НЗМ – Қызылорда: Шетелдік мектептермен серіктестікті кеңейтуде

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі жанындағы  «TED-Ed Students Talks» клубы бірінші жарты жылдықты қорытындылады. Оқу жылының басынан бастап NIS тобы Грузия, Оңтүстік Корея, БАӘ, Вьетнам, Ливан және Үндістан мектептерін біріктірген бес ауқымды іс-шараға қатысып, өзара тәжірибе алмасты, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

«Amygdala» жобасы негізінде Үндістандағы Choithram School мектебі ұйымдастырған “Believing in yourself!” халықаралық вебинарында зияткерлік мектеп оқушылары  «Өзіңе деген сенім – денсаулық кепілі» тақырыбында таныстырылым жасады. Балалар жасөспірімдер арасындағы өзіне деген сенімсіздікті жою мәселесін шешуге байланысты идеяларын ұсынып, Оңтүстік Корея, Вьетнам, Ливан және Үндістандағы достарымен ой бөлісті.

Сондай-ақ  клуб мүшелері  білім беру мен оқытуды аккредиттеу жөніндегі ұлттық кеңесінің психологы және тренері Yogita Chablani баяндамасын тыңдауға мүмкіндік алды. Тыңдаушылар  емтихан кезіндегі қорқыныш пен стресті жеңу жолдары туралы ақпараттар алды. Қазан айында клуб мүшелері 9 «F» сынып оқушыларымен бірге  Choithram School мектебінің жоғары сынып оқушыларымен болған онлайн-сабаққа қатысты.

Шетелдік достардың жаһандық  жылыну проблемаларының себептері, салдары мен шешу жолдары туралы қызықты ақпараттарын тыңдай отырып, Қазақстандағы климат өзгеруінің салдары  және әлем бойынша  температураның көтерілуі елімізге, әсіресе  Қызылорда облысына  тигізетін әсері  жайында әңгімеледі. Қызылордалық спикерлер Арал теңізі проблемасын қозғап, оны құтқару үшін қандай шаралар жасалып жатқандығы туралы мазмұнды ақпарат берді.

Тбилисидің Ted-Ed Students Club  қатысушыларымен  өткен телекөпір пандемиядан туындаған ғаламдық проблемалар мен қиындықтар, сонымен қатар  әртүрлі елдердегі мектептердің қашықтықтан білім беру форматына көшуі туралы талқылауға арналдыБАӘ-нің Brightriders school оқушыларымен болған бейнебайланыс кезінде NIS білім алушылары өз елінің тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрлері жайында пікір алысты. Сондай-ақ, онлайн-оқытудың қиындықтарымен күресу жолдары туралы тәжірибе алмасты.

TED-Ed Students Talks Club – әлемнің 100-ден астам еліндегі он мыңдаған жастардың басын қосқан оқушылар сұхбаттасуының халықаралық жобасы. Қатысушылар өз идеяларымен бөлісіп, бірге талқылайды. Қызылордалық NIS бұл жаһандық желіге 2018 жылы ресми түрде қосылды. Бүгінгі таңда клубқа 7 мен 9 және 10-сыныптардың 20-дан астам оқушысы мүшелік етеді. Клубтың аймақтық үйлестірушісі және жетекшісі – ағылшын тілі пәні мұғалімі Камилла Қылышбекова.

Ұйымдастырылған шараларда   халықаралық қоғамдастық қатысушылары жаһандық мәселелерді зерттеуге, сыни ойлауға үйренеді. Сонымен қатар презентациялық  сауаттылық пен әлеуметтік эмоционалды оқыту дағдыларын дамытып, ағылшын тілін білу деңгейін арттыруға үлкен мүмкіндік алады.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий