Білікті менеджер мен көшбасшы мұғалім және кайдзен әдісі
Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген адам көш басын да алып жүре алмайды, – деген Әлихан Бөкейханов. Білім мемлекеттің интеллектуалдық және рухани ресурстарының сарқылмас бұлағы ретінде адам капиталының сапасын арттыруда басты рөл атқарады. Мемлекеттердің экономикалық және әлеуметтік жетістіктері ең алдымен олардың білім жүйесімен анықталады.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер –бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады». Білімді тұлғаны қалыптастыратын мектептің жүрегі – ұстаз, ұстаздың жемісті еңбек етуіне ықпал ететін, ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыратын, өз-өзіне сенімділігін арттыратын, бір идеяға шоғырландыратын, ұжымды жігерлендіретін, әрине, білікті менеджер. Осы кезде мектептің жол бастаушысы ретінде қандай әдісті ұстанамын. Әрине, рухани реформатор хәкім Абайдың «Толық адам» формуласын ұстана отырып, ақыл мен қайратты, жүректі бірдей ұстанса кадрлардың кәсіби біліктілігі мен деңгейінің өсетіні сөзсіз.
Мектепке неге көшбасшы мұғалімдер көптеп қажет? Менің ойымша, жауапкершілігі зор, өз әрекетінде істі аяқтауға деген ұмтылысы, мақсатқа жетуге деген табандылығы, мәселелерді шешуде сенімділігі, айналасындағыларға әсер ету қабілеті бар, өзгелерге жол көрсете алатын, қиындықты жеңе білетін белсенді тұлғалар ұжымда белсенді болса, мектептің желкені қайырылмай, түзу бағытта жүзеді. Жапон халқының жетістікке жету жолында кайдзен тәсілін кез келген салада қолданылады. Кайдзен философиясы – қай салада да сапаның құлдырауын күтпей, керісінше ағымдағы процестерді жақсартуға мүмкіндік іздеу. Әрдайым жетілдіруге, жаңаны іздеп табуға ұмтылыс білім беру жүйемізге ауадай керек.
Оқушының сапалы білім алуын, мұғалімнің сабақ беруде өзіндік стилін жоғарылатуғаұмтылып, қол жеткізетін нәтижені алдын ала көре білу қабілетінімізді дамытсақ, білім саласында көптеген кемшіліктер жойылар еді. Кайдзен әдісін мектеп тәжірибесінде қалай қолданып келемін? Біріншіден, мұғалімнің негізгі өнімі – оқушы. Оқушы алған білімін өмірлік дағдыға айналдыра білуінде педагогтің рөлі зор. Сабақтың сапалы, жүйелі өтуіне сабақты зерттеу үдерісі жолға қойылған. Сабақты зерттеу үдерісі нәтижесінде мұғалімдердің бойында кәсіби мәдениет қалыптасты.
Яғни, сапалы ұрпақ тәрбиелеуде ынтымақтаса, бірін-бірі үйрету арқылы нәтижелі жұмысқа қол жеткізді. Осы орайда ата-ананың шағымын «сый» деп қабылдаймыз, яғни ой түйе отырып, оқушының дамуына ықпал жасай аламыз. Екіншіден, кайдзен әдісі қандай жағдайда нәтиже береді? Әрине, педагог қызметкерлердің апталық жүктемесі, яғни жүктемеге орай алатын жалақысы бүгінгі күннің сұранысына жауап бере ала ма? Қосымша табыс көзін іздемей, мектепте алаңсыз жұмыстануына көңіл бөлу.
Үшіншіден, еңбегіне орай сыйақы тағайындау. Бұл ретте оқу жылының соңында жыл бойына облыстық, республикалық олимпиада жүлдегерлерін, ғылыми жоба байқауларының, шығармашылық сайыстардың жеңімпаздарын дайындағын ұстаздарға «Қамқоршылық кеңес» қорынан сыйақы беруді дәстүрге айналдырдым. Байқағаным мұғалімдердің бойында сауатты бәсекелестік қабілет оянды. Төртіншіден, оқу процесіне, мұғалімге қажетті құралдармен қамтамсыз ету. Мысалға, мектепте кең жолақты интернеттің іске қосылуы, ноутбук, моноблок, принтер, интерактивті тақтаның болуы да нәтижелі жұмысқа әкелді.
Қорыта келе, педагог Мағжан Жұмабаев: «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады» -деген. Еліміздің өркендеуі мен дамуына үлес қосатын – бәсекеге қабілетті құзыреттілігі қалыптасқан жас жеткіншек, жас ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беру жолында ұжымдағы әр мұғалімнің табысты еңбегі. Ынтымағы жарасқан ұжымды шыңға жетелейтін ол, әрине, білікті басшы. Біліміміз біліктілікке, білігіміз жемісті нәтижеге жеткізсе, мемлекетіміздің өркендеуіне қосқан үлесіміз.
Шынар Октябрқызы САҒЫНГАЛИЕВА,
Әлия Молдағұлова атындағы №38
мектеп-лицейдің директоры, Батыс
Қазақстан облысының Орал қаласы