялар мен симпозиумдар, осы тақырып бойынша жарияланымдар мен мақалалар туралы ақпаратты бір  виртуалды кеңістікте жинақтап, әлемдік фарабитанушыларды бірігіп жұмыс жасауға мүмкіндік тудыруда. Мерейтойлық жылда атқарылған ұлы ұстаз мұрасын ұлықтауға арналған шаралардың бастамасы алдағы уақытта да өз жалғасын табары сөзсіз.

Рухани мұра – сарқылмас қазына. Адамзатқа ортақ ұлы тұлға – әл Фарабидің мерейтойы жылы әлем оның болмысын бүгінгі күннің танымы биігінен тағы бір таныды. Жаһандық деңгейде өткен мұндай рухани шара, әрине, ізсіз қалмайды. Негізгі мақсат – тек іс-шара өткізуде емес, біздің Ұлы Ұстаздан қандай сабақ алып, тәлім үйренетіндігімізде, алған тағылымымызды қалай кәдеге жарата алатындығымызда. Бұл әрқайсымызды ойландыратын маңызды мәселе.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «ұлттың жаңа болмысын» қалыптастыруға қатысты  маңызды жаңа міндеттер жүктеді. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін Әл-Фараби бабамыздың рухани мұрасын барлық қазақстандықтардың, әсіресе өскелең ұрпақ бойына сіңіру – аса маңызды. Ол санамызға сілкініс, дамуымызға серпіліс беруі тиіс деп ойлаймын. Әл-Фарабидей ұлы тұлға, ғұлама дүниеге келген елде ғылым мен білімнің деңгейі қандай және қандай болмақ деген заңды сұрақ туады. Сондықтан да отандық ғылым мен білімді әлфарабилік биіктікке көтеру – стратегиялық мақсатымыз болуы тиіс.

Әл-Фарабиді жан-жақты тану білімге және ғылымға деген көзқарасты жаңа сапаға өзгертеді. Әсіресе, жастардың бойына әл-Фарабиден жеткен таным мен тағылымды сіңіру арқылы болашақ әлфарабилерді даярлау өте маңызды. Осы орайда әл-Фарабидің «әр адам ұстазға мұқтаж» деуі қоғам дамуындағы  ұстаздың ролінің қаншалықты жоғары екенін көрсетеді. Ендеше, ұстаз мәртебесіне ерекше мән беруіміз керек. Өйткені, ұстаздың қоғамдағы беделін көтермей өркениетті ел болуымыз күмәнді. Әр саналы адам өмірдің мәніне, мақсатына жауап іздейтіні хақ. Бұл тұрғыда Шәкәрімнің білімділерге қойған бес сауалына жауапты әркім ұлы ұстаз еңбектерінен таба алады.

Әл-Фарабиден алар тағылымның бірі – әр адамның өзін өзі үнемі жан-жақты жетілдіру арқылы өз бақытына жету формуласы. Адам жетілуінің негізгі бағыты – рухани кемелдену болса, кемелдену адал еңбекпен, ізденіспен, біліммен, ғылыммен толығады. Кемелдікке келудің мәні рухани толық адам деңгейіне көтерілуде. Қазіргі рухани дамуымыздағы ерекше мән берілуі тиіс өзекті де күрделі мәселелердің бірі –дін, дінге деген көзқарас. Діни нанымнан ғылымды ажыратып алып, жеке қарастыру жолдарын түсіндірген ғұламаның Жаратушыны ақылмен тану идеясы бүгінгі заманда да өте өзекті. Әл-Фараби адамды «хайуан ақил» – «саналы жануар» ретінде анықтап, қатып қалған қағидаттармен емес, әрекетшіл ақыл, жасампаз ақыл арқылы жетілуіне,

Жаратушыны ақылмен тануға шақырған. Айта кететін бір жайт – әл-Фарабиді дәріптеу кезінде ғұламаны тану арқылы соңғы жылдары көп елде Исламға деген оң көзқарас қалыптаса бастағанын байқап отырмыз. Ғылым мен  технология қарышты дамыған қазіргі заманда қоғамда әр-түрлі әлеуметтік қарама-қайшылықтар белең алып, адамзаттың рухани төмендеуі тенденциясын ескерсек, ізгілікті қоғамның құндылықтарын қайта жаңғырту мәселесі өте өзекті болып отыр. Шындығында, қазіргі уақытта елімізде дамыған азаматтық қоғам қалыптастыру үшін Әбу Насыр әл-Фарабидің қайырымды қоғам идеяларына қажеттілік туындауда.

Ойшылдың: «Қайырымды қоғам- бұл шынайы бақыт және оған жетудің жолдары туралы нақты білігі мен білімі бар әрі сол білігі мен біліміне сай әрекет ететін адамдар қауымдастығы», – деген ұлағаты адамзат дамуы үшін бағдаршам болары сөзсіз. Мемлекетті дамытушы күш қоғамда. Өйткені, кез-келген қоғамда әлеуметтік қатынастар жүйесін қолдайтын және өзін-өзі іштей ұдайы реттеу арқылы оның тұрақты дамуын қамтамасыз ететін жасампаз қабілет бар. Өзін өзі реттеу арқылы дамудың табиғи үрдісі ғұлама айтқан қайырымды қоғамға тән. Әл-Фарабидің пайымдауынша, «қоғам мемлекетсіз бола алса да, мемлекет қоғамсыз бола алмайды».

Қоғамның жетілуі оның басшысының және  әр мүшесінің бойындағы жоғары адами құндылықтарға байланысты. Ол құндылықтарды ұлы ұстаз тарқата көрсеткен болатын. Қазіргі уақытта 146 ел қатысқан Қайырымдылық жасаудың әлемдік рейтингінің қорытындысы бойынша, өкінішке орай, Қазақстан 96-орында. Бұл – адами құндылықтарды биік бағалайтын біздің ұлтымызға ауыр сын. Демек, бізге әл-Фарабидің қайырымды қоғам орнату туралы ілімін, жоғары адами құндылықтарды күнделікті өмірімізге енгізу, қызметімізде, тұрмыс- тіршілігімізде қолданысқа алу өте қажет.

Қайырымды қоғам адамдарының  рухани жетілуі бірегейлікке бастайды. Дәл қазіргі біздің қоғамда осы ұлттық бірегейлік – өзекті мәселе. Себебі, біз бірнеше ғасыр отаршылдық бұғауында болған елміз. Отарлау саясаттары бізді төл болмысымыздан алшақтатқаны белгілі. Табиғи рухани құндылықтарымыздан ажырадық. Жерге, елге, тілге, қала берді жүзге, руға бөліну толыққанды ұлт болып ұйысуға, тұтастануға кедергі болып келе жатқаны жасырын емес. Әл-Фараби  бақытқа жетудің күре жолын адамдардың бірлікте, өзара ынтымақта өмір сүруінде және достық қарым-қатынаста тіршілік етуінде екендігін айқындаған болатын. Ендеше, жоғалтып алған табиғи құндылықтарымызды жандандырып, нағыз ұлттық болмысымызды қалыптастыру – бүгінгі күннің өзекті тақырыбы.

Өркениетке қазақстандық үлес. Талай ғасырлардан бізге жеткен өркениет философы әл-Фарабидің ілімі ешқашан өз маңызын жоғалтқан жоқ, және жоғалтпайды да. Қазір әлемдік қоғамдастық ХХІ ғасырдың алғашқы ширегінде өркениеттік дамудың бесінші сатысына көтерілуде, яғни жапон елі ұсынып отырған «Қоғам-5.0» стратегиясын жүзеге асыруға бет алған кезеңде тіршілік етуде. Жалпыға белгілі, жапон елі технологияның жаңа үлгілерін жасау мен пайдалануды ұлттық құндылықтармен үйлестіре жүзеге асырып келе жатыр. Соның арқасында әлемнің дамыған озық елдерінің қатарында.

«Қоғам-5.0» стратегиясы суперинтеллектуалды қоғам орнатуды, цифрлы технологияны пайдалана отырып, экономиканы трансформациялау,  цифрлы технологияның даму қарқынына үйлесімді рухани жетілген ізгілікті қоғам қалыптастыруды көздейді. Қазіргі таңда Қазақстанды жоғары технологиялармен биік адами құндылықтар үйлесім тапқан озық, қуатты елге айналдыру – ұлы ойшылдың жерлестері үшін ең өзекті мақсат деп санаймыз. Ғұламаның «тәрбиесiз берiлген бiлiм – адамзаттың қас жауы»,- деген нақыл сөзі бүгінгі таңда ерекше мәнге ие болып отыр. Қазіргі кезеңде біз ғылым мен технологияның бұрын-соңды болмаған даму биігіне көтерілуі мен рухани-адамгершілік болмыс арасындағы қарама-қайшылықтарға куә болып отырмыз.

Бұл қарама-қайшылықтар бүгінгі уақытта адамзатты рухани тоқырауларға әкеп тіреуде. Осы орайда тек адами капитал ғана емес, жаңа технологияларды туындататын зерттеу университеттерінің атқаратын ролі ерекше. Әл-Фарабидің қайырымдылық идеясы негізінде жасалған университеттердің жаңа буынының «Университет 4.0» даму моделінің БҰҰ-ы тарапынан қолдау табуы, ғұлама  ілімін әлемдік деңгейде насихаттауға зор мүмкіндік беріп отыр. Әлемде 30 мыңнан астам жоғары оқу орны бар. Егер әр университет бәсекеге қабілетті маман даярлаумен қатар, әл-Фараби ілімінен сабақ алатын, жоғары рухани құндылықтарды бойына сіңірген азаматтарды қалыптастырса, онда сөз жоқ, келешекте  жер бетінде қайырымды әлем орнары анық.

Осы мақсатта шетелдерде ашылған әл-Фараби орталықтары өзге елдерде де қолдау тауып, олардың саны  жақын арада жиырмаға жетпек. Бұл орталықтар ғұлама ілімін насихаттаумен бірге, ұлтымыздың тілі мен мәдениетін таратумен де айналысады. Қазірдің өзінде АҚШ, Балтық жағалауы елдері, Жапония да әл-Фараби орталықтарын ашуға қызығушылық танытып отыр. Әл-Фарабидің жерленген жері Дамаскідегі әл-Фараби кесенесі әлемге ортақ рухани орталық болуға лайық. Және де, сол жерде ұлтымыздың тағы да бір ардақты ұлы Сұлтан Бейбарыс кесенесі, кітапханасы орналасқанын ескерсек, бұл орталықтың маңызы ерекше сипатқа ие болады.

Кесененің негізінде халықаралық әл-Фараби орталығын ашып, ғимаратты Қазақстан иелігіне, университет құзырына алсақ деген жоспарымыз бар. Бұл ой жүзеге асса, ұлы ғұламаның туған жеріне де, жерленген жеріне де Қазақ елі ие болмақ. Мұнда рәміздік әрі саяси мән жатыр. Көп елдер өздерінің осындай орталықтары арқылы «жұмсақ күштерін» пайдалана отырып, әлемге өз саясаттарын жүргізуде. Осыған орай, Германия дамытып келе жатқан Гёте, Қытай әлемге кеңінен жайған Конфуций, Испания жетілдірген Сервантес және Ресейдің Россотрудничество институттарының деңгейіне көтеру мемлекеттік маңызы бар жоба деп есептейміз. Әр ұлт әлемде өркениет дамуына қосқан өзінің үлесімен бағаланады.

Кезінде адамзат дамуына зор үлес қосқан біздің қазақ жерінің тумасы әл-Фараби өзінің рухани мұрасымен, орасан еңбегінің арқасында Шығыс пен Батысты жақындатқан өркениет философы атанды. Басты ілімі – адамзаттың өркениеттік дамуындағы адамдардың бақытты болуына, әлемде қайырымды қоғам орнатуға  өз өмірін арнады. Осы заманда әл-Фарабиді, оның ілімін әлемге тарата отырып, іске асыру – қазақ елінің өркениет дамуына қосқан төл үлесі болмақ!

Дайындаған – 
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің баспасөз қызметі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий