Алматы облысы: Райымбек ауданында 140 бүлдіршінге арналған балабақша ашылды
Райымбек ауданындағы Сарыбастау ауылында тоқсан орынды бөбекжай балабақшасы күрделі жөндеуден өтіп, игілікке беріліп еді. Енді, міне, бес мың халқы бар Сарыжаз ауылынан 140 орынды «Күншуақ» бөбекжай балабақшасы күрделі жөндеуден өткізіліп, балапандар қуанышқа кенелді, – деп жазады Алматы облыстық “ЖЕТІСУ” газетінің сайты.
– Құрметті ауыл тұрғындары! Жақсылыққа, қуанышқа не жетсін? 2020 жылы аудан орталығын айтпағанда, өңірде үш орта білім шаңырағы, атап айтқанда, М.Мақатаев, Қ.Шорманов, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептер күрделі жөндеуден өткізіліп, оқушылар мен ұстаздар заманға лайық білім ордасына ие болды. Оның сыртында Қақпақ, Жамбыл ауылдарында жаңадан дәрігерлік шаңырақтар көтеріліп, ел игілігіне берілді. Міне, енді Сарыжаз ауылындағы Кеңес Одағы тұсында салынып, кейін бос қалған бөбекжай балабақшасы заманға лайық күрделі жөндеуден өтті. Қуаныштарыңыз құтты болсын!
Осынау жылы да жайлы балабақшасынан болашақта Тәуелсіз Отанымыздың тірегі болар азаматтар көптеп шықсын! Балабақшаның іші балапандарға толсын! – деді балабақшаның салтанатты ашылуында Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергенов. Өңір басшысы, сонымен қатар, осынау ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп берген «Еңбек» ЖШС директоры Әбілдаев Құрбан Тәліпханұлы бастаған құрылысшылар қауымының атына жүрекжарды алғысын айтты.
«Күншуақ» бөбекжай балабақшасында 6 топ бойынша 140 балапан мектепалды тәлім мен тәрбие алатын болады. Жалпы, аталған шағын орталықта жұмыс істеген жандар осы балабақшаға орналаспақ. Бюджеттен 277 миллион теңге қаражат бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстарымен айналасқан «Еңбек» ЖШС-нің құрышқолды құрылысшыларына алғыстан басқа айтар жоқ. Құрылыс жұмысы жүріп жатқан кезде көзіміз көргендей, жер сілкінісіне қауіпсіздік іс-шараларын бекемдеп, қажырлы жұмыс істеді. Іргесі мықты, діңі берік, жайнаған балабақшадан көңіліміз көтеріліп аттандық.
Загрузка...