Абзал – алғашқылардың бірі
Шымкенттік Абзал Қалдыбайұлы небәрі жиырма екі жасында «Robo Park» атты ерекше техникалық білім беру орталығын ашты. Иә, бүгінде көптеген салада роботтар – «ақылды» ойыншықтар тұрмысымызға дендеп ене бастады. Басқаны айтпағанда, төбеде қалқып жүріп кез келген іс-шараны камераға түсіріп алатын робот-дрондар мен үйімізді өзі тазалайтын робот-шаңсорғыштардың өзі неге тұрады?!, – деп жазады Түркістан облыстық “ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН” аймақтық газетінің сайты.

Дүние жүзінде робототехника ғылымы қарыштап даму үстінде. Өйткені, қазір көптеген салалар роботтардың көмегіне зәру. Жалпы, робототехника – құлтемірлерді дизайндеуге, құруға, қолдануға және олармен жұмыс істеуге бағытталған ғылым. Абзал – Көкшетаудағы Жанайдар Мусин атындағы педагогикалық колледждiң түлегi. Мамандығы – информатика пәнiнiң мұғалiмi. Алматы қаласында робототехника саласының қыр-сырын үйреніп, кейін Шымкент қаласында осы робототехниканы АКТ бағытта бағдарламалау тілдерін үйрететін үйірмелер жоқ екенін білген соң осындай үйірме ашуға шешім қабылдайды. 2017 жылдың наурыз айында робототехника орталығын іске қосқан.
Бұл жұмысын ол үш жыл бұрын кішігірім кабинетте бастаған. «Алғашқы кезде бір ғана құрастырушы жиынтық болды. Қиындықтар да кездесті. Алайда, қиындықты еңбекпен жеңдік. Қазіргі уақытта бұл орталықта өз кәсібінің шеберлері жұмыс істейді. Комиссия мүшелерінің алдында бизнес-жоспарымды қорғап, 505 мың теңге қайтарымсыз грант жеңіп алып, қажетті құралдар сатып алдым. Негізгі мақсатым – 4 жастан 16 жасқа дейінгі балалардың ақпараттық сауаттылығын арттырып, Шымкент қаласында робототехника саласын дамыту. Бүгінде мұндағы оқушылар спорттық робототехниканы меңгеріп, түрлі жарыстарға қатысып жүр. Көптеген сайыстардан жүлделі орындар алып та үлгерді. Қазір – робототехника заманы. Сондықтан өскелең ұрпақты инновацияға қарай талпындырумыз керек» дейді ол.
«Адам кітап оқуды тоқтатқан кезде, ойлауды да тоқтатады» дегенді ұстанған Абзал Әлібеков үнемі ізденіс үстінде жүреді. Түрлі кітаптар оқып, өзін бизнес және маркетинг саласында жан-жақты дамытуға тырысатын ол осылайша алғашқы нәтижелеріне де қол жеткізе бастады.
Загрузка...