Солтүстік Қазақстан облысы: 2020 жылы тағылымға толы тарихы бар білім ордасы жаңа ғимаратқа көшті

Былтырғы жыл­дың көңілге медеу ұялатып, жанға жігер беріп, үмітке қанат бітірген оқиғаларының бірі – ұзақ жылдар көнерген нысанды паналап кел­ген Қожаберген жырау атындағы №6 қазақ орта мектебінің жаңа ғимаратқа көшуі. Білім ұясы есігін айқара ашқан күн мың шақты оқушы мен олардың ата-аналары үшін мерекеге айналды, – деп жазады осы білім ордасының директоры Мұстафина Сайран Бикенқызы облыстық “СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН” газетінің сайтында жарияланған мақаласында.

1937 жылы іргесі қаланған ғимарттан биыл су жаңа зәулім мектепке көшіп, қуанып жатқан жайымыз бар. Дәл білім күні қарсаңында үш қабатты ғимараттың таспасы қиылып, ақ түйенің қарны жарылды. Туған ордамыздың жаңа мекенге құтты қонуы – біздің Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің ұжымы мен оқушылары үшін осы жылдың басты айшықты да мерейлі оқиғасына айналғаны жасырын емес. Бұдан былай біздің тәрбиеленушілеріміз балдәурен шақ­тың балауса қызығын осы құтты орында өткізіп, сапалы білім мен тәлімді тәрбие ала алады.

Білімгерлер саны артып, жаңа оқу жылын 968 оқушымен бастадық. Жаңа ғимаратымызда бәрін жаппай таңертеңгі уақытта оқытып, түстен кейінгі сағаттарды сабақтан тыс, қосымша білім беру шараларына арнау мүмкіндігінің барына ұстаздар да тәлімгерлеріміз де қуанып қалды. Бір өкініштісі, әлемді жайлаған аты жаман дерттің салдарынан жаңа мектепті орта және жоғары сынып оқушылары әлі көре алмай отыр. Cебебі, олар осы оқу жылының бірінші тоқсанынан қашықтан білім алуда. Тек бастауыш бөлімдегі кезекші сыныптың балақайлары ғана екі кезекте штаттық режімде оқып жатыр.

 

Жаңа мектептің қасиетті табалдырығын аттап, игілігін көріп үлгерген бастауыш сынып оқушылары өздеріне жасалған жағдайға алғыстарын білдіруде. Кең әрі зәулім мектебімізде заманауи кітапхана, шеберхана, тігін шеберханасы, әмбебап акт залы, барлық спорттық құралдармен жабдықталған үлкен спорт залы, зертхана кабинеттері, кең, жайлы асханамыз бар. Бүлдіршіндерді мектептегі оқуға даярлайтын шағын орталық үшін де арнайы орын бөлінді. Пәндік кабинеттер LED экрандармен, интербелсенді тақталармен, лингафондық жабдықпен, білім алуға қажетті басқа да құралдармен қамтамасыз етілді.

Спорт залынан бөлек, мектептің ауласында футбол, баскетбол және волейбол алаңдары, оқушылардың сыртта жаттығу жасауларына мүмкіндік беретін спорт құрылғылары орнатылды. Оқушыларымыз қысқа уақыт ішінде осы мектепте алған білімдерін дәлелдеп, жоғары көрсеткіштерімен көзге түсіп жүр. Білім бәйгелерін қалт жібермейтін олар қанжығаларын жүлдемен майлап, мұғалімдеріміздің еңбегін ақтап келеді. Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай тұңғыш рет қашықтан пән олимпиадалары ұйымдастырылды. Оқушылардың білімдері сыналатын бұл додада 10-сынып оқушысы Теміртас Нұрсайынның математикадан 3-орын, 10-сынып оқушысы Сандуғаш Саматиланың химия пәнінен 3-орын алғанын естіп, бір марқайып қалдық.

Тарих пәніне ерекше қызығушылық танытқан 10-сынып оқушылары Дарина Кемел бірінші, Сабина Нугумова үшінші, 11-сынып оқушылары Қайни Қаражігітова бірінші, Алдияр Ерсайын үшінші орындардан көрініп, мерейіміз тағы артты. Ұстаз – келер күннің ұстасы болса, мектебімізде олардың біліктілігін арттырып, білімдерін жетілдіруге де бар жағдай жасалған. Педагогтардың кәсіби шеберліктерін шыңдау мақсатында Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай қашықтан өткен облыстық “Жүзден жүйрік” сайысында Дарима Сагдеева бі­рінші орынды еншіледі. Ал Айнұр Акишева “Үздік психолог” бай­қауының облыстық және республикалық кезеңдерінде үшінші орыннан көрінді.

Тізе берсе, ауыз толтырып айтарлық табыстарымыз толып жатыр. Әр баланың, әр ұстаздың жетістігі, біздің мектептің беделін арттырып, мерейін асырады. Бізге сыйланған жаңа мекен ұжымымызды одан әрі жігерлендіріп, білек сыбана еңбек етуге септеседі. 2020 жылдағы айрықша оқиға – жаңа зәулім ғимаратқа көшуіміз – біздің мектебіміз үшін ғана емес, қала тұрғындары үшін, облыстың дамуы үшін, ұлтымыздың болашағы үшін жасалған маңызды қадам болды деп есептейміз. Жаңа жылымыз да табысқа толы болып, биік асуларды бағындыра берейік.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий