Абайдың кітабы әр шаңырақта болуы қажет
Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек.
Тағдыр жоқ қайтқан өмір қайта келмек.
Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,
Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек, – дейді Абай Құнанбаев. Бұл өлең жолдарында, әр сөзінде қандай философия, фәлсафа жатыр десеңізші. Барлық қазақтың табынары, басына берген бағы – Абай. Әрине ойшыл ақын туралы айтатын болсақ, қазіргі қоғамдағы келеңсіздіктерін, қисық та қыңыр және әділетсіз мінезімізді бетке басады.
Ақынның өлеңдері мен қара сөздерін оқыған адам бойында бар кемшілігін танып, тілін тістейтіндігі анық. Неге? Әр қателікті мойындап айту керек дер кезінде. Қоғамды тазартушы күш, әрине – Абай. Біз Абаймен үнемі бірге болуымыз керек, насихаттауымыз керек. Абай жолымен жүруіміз керек. Абай өсиеттері адастырмайды, керісінше әр қазақ жүрегіне ұялайды. Абайдың әрбір өлеңі адам болмысының концепциясын құрайды. «Толық адам» формуласын ойлап тапқан да Абай. Кейде ойланам… Абай болмаса не істер едік? Қазақ халқы – ұлы халық. Осындай бір туар тұлғаларды бізге бергені үлкен сый, бақыт.
Уақыт ұзаған сайын тарихи тағылымды тұлғасы биіктей беретін ақылман ақынның көз жетпес көкжиектей кең, ойлары кәдімгі теңіздей терең, алтындай асыл бағалы, қорғасындай салмақты сөздері әрбір қазақтың қара баласы оқып санамен, жүрекпен қабылдап, өз өмірінде рухани бағдаршамдай пайдалану керектігі даусыз. Өйткені хакімнің арманы, бұл халықтың арманы. Абай, мойындауымыз керек қазақтың білім шыңының биігіне жеткен, сөз өнерінің майын ағызған ұлы тұлға. Ғылым мен білім тарихына өшпес шырақ жаққан, келер ұрпаққа таусылмас мол мұра қалдырған дарабоз.
Мәңгілік ел болуды ниет еткен елмен ұлы Абайдың мәңгілік мұрасы да бірге бізбен. Біз қазақ елі – қасиетті де, киелімі елміз. Ата –бабамыздың рухы қолдап, аманатты сақтап уыстан шығармай тұғырға бағыттай бекіткен елміз. Мен – арыммен, қаныммен, жаныммен, барыммен – қазақпын. Әрқашан мен қазақ болып туылғанымды ерекше бір сезіммен, шексіз де шетсіз ықыласпен мақтан тұтамын. Қазақстан атты құдіретті елім үшін, топырағы киелі жерім үшін, жаңа ашылып келе жатқан қауызы қас – қағым сәтте әп – әдемі гүл шоғына айналған бақытты өміріміз үшін де мақтанамын. Біз қазіргі таңда Абай армандаған аяғын нық басқан, қадамы алшақ, өз бағытына сенімді, мығым елміз.
Қорытындылай келе, нағыз білімге жету жолында талмай еңбек етуге, көп күш – қайрат жұмсау керек, үнемі іздену керек, көп оқу керек. Өйткені нәтижесі жақсы болары айдай анық. «Ғылым таппай мақтанба» – дейді Абай атамыз, сондықтан бос нәрсеге мақтанбай, ақыл – санамызбен, білімімізбен мақтанайық. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» – деген қазыналы ойларын санамызға берік тоқуымыз керек. Биылдың өзінде мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ұйымдастырылған ізгілікті іс – шаралар ой – өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымызға өз септігін тигізгені анық.
Абай ұлтымыздың болмысы. Ақын мұрасы мәңгілік өсиет ретінде бағаланады, ұлтымыздың капиталы, Қазақстанның бренді болып саналады. Бүгінгі жас ұрпақтың қастерлі борышы – қазақтың болмыс – бітімін, рухани өресін, мәдениеті мен әдебиетін әлемдік деңгейдегі өркениетті елдерге таныстыру. Сондықтан әр қазақтың шаңырағынның төрінде ұлттық бас аспабымыз үкілі домбырамен қатар Абайдың құнды кітаптары тұруы керек деп санаймын.
Мақпал Гимрановна ВАКИШЕВА,
Орал қаласындағы физика – математика
бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің
кураторы, Батыс Қазақстан облысы