НЗМ – Петропавл: Ерекше қажеттілігі бар балалар кабинеті

Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің физика пәнінің мұғалімі ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған кабинет ашты. Дамыту орталығы Даун синдромы, сөйлеу қабілетінің тежелуі, тірек-қимыл аппараттары қызметінің бұзылуы диагноздары қойылған жеткіншектерге арналған, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

Жаңа орталық “DIGITAL URPAQ” оқушылар сарайында жұмыс істейтін болады. Оның ашылу салтанатына “Назарбаев зияткерлік мектептері” ДББҰ төрайымы Күләш Шәмшидинова, облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова, мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың ата-аналары қатысты. Орталықта балалармен педагог-психологтар жұмыс істейді. Орталық Даун синдромына шалдығушылар арасында алғаш болып жоғары оқу орнын тамамдап, колледжде сабақ беретін испандық Пабло Пенедамен әріптестік байланыс орнатқан. Шетелдік маман жергілікті педагогтармен өз тәжірибесімен бөлісіп, жұмысқа бағыт-бағдар бермек.

Анастасия Швецтің тұңғышы Татьяна Даун синдромы диагнозымен дүниеге келген. Он бес жастағы бойжеткен бұған дейін үйде білім алады. Анасының пікірінше, баланың дамуы, қоғамға бейімделуі үшін ол аздық етеді. Сондықтан арнайы кабинет осындай жандарға үлкен көмек болмақ. – Ерекше диагнозы бар балалар карантин кезінде төрт қабырғаға қамалып қалды. Пандемияға дейін бір-бірімізбен кездесіп тұратынбыз. Балалар бір серпіліп қалатын. Осындай орталықтың қажеттігі жайында бұрыннан айтып келеміз. Мәселе оң шешімін тапқанына қуаныштымын, – дейді сырқат баланың анасы Анастасия Швец.

Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің физика пәнінің мұғалімі Дина Құдабаеваның бастамасын “Назарбаев зияткерлік мектептері” дербес білім беру ұйымының ұжымы қолдап, қажетті жабдықтарды сатып алу мақсатында қаражат жинаған. Игі іске “Bilim Media Group” компаниясы да демеушілік жасағанын атап өткен жөн.

– Өкінішке қарай, Петропавлда ерекше қажеттілігі бар балаларды дамытуға арналған орталықтар жоқ. Тек ақылы түрде жұмыс істейтін психологтар ғана бар. Сондықтан осындай бастама көтеріп, әлеуметтік мәселенің шешілуіне өз үлесімді қосуды жөн санадым. Оның басқаларға пайдасы тиеді деген үміттемін, – дейді Дина Құдабаева. Ұстаз бірнеше жыл бойы Петропавлдағы “Балалар ауылында” ерікті ретінде қызмет атқарып жүр. Ол әрбір бала тұратын жеріне, әлеуметтік мәртебесіне, денсаулығына қарамастан өз жұлдызын жаға алатынына сенеді.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий