Батыс Қазақстан облысында жеке инвесторлар бір мың орынға есептелген 4 жатақхана салуда
Орал қаласында жеке инвесторлар есебінен екі мектеп бой көтермек. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен білім саласындағы құрылыс жұмысына инвестиция тарту мәселесі жөнінде өткен кеңесте айтылды, – деп хабарлайды Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының баспасөз қызметі.
Жергілікті білім басқармасы басшысының орынбасары Аяжан Жүнісованың сөзіне қарағанда, жыл басында облыста 7 үш ауысымды мектеп болса, қазір бұлардың саны үшеу болып отыр. Ал апатты жағдайдағы жеті мектеп болса, бұл біреуге ғана кеміді. Қазіргі таңда бұл мәселені шешу бағытында облыста үш мектептің құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, Оралда №33, Қазталов ауданында 600 орындық А.Оразбаева атындағы, 60 орындық Сарықұдық мектебінің ғимараттары салынуда.
– Сонымен қатар өңірде мектеп құрылысы үшін жеке инвесторлар тарту жұмысы жүргізілуде. Күні бүгін үш ауысымдық мектептер жұмысын жеңілдету мақсатында «Нуркапстройгаз» ЖШС Оралға қарасты Зачаган кентінде 900 орындық мектеп құрылысын бастады. Ал «Каз-Холл» ЖШС апатты жағдайдағы №31 мектептің орнына жаңасын тұрғызбақшы, – деді Аяжан Бауыржанқызы. Індетке байланысты білім беру жүйесі қашықтан оқытуға көшірілгені белгілі. Қазіргі таңда барлық 379 мектеп интернет желісіне қосылған. Интернет сапасын арттыру үшін бюджеттен 56 млн теңге бөлінді. Облыс мектептерінде 15382 компьютерлік техника болса, соның 7324 немесе 47,6 пайызы ғана ҚР Білім және ғылым министрлігі талаптарына сәйкес келген еді.
Сондықтан қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін Үкімет қоры есебінен биыл 14970, жергілікті бюджет қаржысына 4449 дана компьютер алынды. Бұл компьютерлер қайтарымдық негізде мұқтаж оқушыларға берілді. Егер жыл басында әр 7 оқушыға бір компьютерден келсе, қазір төртеуіне біреуден тиіп тұр. Тағы бір маңызды мәселе – оқушылар мен білім беру мекемелері қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өңір басшысының тапсырмасына сәйкес облыс қазынасынан 482,4 млн теңге қаралып, барлық мектеп-балабақшалар бейнебақылау камералары және ғимарат ішіндегі әжетханалармен қамтылды.
Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, биыл Оралда Сервис және жаңа технологиялар колледжі «Аспазшы» ЖШС-ына сатып алу құқығынсыз 10 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға берілді. Қазіргі таңда Батыс Қазақстан индустриалдық колледжін «Орал трансформатор зауыты» ЖШС-ына осындай басқаруға беру үшін әзірлік жұмыстары жүргізілуде. Облыста 34 колледжде 17 мыңдай шәкірт білім алуда. ҚР Тұңғыш Президентінің «бес әлеуметтік бастамасы» аясында жеке инвесторлар бір мың орынға есептелген 4 жатақхана салуда. Осы жатақханалар іске қосылған кезде орын тапшылығы жойылады. Облыс әкімі Ғали Есқалиев көпқабатты үйлердің бірінші қабатында балабақша ашу үшін жеке инвесторлар тарту қарастырылып жатқанын, білім беру сапасына ерекше мән беру қажеттігін жеткізіп, осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.
Загрузка...