Ұлттық білім академиясында жаңа президент
Ғани Бейсембаев Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті болып тағайындалды. Ғани Бектайұлы 1969 жылы 3 маусымда дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетін қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған, PhD докторы.
Алматы облысының орта мектептерінде қазақ тілі пәнінің мұғалімі, мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры қызметтерін атқарды. Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясында ғылыми хатшы, Қапшағай қалалық білім бөлімінің басшысы, Алматы қаласындағы қосымша білім беру орталығының және Техника-экономикалық колледжінің директоры, EDTECH Халықаралық білім орталығының директоры қызмет сатыларынан өтті.
Тәуелсіз аккредитация және рейтинг агенттігі кеңесі мен ЖОО-ды Бақылау кеңесінің мүшесі, БҒМ жанындағы Білім және ғылым, балалар құқығын қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңесінің және түрлі республикалық және халықаралық комиссиялар мен кеңестерде сарапшы, білім саласына қатысты түрлі телехабарлардың, радио бағдарламаларының авторы және жүргізушісі әрі ғылыми кеңесшісі болды.
Республикалық басылымдарда 50-ге жуық ғылыми мақаласы жарияланған. ҚР мемлекеттік орта білім стандартын (1998 ж – қазақ тілі), 9 сыныпқа арналған қазақ әдебиеті бойынша хрестоматия, оқушыларға арналған «Мамандық таңдау кілті» оқу-әдістемелік құралын, ересектерге арналған «Кәсіби бағдарлау» әдістемелік кешенді жүйесін, «Импакт-фактор»: цитатаны талдау және оның ғылым әлеміндегі рөлі», «Жастарға патриоттық тәрбие беру моделі» әдістемелік құралдарын, «Жаппай білім берумен қамту» оқушылардың қозғалысын мониторингілеудің автоматты жүйесін, ҚР Жоғары оқу орнына даярлаудың технологиясын әзірлеуге үлес қосты.
«Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл» медалдарымен, Мемлекет басшысының алғыс хатымен, «Қазақстан Республикасы білім ісінің үздігі», «Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған. Бұған дейін Білім және ғылым министрлігі «Оқулық» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры қызметін атқарды.
Ұлттық білім академиясы – академиялық еркіндікті кеңейту және әлеуметтік жауапкершілікті көтеру негізінде білімнің қазіргі парадигмасын ілгерілету үшін барлық мүдделі тараптарды нығайтатын республикалық ғылыми-педагогикалық орталық.
Загрузка...