Жаңа жылдық жақсылық
Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің еріктілер тобы «Атамекен» балалар ауылының тұрғындарын Жаңа жылдық сыйлықтармен қуантты. Жақсылық жасау акциясына мектеп қауымдастығы мен қаланың белсенді кәсіпкерлері демеушілік қолын созды, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.
Қуанышқа толы ең ғажайып мерекеде жас зияткерлер «атамекендіктерге» тәттілер мен естелік сыйлықтар үйлестіріп, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Айта кету керек, «Қоғамға қызмет» жобасы аясында Зияткерлік мектепте волонтерлық қозғалыс жұмыс жасайды. Оның белсенділері өңірдегі қайырымдылық шаралардан қалыс қалмай, жабырқаған жандарға үнемі жақсылықтың нұрын төгуде.
Сондай-ақ, мектеп еріктілері аймақтағы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға, қайырымдылықтың дамуына волонтер болып қолдау көрсеткені үшін облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесі директорының Алғыс хатына ие болды.