Заман талабы – қашықтан білім алу
Ел аумағында төтенше жағдай жариялануына байланысты барлық білім беру мекемелері мен арнаулы және жоғары оқу орындары қашықтан оқуға көшті. Оқушылар мен ұстаздарға таңсық форматтағы онлайн оқу әдісі алғашында көңілге үрей ұялатқаны рас. Қашықтан оқыту – мұғалімнің оқушыларға алыстан ақпараттық технологияларды қолдану арқылы білім беруі.
Бұл заманауи тәсіл бойынша оқытушының негізгі міндеті білім алушыныңөз бетінше жұмысын басқару; мақсат пен міндеттерді қою; білім алушылардың арасында өзара байланысты ұйымдастыру; оқу процесін бақылау. Оқушылар интернеттің көмегімен қашықтан білім алуы барысында комьютер, ноутбук пен қалта телефоны арқылы интернет желісіне қосылса болды. Дамыған елдер онлайн арқылы білім алуды бастағалы біраз уақыт болды. Бірақ бізде қалыс қалып жатырған жоқпыз. Қашықтан оқытуды еліміз бойынша міндетті түрде дамыту керек. Себебі бұл жаңа жүйе білім беру саласына көп пайда әкеледі.
Бұл бағытта барлық пайдаланушыларды қолжетімді жаһандық желімен әрі компьютермен кеңінен қамту мәселелерін шешу қажет. Өзім еңбек етіп жатқан біздің білім ордасындағы көп балалы жанұяларға қоса аз қамтылған отбасыларды сұраныстағы қажетті құралдармен толықтай қамтамасыз етілген. Осы орайда оқушыларға 418 рутор мен үш жүз ноутбук таратылды. Бұл дүниелерге ата-аналар жауапты болады және оқу жылының аяғында мектепке әкеліп тапсырады. Арнайы мамандандырылған интернет платформалары арқылы ұйымдастырылатын сабақтарға еш қиындықсыз қатыса алады.
Бұл цифрлық жүйелер оқушыларға берілетін сабақты немесе бұрын талқыланған тақырыпты қайта қарауға, кері байланыс орнатуға, жеке дара оқыту мен тапсырмаларды орындауға зор мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл формат тестілеу жұмыстарын үйлестіруге және алған білімдерін бағалауға жағдай жасайды. Бұрын бұл әлеуетті компаниялардың білім беруі ақылы болса, заман талабына сай біздің балалар барлық керек ақпаратты және платформаларды тегін пайдалануға кірісті. Сондықтан ата-аналарға платформаларды білу және бағыт пен бағдар беруіміз қажет.
Әр мұғалім өзінің шәкіртінің әлеуметтік жағдайын және интелектуалдық деңгейін білуі шарт. Сонда ғана білімнің сапасын жоғалтпаймыз. Бұл өте маңызды. Білімленд және онлайн мектеп платформаларындағы электронды мәліметтерді ұсынып қызықтыра білуіміз керек. Әр мұғалім оқушылардың алдында ғана тұрмағанын әрдайым естен шығармау керек. Өйткені әр тапсырманы оқушы ата-ана, туған туыстарымен бірге талқылайды. Соған байланысты мұғалім сабағын мұқият дайындауы керек. Пән мұғалімдері ата-аналармен ынтымақты күшейтіп, берік байланысын арттыруы керек. Оқушыларға қашықтан оқудың тағы бір жолы танымдық телеарналарды жібермей қарағаны дұрыс.
Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен бейнесабақтар республикалық танымал телеарналардан көрсетілуде. Эфирді көруге үлгермей қалған оқушылар бейнесабақтар мен қосымша тапсырмаларды, сондай-ақ сабақты бекітуге арналған жаттығуларды bilimland.kz сайтында тәулігіне 24 сағат тегін «Online Mektep» бөлімінен қарай алады. Компания мамандары сайттың оқушыларға қолайлы әрі түсінікті болуы үшін, қолдануға жеңіл, қарапайым функцияларды енгізген. Сонымен бірге, мұғалім мен оқушы арасында кері байланыс орнату, үй тапсырмаларын тексеру мен бағалау тетіктері ойластырылған.
Сабағымыздың сапасын түсірмей, ертеңгі ел болашағы, оқушыларымыздың білімін табандылықпен арттырайық. Қашықтан білім беру техникаларының бар мүмкіндігін үйрене берейік. Бұл – заман талабы. Қашықтан білім алу курстары мен вебинарға қоса семинарлардан білімімізбен біліктілігімізді арттырған пайдалы. Мен бұл жауапты жұмысқа белсене қатысқан ата-аналар мен әріптестерге сәттілік тілеймін!
Сәуле Есмұрзақызы ЖАДРАСИНОВА,
Мәшһүр Жүсіп атындағы №57 орта мектептің
бастауыш сынып мұғалімі, Нұр-Сұлтан қаласы