Аймақ басшысының сыйақысын иеленген қазалылық колледж ұстазы

Еліміздің білім саласының дамуына үлесін қосып, кәсіби білікті мамандар дайындап, еліміздің зияткерлік  әлеуетінің өсуі мен қазақстандық білім беру жүйесіне зор үлесін қосып жүрген ұстаздардың еңбегі қашанда зор. Қазалы аграрлы – техникалық колледжінің табалдырығын 1991 жылғы қыркүйектің бірі күні аттаған, қазіргі кезде ұжымның ғана емес, елдің сыйлы ұстазына айналған жан – Жәния Ысмағұл.

Жәния 1970 жылғы қыркүйек айының 10-ы күні Қазалы қаласында дүниеге келген. 1987 жылы осы шағын шаһардағы Ғани Мұратбаев атындағы №17 қазақ орта мектебін бітірген ол 1991 жылы Алматы технологиялық техникумын техник – технолог мамандығы, 2005 жылы А.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық университетін жоғарғы білімді филолог, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы мамандығы бойынша тәмамдады. Жәния өз мамандығы мен кәсібін меңгерген білікті маман. Әрдайым қызметінде жұмысқа деген ұқыптылығымен, тиянақтылығымен көрініп жүрген ұстаз.

Өзінің қызметін құрметтейтін, жауапкершілікпен қарайтын, барлық шараларға қатысудан жалықпайтын мұндай ұстаздың ісі кім – кімге де үлгі аларлықтай. Ж.Ысмағұл колледжішілік педагогикалық оқуларға үзбей қатысып, жастарға жол сілтеп келеді. Сонымен қатар «Қазақ жазуының тарихы және латын графикасы», «Қазақстан білімі мен ғылымы: заманауи әдістемелер және инновациялар, практикалық қолдану тәжірбиесі», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»: Білім беру қызметкерлерінің кәсіби өсуі – білім берудің жаңа сапасы», «Бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны қалыптастырудағы инновациялық технологиялардың рөлі мен маңызы» атты облыстық ғылыми – практикалық конференциялар мен «Білім берудегі инновациялар мен тәжірбие уақыт талабы»,  «Қазақ елі бір ауыз сөзім саған …» тақырыбындағы Мағжан оқуларында бірнеше рет баяндама жасап, облыс көлемінде іс – тәжірибелерімен бөлісіп келеді.

Өзінің ерінбейтін еңбекқорлығымен іс – тәжирибелерін баспасөз беттеріне үнемі ұсынып, мақалалары «Кәсіптік білім көкжиегі», «Ұстаз мәртебесі», «Ұстаз үні» газеттерінде жарияланып жүр. Осындай шығармашылық жұмыстарының нәтижесінде «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ, Қызылорда облысы филиалының ғылыми кеңесінің шешімімен «Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында дамыта оқыту технологиясын пайдалану» тақырыбындағы әдістемелік нұсқаулығы оқу процесінде пайдалану үшін облыстың техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушыларына ұсынылды.

Білікті ұстаздың шәкірттер тәрбиелеу жолындағы жетістіктері жетерлік. Дәріс берген студенттерін жыл сайын «Дарын» республикалық ғылыми – практикалық орталығы ұйымдастырған  республикалық интернет олимпиадасына қатыстырып, жүлделі орындармен марапатталуда. Студенттері Мерей Мәмбетов пен Мадияр Оралбай «Абай – ұлы даланың ұлы есімі» облыстық байқауында І, ІІІ орындарды иеленсе, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай ұйымдастырылған облыстық  ғылыми – практикалық конференциясына қатысқан студенті Алтынай Ерболқызы алғыс хатқа ие болды. «Алаш алыптары» облыстық байқауына қатыстырған студенттері Мерей Мәмбетов пен Динара Тілеулес жүлделі орын тұғырынан көрінсе, «Ұлы Дала Елі» эссе байқауына қатыстырған студенті Гаухар Тұрғанбай ІІІ орынды иеленді.

Мемлекеттік тілді меңгерген орыс жастарын анықтау және ынталандыру, мемлекеттік тілге құрметпен қарауды қалыптастыру, тіл мәдениетінің деңгейін арттыру мақсатында ұйымдастырылған орыс жастары арасында қазақ тілі білгерлерінің «Тіл – халық жанын танудың кілті» атты аудандық байқауына  студенті М.Шамин, «Мақсұтым –  тіл ұстартып өнер шашпақ» атты аудандық Абай оқулары байқауына студенті М.Шамин мен Д.Барков қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Әрине, бұл ұстаз еңбегінің жемісі.

Ұстаздық қызметімен қатар колледждің қоғамдық өміріне де белсене араласады. Колледж бойынша «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы, Әйелдер Кеңесінің төрайымы. Қазалы аудандық Әйелдер Кеңесінің мен «Қазақ тілі» қоғамының белсенді мүшесі. Колледждегі педагогикалық кеңес пен директор жанындағы кеңестің хатшысы. Көп жылғы еңбегі еленіп жүрген ұстаздың ауыз толтырып айтар марапаттары да жеткілікті. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасын иеленіп, абыройы асқақтады. 2017 жылы Республикалық  «Қазақ тілі» қоғамының Екінші дәрежелі «Қазақ тілі» төсбелгісін кеудесіне тақты.

Әр жылдары Қызылорда облысы әкімінің Алғысымен, Қызылорда облысының білім басқармасының, Қызылорда облысының білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының, «Өрлеу» АҚ Қызылорда облысының білім беру қызметкерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының, «Қазақ тілі»  қоғамының облыстық, аудандық филиалының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын иеленген. 

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы Аймағамбетовтың «Жұмыста міндетін өте жақсы орындаған кез келген маман тиісті түрде ынталандырылуы керек. Жұмыста міндетін өте жақсы орындаған кез келген маман тиісті түрде ынталандырылуы керек. Бұл қызметтегі өсу ғана емес, белгілі бір жетістіктер үшін берілетін ақшалай сыйақылар немесе грамоталар мен төсбелгілер болуы мүмкін. Тіпті жұмыстың сапалы орындалғаны үшін басшылық тарапынан айтылатын алғыстың өзі үлкен мотивация береді.» – деген сөзі Жәниядай ұстазыма айтылғандай.

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қолдауымен былтырғы жылдың соңында алғаш рет 12 ұстаз аймақтың ерекше белгісі «Қызылорда облысының білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін» медалімен марапатталып, он ұстаз 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі бірреттік қаржылай сыйақының иегері атанды. Солардың қатарында – Қазалы аграрлы – техникалық колледжінің жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Жәния Ысмағұл да бар.

Сыйақы иегері Жәния Ысмағұл жүрекжарды лебізін былайша жеткізеді: «Педагогтардың кәсіби қызметін қолдау мен білім саласындағы елеулі еңбегіне орай ұстаздар арасында конкурстық негізде алғаш рет аймақ басшысының бірреттік сыйақысының иегері атанғаныма қуаныштымын. Облыс әкімімен жүздесіп, әкімнің қолынан марапат алғанда төбем көкке бір елі жетпей қалды десем де болады. Еңбек жолымда ауызбіршілігі мықты бір ұжымда табан аудармай отыз жыл жасаған адал еңбегімнің өтеуі деп білемін. Осындай дүбірлі додаға сенім артып жіберген Қазалы аграрлы – техникалық колледжінің директоры Мусаев Арман Қонысбайұлына, лайықтыларды анықтаған комиссия мүшлелері мен Қызылорда облысы білім басқармасының басшысы Қасымова Ақзира Бақтыбайқызына шынайы алғысымды білдіремін.

2020 жыл басқа да көптеген мерейлі әріптестерім сияқты менің өзім үшін де ерекше жыл болды. Бұл ұйымшыл ұстаздар ұжымының жарты ғасырлық мерейтойыма жасаған тосын сыйлары деп білемін. Ұстаздар мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталсам, жаңа 2021 жыл қарсаңында Қызылорда облысы әкімінің 833 400 теңге сыйақысын иелендім.  Ұстаздық жолда еңбек етіп келе жатқан жас әріптестеріме айтарым  тынымсыз ізденіс нәтижесі еленеді, шығармашылық табыс шыңға жетелейді,” – дейді. Ұжым мүшелері әріптесіміз Жәния Ысмағұлдың бұл марапаттарын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңындағы тартуы ретінде биік белесіне бағалайды. Колледжіміздің маңдай алды ұстазына білім саласындағы қажырлы қызметінің баянды болуын тілейміз!

Шәрбану БАЕКЕЕВА, 
Қазалы аграрлы – техникалық
колледжінің әдіскері, 
Қызылорда облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий