Кітап – сарқылмас қазына
«Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деген ұлағатты сөзде қаншама мағына, қаншама терең ой жатыр десеңізші?! Ғылым мен техника, жоғары технология дамыған осы жаңа ғасырда да бәрінің бастау алар қайнар көзі – кітап. Әр кітап өзінше бір құпия. Рухани азық іздеген, көзі ашық, көкірегі ояу әрбір адамның келер шаңырағы – кітапхана.
Кітапхана – сапалы білімнің сенімді кепілі. «Адамға ауа қандай қажет болса, кітапхана да сондай қажет», – деген көрнекті жазушы Оралхан Бөкейдің сөзі кітапхананың өмірдегі орнын дәл айқындап тұрған жоқ па? Кітапхана – оқырман мен кітап арасындағы негізгі алтын көпір іспеттес. Қазіргі таңда оқырманның өскелең талабын қанағаттандыру, жалпы қабілетін дамыту, жоғары эстетикалық талғамын қалыптастыру міндеттерін іске асыруда кітапханалардың алатын орны ерекше. Кітапхана – сапалы білімнің қайнар көзі десек, адам жаны – небір жақсылық пен кереметтің, ізгі ниетінің қайнар көзі. Бүгінде ғылыми-техникалық прогресс пен адамзат өркениеті қаншалықты жедел қарқынмен дамып, әлемді ақпараттық технологиялар билеп, кез келген кітаптың мәтінін әп-сәтте интернеттен тауып алатын жағдайға жетсек те, кітапхананың орны бөлек екені бәрімізге мәлім.
Қалаған кітабыңды қолыңа ұстап, парақтап оқып, керекті ойларыңды белгілеп, жазып алып, еркін пайдаланғанға не жетсін?! Интернет қорында да ондай жағдай бар-ау, бірақ кітаптың аты кітап қой! Осы орайда тағы бір айта кететін мәселе – кітапхана ісі. Кітапхана ісі заман талабына қарай күрделеніп, әрбір қызмет аясында жаңа технологияларға негізделген белестердің орын алуы, кітапханашы мамандығын жаңа бет-бұрысқа қалыптастырып келеді. Ата-бабаларымыздың «Асыл – тастан, ақыл – жастан» деп қапысыз айтқан сөзіндегі, қоғам алдында өз ісін шынайы сүйіспеншілікпен атқаратын кітапханашы мамандардан жаңа серпінді бастамалар күтілуде екенін байқадым.
Әрине, теледидар, радио және интернет желілері бойынша сағат сайын берілетін толассыз жаңалықтар легін қанағат тұтқан жұртшылық кітап оқуды сиретіп бара жатқаны ащы шындық. Жиырмасыншы ғасырдың соңында адамдар жаңа технологиялық тасқынның куәсі болды. Компьютер мен интернет, жаңа байланыс құралдары, қызмет көрсетудің жаңа түрлері, ғылыми жаңалықтар, осының бәрі оқушылардың ойына да өз әсерін тигізбей қоймады. Сондықтан кітапхана қызметкерлері түрлі іс-шаралар жүргізуді жөн санады. Биылғы оқу жылында біздің білім ордасында белгіленген жоспарға сәйкес «Интернет орнына кітап» акциясы өз жұмысын бастады.
Мектептің кітапханашылары Қаңғылбай Ақерке, Шаймерденова Вера және директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Рахымжан Бағдагүл жүргізіп отырған аталған акцияның мақсаты оқушылар арасында кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, кітаптың құндылығын насихаттау болып табылады. Акцияға екінші сыныптан бастап 11-сынып оқушылары мен мұғалімдер кітап қорын жинауға белсенді түрде атсалысып, нәтижесінде 350-дей кітап жиналды. Оның ішінде әртүрлі жанрлар қамтылған. Атап айтқанда, көркем әдебиеттер, қазақ ақын-жазушыларының шығармалары мен басқа да шет ел әдебиеттері, психологиялық еңбектер және балалар әдебиеті. Кітап қорын жинауда көш бастап 36 кітап тапсырған 8 «Б» сыныбы болса, екінші көрсеткіште 28 кітаппен 7 «Б», 27 кітаппен 10 «Б» сыныптары болды.
Оқушылар арасында ең көп 22 кітап өткізіп бірінші орынды 8 «Б» сыныбының оқушысы Сәтхан Диас иеленсе, 2-орынға 15 кітап өткізген 5 «В» сынып оқушысы Әлібек Адема қол жеткізді. Үшінші орынмен 11 кітаппен 6 «Ә» сынып оқушысы Бахитова Айдын мен 8 «А» сынып оқушысы Мақсат,10 «Ә» сынып оқушысы Қонысова Измира марапатталған болатын. Акцияға тек оқушылар ғана емес, мектептің қызметкерлері де қатысты. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бағдагүл Рақымжанқызы бастап, өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі Патима апайымыз, орыс тілі пәнінің мұғалімдері Алтынай Сүлейменқызы мен Айнұр Жанұзаққызы да акцияға өз үлестерін қосып, белсенді жұмыс жасағанын атап айтқым келеді.
Бұл акцияның жұмыс жоспарына сәйкес 11 қараша күні кітап қорын жинауға белсене қатысқан сыныптар мен оқушыларды мектеп директорының алғыс хатымен, бағалы сыйлықтармен марапаттау салтанаты өтті. Осы шара оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығының артуына бірден-бір себеп болды және оқырмандар саны да күннен күнге көбеюде. Өмірде бар нәрсе өзгереді, тек кітапхана халық қажетіне жарап, ғасырлар бойы жасамақ. Осы құндылығымыз ешқашан жоғалмай, келешек ұрпақ асыл қазынамыздан нәр алып, сусындай берсін, кітаптың және осы кітаптың жинақталар жері – кітапхананың қашанда тұғыры биік болсын дегім келеді.
Вера Абатқызы ШАЙМЕРДЕНОВА,
№74 мектеп-гимназиясының кітапхана
меңгерушісі, Нұр-Сұлтан қаласы