Ұстаздық – ұлы қасиет
Ұстаз – деген ұлағатты атауды естігенде, күні бүгінге дейін өзімді шәкірттей сезінемін, – деген екен қазақ халқының ұлттық кино және театр өнерінде қайталанбас қолтаңбасын қалдырған атақты актер Серке Қожамқұлов. Осы орайда жүрегімдегі жылы сөзді тағылымы мол ұлағатты ұстаз Жамалова Алимаға арнағым келіп, қолыма қалам алдым.
Алима Ауезханқызы 1961 жылы қазан айының 10-жұлдызында Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы Құрылыс ауылында дүнеге келген. Темірастау орта мектебін 1978 жылы бітірген соң Қазақтың қыздар педагогикалық институтына қабылданады. 1982 жылы физика мамандығы бойынша диплом алған жас маман арнайы жолдамамен келіп, алғашқы еңбек жолын ауыл мектебінен бастаған еді. Біздің арнауылы оқу орнында физика пәнінің оқытушысы ретінде абыройлы еңбек атқарғанына биыл он бес жыл.
Жоғары оқу орнын тәмамдайтын 1982 жылы тұрмыс құрған жан жары Шерхан Қызылорда облысындағы Шиелі ауданының тумасы еді. Тағдырдың сынағы шығар таңдаған бақыты не бәрі 43 жасында дүниеден өтіп, шиеттей төрт баламен тоқырау заманында жесір қалған соң қаншама қиындыққа төзуіне тура келді. Тағдырдың ауыр жүгін арқалай жүріп, еш мойымастан ұл-қыздарын қатарға қосты. Перзенттерінің барлығы да бүгінде өмірден өз орындарын тапқан үлкен әулеттің бір-бір бұтағы.
Ұлағатты ұстаздың балдәурен балалық шағы еліміздің батыс аймағында өтті. Әуезхан әкесі темірден түйін түйген және ағаш өнерін жетік меңгерген шебер болатын. Механика тілін өте жетік меңгерген білікті маман ауылшаруашылығы саласында өмірінің соңына дейін адал еңбек атқаруымен елдің есінде қалды. Анасы пошта саласындағы есеп бөлімі мен коммутаторда жауапты жұмыстарды жүргізуімен қатар жанұяда алты баланы тәрбиелеп, бәрінің жоғарғы білім алуларына жайлы жағдай жасады. Алима Ауесханқызының кәсіптік білім беру саласындағы жас ұрпаққа білім берудегі жетістіктері мол. Ол отыз бес жылдық педагогтік қызметінде өзін майталман маман, тәжірилі тәлімгерлік қарымы мен қабілетін нақты нәтижелермен дәлелдей білді.
Әр сабағында жас ұрпақтың жеке ерекшеліктерін ескеріп, білім және тәрбие берудегі жаңашылдық үдерістерге шығармашылық ізденіспен салмақты үлесін қосты. Физика пәні бойынша «сыни тұрғыдан ойлау технологиясы» және деңгейлеп, дамыта оқыту технологияларын ұтымды қолдана біледі. Білімгерлерге заман талабына сай «ақпаратты коммуникациялық технологияны пайдаланудың тиімді жолдарын үйретуден жалыққан жан емес. «Токтың жұмысы мен қуаты», «Конденсаторлардың құрылысы және түрлері» «Тұрақты ток заңдарын қайталау» сияқты ашық сабақтары студенттердің қызығушылығын арттырғанына көзімізді жеткіздік.
Қашықтан оқыту кезеңінде пән бойынша сапалы бейне сабақтарымен ерекшеленуде. «Физикалық калейдоскоп», «Ойлан тап» «Физиканың жас білгірлері» тақырыптарын зерттеу барысында дараланған аға буын әріптесіміз шәкірттері үшін парасатты педагог, ұл-қыздарының аяулы анасы және немерелеріне ардақты әже. «Білімді ел-Образованная страна» республикалық газетті мен ақпараттық сайт арқылы еліміздің барша ұстаздар қауымына және колледждің ұйымшыл ұжымына, кемел кейіпкеріме жаңа 2021 жылда жемісті жетістіктер тілеймін!
Райхан Смағұлқызы ҚҰЛБАЕВА,
Шелек политехникалық колледжінің
кітапханашысы, Алматы облысы,
Еңбекшіқазақ ауданы