НЗМ – Шымкент: Зияткерлер қазақ тілін үйрететін онлайн – медиатека жасады
Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10 сынып оқушылары Бөрте Құрбанбай, Жібек Әлиақбар, Альмира Әбдіқадыр және Аида Маликова U:hack идеялар фестиваліне қатысып, соның аясында 24 сағаттың ішінде мектепке жасына дейінгі және мектеп оқушыларына қазақ тілін үйрететін онлайн-медиатеканы жасап шығарды, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.
Олар әзірлеген «Ynta» жобасының мақсаты − қазақ тіліндегі медиа-файлдар, кітаптар мен фильмдер арқылы мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға қазақ тілін қызықты әрі танымды жеткізу, қазақ тіліне деген қызығушылықты арттыру.
Платформаның негізін қалаушылардың бірі Бөрте Құрбанбайдың айтуынша, жобаның идеясы − фильмді немесе сериалдың эпизодын қарау кезінде немес подкастты, я аудио кітапты тыңдау барысында мәтіндегі беймәлім сөзді белгілеп, сол сөздің мағынасын, орыс және ағылшын тіліндегі аудармасын, синонимдерін және сөйлемде қолдану мысалын бірден білу арқылы қазақ тілін үйрену, лексикалық және грамматикалық қолданысын кеңейту.
Ол үшін сайт қолданышуға беймәлім сөздің мағынасын көрсету және сөздікті толтыру функцияларымен қамтылған. Сондай-ақ, қазақ тіліндегі контенттің жетіспеушілігі, қазақ тілінде аударылған әлемдік әдебиет пен әлемге әйгілі фильмдердің шектеулі тізімі мәселесі де қыздардың жобасында орын тапты. Ол үшін қыздар әуесқой және кәсіби аударма және дыбыстаудың мамандарымен ынтымақтастық орнатуды ұсынған.
Загрузка...– Біздің жоба – әрі танымдық, әрі қызық контенттің симбиозы. Өз бетімен тіл үйренудің қаншалықты қиын екенін барлығымыз білеміз. Сондықтан тіл үйренуде жақсы нәтижелерге қол жеткізу үшін өзіңе қызықты нәрселерді қараған жөн, − деп атап өтті Альмира Әбдіқадыр. Айта кетелік, «U:hack» – инновациялық идеяларды іске асыруға арналған идеялар алаңы. Фестиваль аясында командалар 24 сағат ішінде ұйымдастырушылар берген тапсырмалардың оңтайлы шешімін тауып, оны жан-жақты ойластырып, өз жобасын ұсынады.