Ұрпақ тәрбиесі – болашақ тірегі
Бала тәрбиесі – басты байлығың, кешіксең көретінің қайғы мен мұң, – дейді хакім Абай. Адам бойында рухани құндылықтар болмаса, олардың орнын ешқандай терең білім толтыра алмайтынын баршаға аян. Жастар тәрбиесінің болашағы – оларды жан-жақты дамыған әрі бәсекеге қабілетті тұлға ретінде қалыптастыру. Қашықтан оқыту технологиясы кезінде біздің арнаулы оқу орны тәрбие жұмысын сапалы жүзеге асыру мақсатында әр педагог, куратор шығармашылық ізденіспен еңселі еңбек етуде.
Тәрбиедегі басты мәселе – білімгердің тұлға аралық қатынасын дәріптеу, замандастарымен, отбасы мүшелерімен бірлікті бекемдейтін жақсы қарым – қатынасын орната білуі. Ол үшін өзге адамдарды түсінуі, қабылдауы, әр тұлғаның даралық ерекшелігін жасына, ұлтына қарамастан саналы түсіне білуі, өзіне сын көзбен қарап, жеке көңіл ауаны мен атқарған іс – әрекетінің есебін түсініп, атқарылған қызметке баға бере алғанда оның болашағы биікте болары сөзсіз. Білімгер оқытушы берген білімді игеріп қана қоймай, оны әрі қарай өзінің белсенді, нысаналы, зерделі, дарындылық іс – әрекетімен сабақтастыру арқылы терең дамытқан кезде ғана болашағы кемел болары сөзсіз.
«Тәрбиедегі мақсат – адам деген атты құр жала қылып жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару». – деген екен алаштың арқалы ақыны Мағжан Жұмабаев. Осы ұлағатты сөзді басшылыққа алған әріптестер тәрбиелік мәні зор әр түрлі акциялар, іс-шаралар өз деңгейінде өткізеді. Қашықтан оқытуда тәрбие жұмысын тиімді ұйымдастырудың негізгі үш тиімді аспектілері: кейс технологиялық, телекоммуникация арқылы, интернет технология əдістерін пайдалану екені белгілі. Адамгершілік тәрбиесі жастардың қоғамға, отбасына, білімге, бейбіт өмірге қатынасын қалыптастыратынын әрбір ұстаз есте ұстағаны абзал.
Қашықтан білім беру кезеңінде әрбір студентпен байланысқа шығып,, олардың сабаққа дер кезінде қатысып, тапсырмаларды уақытында орындауына ықпал етуде. А.Сәлімбай, И.Михайлиди, Ж.Шыңғысова, А.Каримова, Н.Қасқабасова, В.Ахметова сияқты топ жетекшілері өз міндеттерін үнемі жауапкершілікпен атқарады. Ата-аналармен тығыз байланысқа шығып отырады. «Ата заңым-айбыным» тақырыбында ел Конституциясының 25 жылдығына арналған тарих пәнінің мұғалімі Ж.Шынгысованың, оқытушылар Б.Байториева мен И.Михайлидидің «1-қыркүйек –Білім күні» бейнебаяндары тәрбиелік мазмұнымен ерекшеленді.
Барлық мүмкіндікті пайдаланып, білімгерлердің бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың шығармашылық, қоғамдық, әлеуметтік белсенділігін арттыру мақсатында көптеген іс-шаралар: қайырымдылық акциялары, челленждер, “On Line” дөңгелек үстелдерге қоса байқаулар және «Абай оқулары» ұйымдастырылды. «Сын сағаты» деректі фильмі көрсетіліп, атқарылған шаралардың нәтижесі таныстырылым түрінде ұсынылып, талқыланды. «Колледж менің жүрегімде» атты видеороликтің өзіндік орны бар. Себебі асқаралы алпыс бес жылдық колледж тарихынан сыр шерткен бейнебаянда ТКББ сексен жылдық мерейлі мерекесіне орай ұйымшыл ұстаздар ұжымының кешегі күннен бүгінге дейінгі жетістіктері баяндалған. Білм алушы бес топ бойынша ватсап режимінде бірінші курс студенттеріне арналған ата-аналар жиналысы өткізілді.
Әр дүйсенбіде келесі тәрбие жоспарының бағыттары бойынша, тақырыптар бойынша кураторлық сағаттар жүйелі түрде өтеді. Көптеген іс-шаралар, атап айтқанда, қайырымдылық акциялары, қауіпті індеттің алдын-алу шараларын түсіндіру жұмыстары, Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы, әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Қазақстан халқының бірлігі күні, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған іс-шаралар, кәсіби бағдар жұмыстары, әлеуметтік желілерде түрлі конкурстар, «Рухани жаңғыру» тақырыбында куратор сағаттары өткізілді. Бірақ бүгінгі таңда бұл жаңашылдыққа ата-аналардың пікірі сан түрлі. Бірі бұл жүйені қолдаса, екіншілері кері көзқарастарын білдіруде.
Ғаламтор, телефон, ноутбук сияқты құрылғылар бойынша қашықтан тәрбиелік шараларды жиі ұйымдастырудамыз. Осы мақсатта ғаламтор желісі арқылы вирустан қалай сақталу керек екендігі жайлы жадынама, роликтер таратылды. Осы заманғы адамгершілік тәрбиесі жекелеген бағыттарға емес, адамгершілік құндылықтарға негізделгендіктен колледждегі жастар комитеті барлық шараларға белсене қатысады. Адам – ең әуелі пайымды парасатының биіктігімен көрікті. Қашанда мәдениеті жоғары адам айналасындағылармен қарапайым қарым-қатынаста болатыны сөзсіз.
Адамгершілік тәрбиесі білімгерлерді адамгершілік ұғымы, мінез-құлық нормалары жайындағы біліммен кемелдеңдіреді. Оларды оқып үйренумен шектелмей, оқу, тәрбие, еңбек процесінде іске асырғанда адамгершілік олардың сеніміне айналатыны белгілі. Колледж білімгерлерімен қашықтан оқытуға көшуіне байланысты тәрбие жұмысының жүйесі ZOOM, YouTube, Skype, Whatsapp цифрлық платформалары арқылы қосымша білім беру, бос уақытын ұйымдастыру мақсатында онлайн сабақтар өткізілді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың барша отандастарымызға арнаған кезекті Жолдауы ұжым мүшелерінің басқосуында жан-жақты зерделеніп, колледж директоры Қ.Дүйсебаевтан бастап бір топ белсенді тәлімгерлердің мазмұнды мақаласы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.
«Қазақстан Республикасы колледждерінің 100 үздік студенттеріне» 150409 2 «Электр жабдықтарына техникалық қызмет көрсететін электромонтер» мамандығының 97 тобының 3 курс студенттері Мұхаметхан Жансая және Черепкова Виктория қатысты. Қорыта келгенде, әлем елдерінің барлығы сандық жүйеге көшіп жатқанда, қашықтан оқытудың біздің елдің білім алушылары үшін де берері көп. Еліміздің алдағы уақытта өркениетті мемлекеттер қатарынан көрінуі, білімді әрі білгір ұрпақты тәрбиелеу заман талабына сай білім алудан, жаңашылдықтан бастау алатыны белгілі.
«Жаңа адамды тек жаңашыл ұстаз ғана тәрбиелей алады». Өнегелі адамды тек өнегелі ұстаз ған тәрбиелей алады. Әріптестеріме айтарым, жаңа жылда жаңа серпінмен жастарға тәлімі мол тәрбиелі жолда шаршамайық, ізгілік нұрын себуші ұлағатты ұзтаздар! Жасандылықты қаламайтын, уақыт талабынан қалмайтын бойындағы барлық ізгі қасиетін жастарға дарытатын жастар болашағының шоқтығын биікке көтеретін жаңашыл ұстаздар екені даусыз.
Изимжан Абдикеримович ТУРГАНОВ,
Шелек политехникалық колледжі директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Алматы
облысының Еңбекшіқазақ ауданы