Оқулық мәтінінің этномәдени сипаты

Кейінгі жылдары елімізде ұлттық бірегейлік, қазақстандық бірегейлік жөнінде жиі сөз қозғалды. Бірегейлік жайын саясаттанушы, философ, әлеуметтанушы, мәдениеттанушы ғалымдардың әрқайсысы өз тарапынан, әр қырынан қарастырып, жан-жақты талдады.  Соңғы 10-15 жылда осы тақырыпқа арналған көптеген ғылыми еңбектер жазылды, диссертациялар қорғалды. Түрлі халықаралық республикалық конференциялар ұйымдастырылды.

Бұл мәселенің маңыздылығын, өзектілігін көрсетеді. Азаматтық, этникалық және ұлттық бірегейлік мәселесі күн тәртібіне шығарылып, ол жөнінде биік мінберлерден сөз қозғалуына қазіргі жаһандану үдерісі кезінде Қазақстанды, соның ішінде, қазақ ұлтын әлемдік қауымдастықтың өзіне неғұрлым көбірек ұқсайтын бөлшегі ретінде көргісі келетін сырттың мүддесі де, еліміздің ішкі бірлігін қайтсек нығайтамыз деген өз мүддеміз де түрткі болып отыр. Осы елдің байырғы халқы қазақтармен бірге тарихи тағдыр тоғыстырған түрлі ұлт өкілдері қатар өмір сүріп жатқан біздің елде қазақстандық бірегейлікке айрықша мән берілуі орынды. Өйткені мемлекетіміздің дамып, өркендеуі үшін ел халқының бірлігі өте маңызды. Әртүрлі дінге сенетін, әрбасқа тілде сөйлейтін, дәстүрі мен өнерінің өзіндік ерекшеліктері бар ұлттар мен ұлыс өкілдерін ортақ мақсат-мүдде төңірегіне топтастыру аса жауапты міндет.

Оны айтпағанда, тіпті жеке бір ғана қазақ ұлтының өз ішіндегі бірлігі мен татулығын, өзара түсіністігін қамтамасыз ету де өте маңызды факторға айналып отыр. Қазақ ұлтының этникалық бірегейлігі оның өкілдерінің бір құдықтан су ішіп, бір елде тұрып, бір жердің ауасын жұтуы арқылы ғана қалыптаспайды. Этникалық бірегейлікке қол жеткізуге негіз болатын күш – ұлттық сана. Ал ұлттық сананы қалыптастыру ұлтымыздың болашағы саналатын жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесі, білім көзі мен мәдени кеңістігінің бір болуымен тығыз байланысты. Әсіресе, этномәдени білім кеңістігінің бір болуы бірлігі мықты, біртұтас халықты қалыптастыруда аса маңызды рөл атқарады.

Ондай этномәдени білім кеңістігін отбасы, ата-ана тәрбиесі, мектепке дейінгі мекемелер (балабақша, түрлі дамыту орталықтары) мектеп, колледж, жоғары оқу орны, ұлттық-мәдени орталықтар, курстар құрайды. Бүгінгі қазақтың ұл-қызының өсіп-өнуіне жан-жақты ықпал етіп отырған осы кеңістік қандай?  Осы кеңістікті қандай білім мазмұнымен, қандай ақпаратпен толтырып отырмыз? Мұның сыртында бүкіл қоғамдық сананы қалыптастыруға айрықша әсер етіп отырған ақпараттық кеңістік тағы бар. «Не ексең – соны орасың». Мұхтар Әуезов айтқандай, «Еккенің тікен болса, орғаның балауса болмас».

Қазірі ұрпақ санасына не сіңіріп, қандай білім дәнін егіп жатсақ, ертең соның жемісін жинап, егінін орамыз. Мәселеге осы тұрғыдан қарағанда, мектеп білім ордасы болса, ал мектеп оқулығы – білімнің қайнар көзі. Сондықтан да ұлттық бірегейлік туралы сөз еткенде оқулықтағы білім мазмұнына ерекше мән беруге тура келеді. Топтық бірегейліктің этностық және ұлттық деп ажыратылатын екі түрінің бір-бірінен өзіндік айырмашылықтары бар. Этностық бірегейлік мәдени және тарихи қауымдастық негізінде, ал ұлттық бірегейлік саяси-мемлекеттік факторлар негізінде айқындалады. Саясаттанушы, философ мамандар Қазақстанда ұлтшыл-патриоттардың қазақ бірегейлігі мен қазақстандық бірегейлікті бір-біріне қарсы қойып, соңғысының этникалық бірегейліктің нығаюына кедергі келтіріп отыр деп санайтынын айрықша атап айтады.

«Қазақ бірегейлігі мен қазақстандық бірегейліктің қарама-қайшылығы Қазақстанда ұлттық бірегейліктің айқындалып, қалыптасуына кедергі болып отыр» деген тұжырым жасайды. Жалпы ғалым еңбегінде біздің елдегі ұлттық бірегейліктің этникалық бірегейлікке негізделіп қалыптасуы қажет деген қорытынды жасалады. Сондай-ақ ол осы еңбегінде тіл мен тарих этномәдениеттің негізі екенін атап көрсете отырып, «Тіл – Қазақстанның этномәдени символизмінің өзегі» (Язык как ядро этнокультурного символизма Казахстана) деп түйіндейді. Бұл тұжырымдарды негізге алатын болсақ, отандық оқулықтағы этномәдени мазмұнға ерекше мән берудің көкейкестілігі, өзектілігі еш күмән туғызбайды.

Оқу бағдарламасына сәйкес жазылған оқулық мазмұны негізінен ондағы мәтіндер арқылы беріледі. Сол себепті мәтінді түзу немесе дайын мәтінді таңдап алып оқулыққа енгізу кезінде онда ұлттың төл сипаты, мәдениеті,  оның дүниетанымдық ерекшелігі, өзіндік мінез-құлқы мен психологиясы көрініс беріп тұру мәселесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Егер біз ұлттық сипатымызды сақтап, қазақтық қалпымызды жоғалтқымыз келмесе, өз мәдениетіміздің өміршең болуын қаласақ, онда оқу бағдарламалары мен оқулықтарымыз да соған бағытталуға тиіс. Оқулықтан оның қай мәдениеттің өкіліне арналғандығы, білім алушының, тәрбиеленушінің санасына қандай мәдениетті, нендей ұлттық құндылықты сіңіру мақсат етілгендігі байқалып тұруы керек.

Әрине, әдебиет, тарих, қазақ тілі сияқты ұлт болмысымен тығыз байланысты пәндердің оқулықтарында қазақ мәдениеті ерекше көрініс беріп, этникалық бірегейлікке үндеп тұратын мәтіндердің көп болуы табиғи нәрсе деуге болады. Алайда тек гуманитарлық, қоғамдық ғылымдар негіздері жөнінде білім беретін оқулықтар ғана емес, жаратылыстану, техника ғылымдарының негіздерін оқытатын ұлттық оқулықтарда да мәтіннің этномәдени сипатына мән берілгені дұрыс. Бұл тұрғыда бізге жиырмасыншы ғасыр басында алаш оқығандары жазған төл оқулықтар үлгі бола алады. Қазақ тілінде жазылған төл оқулықтарды айтпағанда, өзге тілдерден аударылған оқулықтардың өзін алаш білімпаздары қазақ баласының таным-түсінігіне барынша бейімдеп берген.

Оқулықты қазақ ұғымына, ұлттың тұрмыс-тіршілігіне лайықтап жазудың, аударудың жарқын үлгісін алаш көсемі Әлихан Бөкейхан еңбектерінен көруге болады. Сөзіміз дәлелді болу үшін Әлихан Бөкейхан аударған К.Фламмарионның «Астрономия әліпбиі» («Общедоступная астрономия») еңбегінен бірер мысал келтірелік. Мәселен: «Известно, что тень от какого-то предмета напоминают своим видом самый этот предмет. Если перед стеною, освещенною солнцем или лампой, поместить квадратную тетрадь, то тень от этой тетради на стене будет также квадратною. Тень же от мячика будет круглою, как бы мы ни повёртывали мяч». (К.Фламмарион. Общедоступная астрономия. – Берлин, 1922. С.21).

«Көлеңке нәрсе секілді: ат көлеңкесі ат секілді, кісі көлеңкесі кісі секілді, құс көлеңкесі құс секілді. Күнге қарсы төрт бұрышты қағаз ұстасақ, көлеңкесі де төрт бұрышты болады. Шамға, лампаға – әйтеуір – жарыққа допты, құмалақты ұстасақ – көлеңке дөңгелек болады». (Әлихан Бөкейхан. Шығармаларының толық жинағы. – Астана, 2013. 8-том. К.Фламмарион. Астрономия әліппесі. Аударған Қыр баласы. 232-бетте). Түпнұсқадағы мәтін мен оның қазақ тіліндегі аудармасының айырмашылығы өте үлкен. Екінші мәтінді де түпнұсқа, авторлық мәтін деуге толық негіз бар. Ә.Бөкейхан астрономия авторының айтқан ойын, қазақ ұғымына, ұлт дүниетанымына бейімдеп, қазақ оқырманына арнап мәтін түзеді. Өзі түзген мәтінге ол түпнұсқада мүлде жоқ «ат», «кісі», «құс», «құмалақ» сияқты атауларды мысал ретінде алады.

Себебі, бұл ұғымдар қазақ оқырманының, ұлт тілінде білім алушының қабылдауына жақын. Осыны ескерген аудармашы мақсатты түрде түпнұсқадан «ауытқиды». Екінші мысал: «…Земной шар должен быть привешен на огромной золотой цепи, укрепленной в небесной тверди, подобно тому, как висит люстра у потолка». (К.Фламмарион. Общедоступная астрономия. – Берлин, 1922. С.33). «Жер желбауға байланған көнектей, алтын жіпке байлаулы, аспанға асулы дескен» (Әлихан Бөкейхан. Шығармаларының толық жинағы. – Астана, 2013. 8-том. К.Фламмарион. Астрономия әліппесі. Аударған Қыр баласы. 242-бетте).

Бұл аудармадан да біз алдыңғы мысалдан көрген өзгешелікті байқаймыз. Дәлірек айтқанда Ә.Бөкейхан аудармасын оқыған адам оны аударма деуден гөрі таза ұлт тілінде жазылған еңбек деп қабылдауына болады. Француз ғалымы жазған ғылыми-танымдық еңбекте тек қазақ тұрмысына тән «желбау», «көнек», «алтын жіп» сияқты этнографиялық ұғымдардың қолданылуы мүмкін бе? Әрине, бұл атаулар түпнұсқада атымен жоқ. Ал аудармашы Ә.Бөкейхан мұнда да қазақ баласының астрономияны өз ұғымдары, күнделікті тұрмыста өзі тұтынатын заттар арқылы мейлінше жеңіл қабылдауын, түсіндіріліп отырған материалдың ұғынықты болуын ойлаған. Сол себептен де осы мысалдарды өз жанынан қосқан.

Үшінші мысал: «Ай» деп аталатын кітаптың тоғызыншы тарауы орысшасында «Кто не испытал удовольствия любоваться Луною, когда вечером она сияет на чистом небе?» – деп басталатын болса, оны аудармашы: «Алтыбақан теппеген, ақсүйек ойнамаған, жарық Айдың қызығын пайдаланып қуанбаған алашта бала бар ма екен?» (8-т. 296-б.) – деп аударады. Бұл үзіндіде де «алтыбақан тебу», «ақсүйек ойнау» сияқты ұлттық ұғымдар мен «алаш» сөзі француз ғалымының еңбегіне енеді. Мұның бәрі сол еңбекті «жерсіндіру», астрономияны қазақ қауымы жатсынбай өзіне жақын ғылым ретінде қабылдауы үшін жасалып отырған аудармашының тәсілі, саналы әрекеті екені анық.

Төртінші мысал: «Таким образом во всех точках одного и того же меридиана, одновременно занимающих прямое против Солнца положение, полдень будет в одно тоже время. Но другие места Земли не успели еще к этому моменту занять такое же положение или уже прошли его. Поэтому различные точки земной поверхности не могут иметь одновременно один и тот же час дня. Только те из них, которые расположены на одном и том же меридиане (Москва, Тула, Ливны, Славянск, Мариуполь), встречая полдень в одно и то же время, также одновременно будут иметь один и тот же час в течение всего дня и всей ночи» – деген абзацты аудармашы ықшамдап, қысқаша былай аударады: «Мысалы, Мәскеу, Тула, Смоленск, Мариуполь қалалары бір меридианда, көгендегі қозыдай, желідегі құлындай, бұлардың түсі, кеші, өзге уақыты күндіз болсын, түнде болсын – бір» (8-т. 262-б.).

Ықшамдалып аударылған осы жолдардағы «көгендегі қозыдай», «желідегі құлындай» деген теңеулер көшпелі өмір салтынан әлі қол үзе қоймаған, одан көп ұзап отырықшылық пен қала өміріне бейімделіп кетпеген өткен ғасыр басындағы қыр қазағы, астрономия ғылымы туралы алғаш мәлімет алып отырған қазақ баласы жанына жақын қабылдайды. Өйткені бұл мысалдар олардың төл тұрмысынан алынып отыр. Дәл осы сияқты «Земля кружится около солнца» деген тақырыпты ол «Қазықтан айналған аттай, жер күннен айналады» (8-т. 266-б.) деп аударады. Сондай-ақ осы кітапта бұл мысалға ұқсас «Күн қазық, Жер қазықтан айналған арқандаулы ат» (8-т. 288-б.) – деген де түпнұсқада жоқ сөйлемдер кездеседі. Қазақ ұғымына қандай жақын мысалдар. Қазық қағып, ат арқандап өскен, қазықтан айналған атты көріп жүрген қазақ баласы үшін қандай түсінікті мысал, жанына жақын көрініс. 

Айта берсек, келтіре берсек алаш көсемінің еңбектерінде мұндай мысалдар өте мол. Ә.Бөкейхан аудармаларының ұлттық сипатын, өзіндік ерекшеліктерін аша түсу үшін тағы бірнеше мысалды орысша мәтінінсіз беруге болады. Мысалы: «Жер аңшы, ай тазы. Жер өз орбитасында Күннен айналамын деп жосытып барады, Ай – тазы Жерді қуып, Жерден айналады» (8-т. 308-б.); «Бұл ала қойдай анық» (8-т. 360-б.); «Комета қойдан момын» (8-т. 376-б.). Осы жоғарыдағы келтірілген мысалдардағы сөйлемдер түпнұсқада мүлде жоқ, болуы да мүмкін емес. Өйткені ол француздар елінен алыс жатқан, Азия құрылығындағы ұлы дала халқының өмір-тұрмысынан алынған мысалдар. Француз оқымыстысы К.Фламмарион үшін олар түсіне кірмейтін бейтаныс ұғымдар.

Алайда сол французға бейтаныс ұғымдарды пайдалану арқылы қазақтың оқымысты ұлы Ә.Бөкейхан француз ғалымы К.Фламмарион еңбегін қазаққа барынша жақындатқан. Қазаққа өз топырағында пайда болған, өз ұлы жазған төл еңбектей етіп аударуды мақсат еткен. Авторы белгілі аударма еңбек дегеніміз болмаса, шынында да ол Ә.Бөкейханның қаламынан шыққан төл туындысы сияқты болып аударылған. Оған жоғарыдағы мысалдар дәлел бола алады. Қыр баласы аударған «Астрономия әліппесінде» бұдан өзге де ондаған ұлттық ұғымдар мен қазаққа ғана тән сөздер мен сөз тіркестері бар. Нәтижесінде бұл еңбектің авторы француз демесеңіз аудармасы таза қазақы, ұлттық сипаты басым кітап болып шыққан.

Еңбекте қолданылған мына сөздер мен сөз тіркестері де аударманың ұлттық сипат алуына себеп болған атаулар: қоралы қой, үйірлі жылқы (287-б.), сақа айғырдай, жетек (337), сабаз атандай, енсін айнала шапқан құлындай (337), байлаулы бұзау (8-т. 359-б.), ат сатып алатын кісідей айналдырып қарап (8-т. 364-б.), жауырын жағып, құмалақ салып (8-т. 365-б.), шылбырға арқандаған аттай, арқаны ұзын аттай (384-б.), үріккен қойдай (8-т. 401-б.), көкпардағы лақтай (8-т. 408-б.), тазыдай аш бел (9-т. 205-б.), сүндет ат (9-т. 24-б.), алтыбақан, асық, ауыл, әткеншек, бақан, бөрік, желі (құлындарды байлайтын), киіз үй, көк өгіз, қамшы, құмалақ, қымыз, сірке, уық, шаңырақ, көгендегі қозы, желідегі құлын, үйдің белбеуі, тақия, төр, қазақтың бәйге аты, қара мал тобығы, қозы тобығы, қой құмалағы, қошқар құмалағы, түйе құмалағы және тағы да басқалар.

Мұндай мысалдарды Ә.Бөкейхан аударған бұл еңбектен әлі де келтіре беруге болады. Алайда мақала көлемі көтермейтіндіктен осы мысалдармен шектелеміз. Т.Шонанұлы 1925 жылы «Жаңа мектеп» журналында жариялаған «Мектепте аймақ тану» деген мақаласында: «Отан мәдениеті мен дүние мәдениетінің шегі жойылып барады; арасы байланысып барады; сондықтан балаға мәдениет байланысын, бұған әсер беретін табиғат заңдарын қарастыру керек, дейтін ағым бар еді. Мұны отан тануды мәдениет тануға айналдыру деуші еді», – деп жазады. Алаш зиялысының бұл мақаласынан көп ұлттың басын біріктіріп, бір мәдениет төңірегіне топтастыру мақсатын көздеген КСРО-ның саяси курсы, идеологиясы байқалады.

Дәл қазіргі кезеңде одан да күшті, қарқынды  мәдениеттерді тоғыстырып, ұлттық бірегейліктен айыратын әлемдік үрдіс, көрініс беріп отыр.  Ол – жаһандану.  Бодандық салдары мен Кеңес одағы құрамында болған кезеңдегі үстем мәдениет ықпалына әбден ұшыраған біздің жағдайымызда жоғалтқанымызды қайта қалпына келтіріп, этникалық бірегейлігімізді нығайту көп күш-жігерді қажет ететін айрықша маңызды міндет болып отыр. Осы аталған мақаласында Т.Шонанұлы «Біздіңше, қазақ мектебінде аймақ деп бүтін Қазақстанды айту керек. Оның себебі мынау: Қазақстанның табиғаты Ресейдің басқа жерінен өзгеше. Ол табиғат әсерінен елінің кесібі, тұрмысы да өзгеше.

Сондықтан Қазақстан өз алдына аудан, аймақ. …Қазақстан табиғаты, кесібі, қоғам тұрмысы барлық пырағырамды көктей өтсе, кез келген жерден Қазақстан иісі шығып тұрса ғана аймақ тану болады», – деген тұжырым жасайды. Білімпаздың бұл жазғандарынан ХХ ғасыр басында білім беру, ағарту ісімен айналысқан, оқу бағдарламаларын түзіп, оқулық жазған алаш зиялыларының ұлттық бірегейлікті сақтауға айрықша мән бергені айқын көрініп тұр. Ол Қазақстан табиғатының, тұрмысы мен кәсібінің өзгешелегін атап көрсете келіп, «кез келген жерден Қазақстан иісі шығып тұрса» дейді.

Әлеуметтік әрі мәдени кеңістігімізді ұлт мүддесіне сәйкес қалыптастырамыз десек, болашақ ұрпақты тәрбиелейтін оқулық мазмұнын мықтап қолға алуға тура келеді. Бүгін халқымыздың рухани және материалдық мәдениеті айқын көрініс тапқан оқулықтардан білім алған жас қауым ертең ұлттық бірегейлігімізді анықтайды. Қазақстанның мәдени кеңістігін солар қалыптастырады. Ал мәдени кеңістік жеке адамның, тұлғаның қалыптасуына негіз қалайтын аса маңызды орта. Ол ұлт мәдениетінің өркен жаятын, ұлттың өзін еркін де жайлы сезініп, өсіп-өнетін алтын бесігі.

Оның қалыптасып, ұлт мәдениетінің үстемдік құратын шағын көруіміз үшін ұлттық мәдени құндылықтар ұрпақ санасына отбасынан, балабақшадан бастап сіңіріліп, мектепте пәндік білім берумен қатар бекітіліп отыруы қажет. Ол үшін оқулықтың, оқулықтағы негізгі білім мазмұнын қамтитын мәтіннің, мәтіндік ақпараттың этномәдени сипатына ерекше мән берілуге тиіс. Бұл – ұлттық оқулыққа қойылатын негізгі талаптардың бірі ретінде танылып, оқу бағдарламасы мен мектеп оқулықтарының алтын арқауы, өзегі ретінде оның өн бойынан көрініс тауып отырса, этнос мәдениетіне негізделген ұлттық бірегейлікке қол жеткізуге берік негіз қаланады.

Қазақстан халқының негізін құрайтын қазақ ұлтының мәдениетін өзек етіп отырып қалыптасқан бірегейлік бүкіл ел болашағының жарқын болуына кең жол ашатын ахуал туғызады. Республика жұртшылығының басым бөлігі, осы жердің байырғы, жергілікті халқы өзін өз үйінде жүргендей сезінетін әлеуметтік-мәдени кеңістіктің қалыптасуы тарихи, құқықтық, саяси және жалпы адамдық тұрғысынан да әділетті жағдай болар еді. Оқулық пән мазмұнын жүйелі жеткізіп, сапалы білім берумен қатар ұлт болмысын, ұлттық сананы қалыптастыруға да қызмет етсе екен дейміз. Сонда ғана ол ұлт мәдениетінен нәр алған елін сүйетін нағыз отаншыл азаматтарды, ұлттың тұлғалары мәртебесіне ие болады.

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, 
филология ғылымының докторы,

профессор, ҚР ҰҒА академигі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий