Қызылорда облысы: Он үздік ұстазға арнайы төсбелгі мен бір реттік сыйақы табысталды
Жаңа жыл мерекесінде аймақ жетекшісі Гүлшара Әбдіқалықова «Мәртебелі ұстаз – ел мерейі» атты сырбойылық табысты ұстаздарын марапаттау рәсіміне қатысты. Шәкіртіне білім мен тәрбие беруде еңбегімен айрықша көзге түсіп, аймақтың білім саласының дамуына ерекше үлес қосқан ұстаздар марапатталды, – деп хабарлайды Қызылорда облысы білім басқармасының баспасөз қызметі.
Педагогтардың кәсіби қызметін қолдау мен білім саласындағы елеулі еңбегіне орай ұстаздар арасында конкурстық негізде алғаш рет аймақтың ерекше төсбелгісі тағайындалды. Бұл марапат еңбегімен ерекшеленген жүзден аса ұстаздар ішінен лайықты құрметке ие болған ұстаздарға берілді. Байқау талабына сәйкес үздіктерді анықтау ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен бекітілген республикалық конкурстардың тізіліміндегі олимпиадалар мен ғылым жобалар, жарыстар, кәсіби конкурстардың жүлдегері атанған ұстаздарға табысталды.
Жиында аймақ басшысы бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздардың орны ерек екенін, бұл марапат ұстаздарға ерекше стимул беретінін ерекше атап өтіп, педагогтарды құттықтады. – «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген ұлы Абайдың теңеу сөзі өздеріңіздей жаңашыл ұстаздарға арналғандай. Сіздердің бүгінгі жас ұрпаққа беріп жатқан білімдеріңіз бен тәрбиелеріңіз оларды болашаққа бастайтын тура жол, айқын бағыт. Жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі табыстары, жетістіктерімен ерекшеленген ұстаздарды бүгін марапаттаймыз. Бұл құрмет аймағымыздың барлық ұстаздарының алдағы жұмыстарына үлкен серпін беретіндігіне сенімдіміз, – деді Гүлшара Наушақызы.
Салтанатты шарада байқаудың комиссия шешімі негізінде лайықты 12 ұстаз «Қызылорда облысының білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері атанды. Олардың қатарында №23 мектеп-лицейдің мұғалімі Айгүл Қиясова, Қазалы ауданы, №266 мектеп-гимназия мұғалімі Нұргүл Балғараева, Шиелі ауданындағы №47 мектеп-лицей мұғалімі Фатима Қасқабаева, «Алпамыс» балабақшасының тәрбиешісі Қалдан Тұяқбаева да бар. Сондай-ақ, шарада тұңғыш рет аймақ басшысының атынан 10 ұстаз 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі, яғни 833 мың теңгені құрайтын бірретік сыйақыны алды.
Қаржылай сыйақыға Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің бірлестік меңгерушісі Перуза Арғынбаева, Сырдария ауданы, №137 орта мектеп мұғалімі Ербол Сайлауұлы, Арал ауданы, №14 мектеп-лицей мұғалімі Жанна Кунарова, Жалағаш ауданы, №38 орта мектебінің мұғалімі Жанар Шілдебаева, Қармақшы ауданы, №80 мектеп-гимназия мұғалімі Серік Ниязов, Жалағаш ауданы, №201 мектеп-лицей мұғалімі Гүлдана Ермаханова, Жаңақорған ауданы, №52 орта мектеп мұғалімі Тұрсынбек Жұпарбаев, Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің мұғалімі Жания Ысмағұл, №6 ести қабілеті бұзылған балалардың арнайы түзету мектеп-интернатының дефектологы Мария Базар, №4 Дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының мұғалімі Айман Смағұл лайық деп танылды.
Айта кету керек, үздік ұстаздар анықталған конкурс ашық түрде ұйымдастырылған. Лайықтыларды анықтау комиссиясы құрамында тәжірибелі ұстаздар, қоғамдық кеңес төрағасы, облыстық мәслихат депутаты, Қызылорда облысындағы білім мен ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы, облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы, журналистер, «Ақмешіт-Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі болып, еңбегімен еленген ұстаздарды сараптады. Биыл өңірде педагогтарды қолдау шаралары қарқынды жүргізілді. Білім беру саласына өлшеусіз үлес қосқан он ұстаздың құрмет бейнесі қала көшелеріне ілінді.
Загрузка...Ұстаздар күні қарсаңында 40 үздік мұғалімге ноутбук, сексен тоғыз мұғалімге демалыс орындарына жолдама берілді. Осы жылы «Үздік білім беру ұйымы» конкурсында ауыл мектебі 17 миллион теңгенің сертификатын иеленді. Бұл бастама келесі жылы да жалғасып, қаржысы екі есе көбейеді. Соңғы он жылда он сегіз ұстаздың республикалық деңгейде «Үздік педагог» атанды. Облыс әкімі жиын соңында құрмет төрінен көрінген үздік ұстаздарға ерекше ілтипат білдіріп, алдағы жаңа жыл мерекесімен құттықтап, табыс тіледі.