1866 – 2021: Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан 1866 жылғы наурыз айының 25-і күні бұрынғы Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының 7-ші ауылында дүниеге келген. Ата тегі – Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымы. Арғы атасы – атақты Сұлтан Барақ. Қазақтың соңғы хандарының бірі Бөкей осы Сұлтан Барақтың баласы. Бөкейден Батыр, одан Мырзатай, одан Әлиханның әкесі Нұрмұхамед туады.
Әлихан жасынан зерек, алғыр болып өскен. Әкесі оны Қарқаралыға алып барып, жергілікті молданың оқуына берді. Бірақ кішкентай Әлихан молданың оқуына қанағаттанбай, қаладағы үш сыныпты бастауыш мектепке өз қалауымен ауысады. Оны бітіргеннен кейін Қарқаралы қаласының қазақ балаларына арналған метепте жеті жыл оқыған. 1886 жылы Омбыдағы төрт жылдық техникалық училищеде, одан кейін Санкт-Петербург қаласындағы Орман шаруашылығы институтының экономика факультетінде білім алды.
Әлихан Бөкейхан Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне төтенше емтихан тапсырып, заңгер дипломын да алып шыққан. Ал оқудан кейін Омбы қаласына қайта оралып, орман шаруашылығы училищесінде математика пәнінен оқытушы болып жұмыс істейді. Сол кезде “Степной край” газетінің редакция алқасына кіреді. Әлихан Бөкейхан қазақтың сиыр, қой және жылқы шаруашылығы туралы іргелі зерттеулерді ғана емес, тарих, этнография, әдебиет пен фольклорге арналған жүздеген мақала жазды. “Қозы Көрпеш – Баян Сұлу”, “Ер Тарғын”, “Ер Сайын” сынды халық ауыз әдебиетінің бірнеше үлгісін жинақтап, баспадан шығарды.
1916 жылы жер аудару мерзімі бітіп, Самарадан Орынборға келген Әлихан бірден қаланың қоғамдық, саяси өміріне араласып кетеді. Қаланың қазақ тұрғындары атынан қалалық думаға сайланады. Артынша, 1917 жылдың желтоқсанында бүкіл қазақтардың құрылтайында Қазақ автономиясы жарияланып, Әлихан Бөкейхан сол алғашқы Қазақ автономиялы республикасының тұңғыш төрағасы болып сайланады. 1937 жылғы қыркүйектің 27-інде қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаған аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым Әлихан Бөкейханов жалған айыппен Мәскеуде өлім жазасына кесіледі. Үкім сол күні-ақ жүзеге асырылды.
Құрметті оқырман қауым! Сіздердің назарларыңызға осыдан он жыл бұрын (06.03.2011 ж) республикалық “АЛАШ АЙНАСЫ” газетінде жарияланған сол кездегі «Азаттық» радиосының веб-редакторы, әлихантанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлұлының “Әлихан қазақты болашағы зор, өте дарынды халық деп сүйген” тақырыбындағы сұхбат әңгімесін толық мәтінде ұсынамыз.
Сұлтан Хан аға, біраз уақыттан бері Әлихан Бөкейхан мұрасын зерттеумен айналысып келесіз. Еңбегіңіздің нәтижесі деуге болар, Алаш көсемі еңбектерінің 7 томдық толық шығармалар жинағын шығару үстіндесіз. Жалпы, белгілі бір тұлғаның өмірін зерттеп, мұрасын жинастыру барысында ғалымдар сол адамды жаңа қырынан тани түскендей болады. Мұны, бәлкім, жаңа деректердің табылуынан, мәліметтердің толығуынан десек те болар. Осы тұрғыдан алғанда, ХХ ғасырдың басында ұлттық Тәуелсіздікті мақсат тұтқан, қазақтың саяси ойы мен іс-әрекетінің жетекшісі болған шоқтығы биік тұлғаны сіз қай қырынан тани түстіңіз? – ХХ ғасыр басындағы қазақтың ұлт-азаттық Алаш қозғалысының саяси жетекшісі Әлихан Бөкейхан – ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі ғана емес, осы қозғалыстың теориялық негізін қалаушы. Жалпы, сол Алаш қозғалысының саяси стратегиясын бастан-аяқ анықтап, өзінің үзеңгілестерін осы жолға салған ең алдымен Әлихан болатын. Әлекең Ресей Думасы арқылы қазақтың мұң-мүддесіне қажетті, қазақтың жерін сақтауға қажетті заң жобаларын әзірлеп, сол Дума арқылы өткізуге барлық күшін салды.
Әлихан бастаған Алаш қозғалысы өкілдерінің мені таңдандырған дүниесі олардың халыққа кіршіксіз көңілі мен көзқарасы, сүйіспеншілігі еді. Бұлар осы қасиеттерімен өздерінен кейінгілерге үлгі-өнеге көрсетті. Мен жақында тарихшы, Жапониядағы Хоккайдо университетінің профессоры Томохико Уямамен әңгімелестім. Ол қазақтың ХХ ғасыр басындағы Алашорда автономиясының тарихын зерттеп жүр. Сол кісінің айтуынша, ХХ ғасыр басындағы Алаш зиялыларының кейінгілерден айырмашылығы сол – олардың ұстанған позициясы, идеологиясы халыққа қызмет ету болды. Міне, Әлекең бастаған Алаш арыстары осы қырымен ерекшеленеді.
Қазіргі қазақ тарихшыларында әлі де кеңес дәуірінен қалған жасқаншақтық сақталып, ұлт тарихына біржақты қарау көзқарасы қалып отыр. Зерттеулерінде өзінің ашық, сыни көзқарасын көрсете алмайды. Ал бірақ та сол қазақтың басына қанқұйлы заман орнаған жиырмасыншы жылдардың басында-ақ Әлекеңнің қазаққа жасаған жақсылығына, сіңірген еңбегіне, қосқан үлесіне мейлінше әділ бағасын бергендер болды. Мәселен, жазушы-драматург, жиырмасыншы ғасыр басындағы көрнекті қоғам қайраткері Қошмұхаммед Кемеңгерұлы өзінің «Қазақ тарихынан» атты тарихи очеркінде Әлекең туралы былай деп жазды: «Үкіметтің қара қуғын жасаған күндерінде, айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшін басын құрбан қылған ат төбеліндей ғана азамат тобы болды, бұл топты баулыған – Әлихан. Оның қазаққа істеген тарихи қызметі әдеби тіл тууына себеп болды. Өзіне ерген топты діни фанатизмге қарсы тәрбиеледі. Бұдан барып татардан іргесін аулақ салған қазақ ұлты туды».
1922 жылы Әлекең Мәскеудегі КСРО халықтары кіндік баспасының (Күншығыс баспасы деп те аталды) Қазақ секциясында әдеби қызметкер болып істеп жүрген кезінде Қошке Кемеңгерұлы осы кітабын жазып болып, алып келеді. Оны 1924 жылы жарыққа шығарған. Осы кітабында Қошке ұлт көсемі деп атамаса да, оқырманын Әлихан қазақтың атасы, көсемі деген ойға жетелейді. Міне, осылай ХХ ғасырдың басында зиялылар ұлт көсемінің еңбегіне әділ бағасын беруге тырысты. Ал одан кейінгі тарихты өзіңіз де жақсы білесіз. Алаш көсемдерінің, оның ішінде Әлиханның тіпті атын атауға тыйым салды, оның қазаққа жасаған қызметіне әділ тарихи, лайықты саяси баға беру мүмкін болмай келді. Әлиханды біз ең алдымен қазақ ұлтының көсемі деп айтуға міндеттіміз. 1886-1890 жылдары Омбы техникалық училищесінде оқып жүріп, «Дала уәлаяты» газетіне жазған орысша-қазақша мақалаларынан аңғарғаным, Әлихан қазақты болашағы зор, келешегі жарқын, өте дарынды халық деп сүйіспеншілікпен қарап, қалың қазағына тек Еуропа деңгейіндегі білім беру керек деп есептеген.
Сіздің қолыңызда Әлиханның Омбы қаласында тұрған 1900-1906 жылдарға қатысты тың деректер бар екенін естіп қалдық. – Ия, қазіргі Ресей мұрағаттарынан ондай тың деректерді тапқаным рас. Осы уақытқа дейін біз Әлекеңнің Омбыда бірден 3 газет шығарғанын білмедік, білгеніміз оған онша мән бермей келдік. Оған үш газеттің де орыс тілінде шығуы себеп болуы ғажап емес. Әлекең Бірінші Мемлекеттік Дума күштеп таратылғаннан кейін, 1906 жылдың шілдесінде Омбыда «Иртышъ» газетінің бас редакторы болып шығара бастайды. Алайда сол 1906 жылғы қараша айының ортасында Дала генерал-губернаторының жарлығымен бұл басылым жабылады. Бірақ та келесі күннен, қараша айының 16-сынан, бастап, Әлекең «Омичъ» деген газет шығарды.
Жыл соңына қарай ол да қысыммен жабылған соң, 1907 жылдың басынан бастап «Голосъ степи» газетін шығарып тұрады. Соңғы мерзімді басылымның алғашқы бетінде «Газеттi жаздырып алушылар ендi «Иртышъ» пен «Омичъ» газеттерінің орнына «Голосъ степидi» алатын болады» деп жазады. Бұл барлық газеттi бiр адам шығарып отырғанын бiлдiредi. Бір қызығы, осы үш газеттің де бас редакторы ретінде басқа кісілердің аты-жөндері көрсетіледі. Бірінші газетке – «В.В.Кирьяновъ», екіншісіне «И.А.Поваренных» деген ер кісілердің, ал үшіншісіне «В.И.Вереденко» деген әйел адамның есімі жазылған. Үшеуі де Омбыда тұрған, өмірде бар кісілер болған. Олардың ішінен адвокат Иван Поваренных қазақтардың құқын қорғауға көп көмектескен.
Бұл газеттерде Әлиханның аты-жөнінің көрсетілмеу себебі – 1906 жылы Бірінші Мемлекеттік Дума күштеп қуылған соң, 200-ге жуық депутат Финляндияның Выборг қаласының түбіндегі Териоки елді мекенінде әйгілі «Выборг үндеуіне» қол қойған. Бұл үндеуде депутаттар бұқара халықты патшаның бірде-бір бұйрық-жарлығын орындамауға, азаматтық қарсылық көрсетуге, бейбіт наразылық шерулеріне шығуға шақырған. Содан реакцияшыл премьер-министр П.А.Столыпин осы үндеуге қол қойған депутаттардың барлығын жазаға тартып, олардың саяси партияларға немесе тіпті қоғамдық ұйымдарға мүше болуына, мерзімді басылым шығаруға немесе тіпті мақала жазуға да шектеу қояды.
Сондықтан да Әлихан газеттерді осы үш адамның атынан шығаруға мәжбүр болды. 1917 жылға дейін Санкт-Петерборда «Жаңа энциклопедиялық сөздік» шығып тұрды. Сөздіктің 8-томында Әлихан Бөкейханның 1906-1907 жылдары «Иртышъ», «Омичъ» және «Голосъ степи» газеттеріне редактор болғаны айтылады. Сондықтан да бұған күмән келтіруге болмайды.
Аталмыш басылымдарда Әлекеңнің қандай материалдары жарияланған? Газет бетінде қандай мәселе көтерген? – Бұл жерде мына жайтқа баса назар аударған жөн. Әлихан осы басылым беттерінде тек Ресей империясының қарамағындағы бұқара халықтардың мәселесін ғана көтерген жоқ. Әрине, ең бірінші қазақтардың, сосын атты казактардың құқын қорғаған. Әлекең Алаш партиясының стратегиялық мақсат-мүдделерін басылым бетінде көтеріп отырған. Сондай-ақ қазақ жігіттерінің заңды түрде әскери борышын өтеу, қазақтың өзіне тиесілі тұрғылықты жерін жекеменшігіне беру мәселесін Дума арқылы заң жүзінде бекітуге тырысты. Бүкіл Қазақ өлкесіне «земство» немесе жеріне жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін енгізу жолында күресті.
Баспасөзге берген бір сұхбатыңызда Әлихан Мәскеуде тұрып жатқан кезінде қазақ тілінде «Темірқазық» деген журнал шығарған деген ой айтыпсыз. Сонда бұл журналдың Петерборда құрылған «Полярная звезда» масондық ұйымына қатысы бар ма? – Әлекең бұл журналды 1923 жылы Мәскеуде КСРО халықтары кіндік баспасының Қазақ секциясында әдеби қызметкер болып жұмыс істеп жүрген кезінде шығарды. Әлекең журналдың үш-ақ санын шығарып үлгерді. Одан кейін оны да жауып тастады. Бірақ та бұл журналдың «Полярная звезда» масондық ұйымына еш қатысы жоқ. Тек атаулары бір. Сол журналды шығарып тұрған кезінде Әлекең «Алқа» атты қоғамдық ұйым құрмақшы болды. Масондық ұйымның үлгісімен. Дүниежүзіндегі алдыңғы қатарлы Еуропа елдерінде орны болған масондардың алға қойған басты мақсаты адамзат баласының рухани байлығын арттыру болған.
Адамзат баласының рухани дүниесін, білімін жетілдіріп, бәріне ортақ «бақыт шіркеуін» тұрғызу. Алайда ХХ ғасырдың басында Ресейде бірінші орыс төңкерісінің жеңілісінен кейін пайда болған мәскеулік «Возрождение», санктпетерборлық «Полярная звезда» сияқты масон ұйымдарының көздегені рухани, мәдени мүдде емес, тікелей саяси билік еді. Оған орыс профессоры Максим Ковалевскийдің 1906 жылы Парижден Ресейге оралған кезде «самодержавиені тек масондық қана жеңе алады» деген сөзі дәлел бола алады. ХХ ғасыр басындағы орыс масондығы империядағы барлық ілгерішіл зиялылардың, самодержавияға қарсы оппозициялық, демократиялық партия көсемдерін, ықпалды мүшелерінің басын қосып, олардың іс-әрекеттерін үйлестіре отырып, самодержавияны құлатуға жұмылдыру болатын. Әлихан сол үшін ғана масондық ұйымға кіріп отыр.
Демек, Әлиханның «Полярная звезда» масондық ұйымына мүше болғандығын тарихи құжаттар айғақтайды ғой? – Алаш ардақтысы масон бауырластығының қатарына шамамен 1907-1908 жылдары Санкт-Петерборда қабылданса керек. Ол 1908-1917 жылдары Самара қаласында саяси қуғында болды. Сол Самарада жүрген 1914-1915 жылдары Әлихан Төртінші Мемлекеттік Думаның мүшесі, кейіннен Уақытша Үкіметтің төрағасы болған Александр Керенский мен жергілікті саяси партиялардың көсемдерін губерниялық масон ұйымының қатарына қабылдаған.
Ол туралы Самар қаласынан алынған деректер де кездеседі. Және де Қазан төңкерісінен кейін Еуропа, Америкаға қашып кеткен орыс эмигранттарының естеліктерінде Әлиханның масондық ұйымға қалай қабылданғаны жайлы мәліметтер көп кездеседі. 1895-1906 жылдары Омбыда тұрып, Қазақ өлкесі мен Сібірдегі төңкерісшіл қозғалыста үзеңгілес болған әрі ғылыми әріптесі Лев Чермак деген қайраткер осы күні Ресейдің Мәскеудегі мемлекеттік кітапханасының қорында сақталған қолжазба естелігінде де Әлиханның масон ұйымына мүше болғанын жазады.
Алашорда – Ұлт кеңесінің тұңғыш төрағасы Әлихан Бөкейхан зайырлы мемлекет құруды қалады. Дінді билікке араластырғысы келмеді. Бұл жерде Әлихан исламнан бас тартып отырған жоқ па? – Рас, Әлихан діннің мемлекетке араласқанын қаламады. Өйткені дін билікке бағынса, онда ол мемлекеттік идеологияның, ресми саясаттың жетегінде кетеді деп есептеді. Мұндай жағдайда ислам діні өзінің дербестігінен, шариғи заңдылықтарынан айырылады, тұнығы лайланады деп ұқты. Діннің тазалығын сақтауға тырысты. Кадет партиясы басшыларымен көзқарасы бір жерден шықпай, 1917 жылы шілдеде оның орталық комитеті мен жалпы партия қатарынан шығып кеткен себебі де осы болатын. Дінді мемлекеттен бөлу керек деген өзінің ұстанымынан айнымады. Ол туралы «Мен Кадет партиясынан неге шықтым?» деген мақаласында жазады. Сөйтіп, өзінің Алаш партиясын құрды.
Бір қызығы, бұл жағдайды біздегі тарихшылар «Әлихан Орта Азиядағы мұсылман елдері біздің аяғымызға тұсау болады, дінді құбыжық көрді деп ойлады» деген түсінікпен сабақтастырады ғой… – Жоқ, Әлекең ислам дініне қарсы болған жоқ. Бұны біз оның «Мұсылман сиезі» деген айдармен берілген тізбекті мақаласынан анық аңғарамыз. Осы мақаладан Алаш арысының ислам дініне, жалпы, дін атаулыға деген көзқарасын байқауға болады. Әлихан дін атаулыға асқан төзімділікпен, кең таныммен қараған. Ол 1900 жылы Лев Толстойдың «Дін таласы» («Сурат кафеханасы») атты шағын әңгімесін қазақшаға аударып, «Дала уәлаяты» және кейінірек «Қазақ» газеттеріне жариялаған. Сол шағын әңгімені оқысаңыз, Әлекеңнің арғы атасы Шыңғысхан тәрізді барлық дінге бірдей қарағандығына көз жеткізесіз.
Өзінің әйелі Елена Севостьянованың христиан дінінің өкілі екенін білеміз. Елена 1921 жылы кенеттен сырқаттанып, дүние салғанда Әлекең марқұмның өтініші бойынша христиан дінінің барлық рәсімін сақтай отырып жерлеген. Көзі тірісінде жарын исламға өт деп күштемеген. Міне, бұл жағдай Әлекеңнің дін атаулыға үлкен төзімділікпен қарағандығын аңғартса керек.
Көп жұрт Әлихан мен Шәкәрім қажының бөле болғандығын, туыс екенін біле бермейді. Екеуі де қазақтың мұңын мұңдаған ұлы тұлғаға айналды. Екеуінің сыртында қазақтың ұлы Абайы тұр. Сонда бұл үш тұлғаның тығыз қарым-қатынаста болғаны анық қой. – Иә, Әлиханның шешесі Бегім ханым мен Шәкәрімнің анасы апалы-сіңлілі болған екен. Ол Абай ауылымен жақсы араласқан. Абайдың ұлы Тұрағұлмен, Шәкәріммен, Кәкітаймен жақын дос болған. 1906 жылы Бірінші Мемлекеттік Думаға сайланар алдында Павлодар, артынан Омбы түрмесінде отырады. Сол Павлодар түрмесінде отырған кезде оған Кәкітай, Шәкәрім, Тұрағұлдар келіп тұрыпты. Және де бір өте қызық мәлімет бар.
«Выборг үндеуіне» қол қойғаны үшін Санкт-Петербордың арнайы сотының үкімі бойынша Әлиханды жазалап, Семей түрмесіне жабады. Ең қызығы, Әлекең 1907 жылы Омбыдан Семейге өз ынтасымен келіп, түрмеге өзі отырған. Бірақ сот үкімі бойынша абақтыда үш ай отыруы керек еді. Алайда отаршыл биліктің біздің елдегі сілімтіктері оны үш ай емес, сегіз ай ұстайды. Ол аздай, түрмеден босатысымен Самар гүбернесіне бір-ақ айдайды. Ал Семей түрмесінде отырған күндерінде Шәкәрім, Кәкітайлар келіп, «Әлеке, сіз қашыңыз. Біз бәрін дайындап қойдық» дегенде, ол көнбей қояды.
«Мен түрмеден қашсам, қырға қарулы әскер шығып, қалың елді босқа әуреге салады. Халқымды сорлатқанша, осында жалғыз өзімнің отыра бергенім дұрыс» деген уәжін айтады. Болмаған соң, үш досы мен інісі Смахан төре Әлекеңді ауырып жатыр деп, Семейдің түбіне бір үйір құлынды бие байлап, оны күн сайын қымыз, етпен қамтамасыз етіп отырған. Бұл туралы да Әлиханның інісі Смахан төре қолжазба естеліктерінде «Семейдің түрмесінде отырғанда сегіз айын сегіз күндей өткізіп бердік» деп жазды.
Сосын Екінші Мемлекеттік Думаға қазақтан депутат сайлау кезінде өзі сайлауға түсуден бас тартып, Семей облысы қазақтарынан бес адамды ұсынады. Соның екеуі Кәкітай мен Шәкәрім болатын. Ал Абайға қатысты айтарым, ХХ ғасырдың басында Семейде «Семипалатинские областные ведомости» атты газет шығып тұрған. Сол газетке Семей облысы статистика комитетінің 1903 жылы атқарған жұмыстарының есебі шыққан.
Есептің соңында облыстық статистика комитетіне мүше болған кісілердің аты-жөндері де жарияланыпты. Тізімнің ішінде Ибраһим Құнанбаев, Әлихан Бөкейханов деген есімдер бар. Соған қарағанда Әлихан мен Абай кездесуі мүмкін. Дегенмен де нақты кесіп айту қиын. Бір анық дүние, бұл – Әлиханның Абай шығармашылығымен жақсы таныс болғандығы, бала кезінен жаттап өскендігі.
Сұлтан Хан аға, сіз жоғарыда Әлихан Лев Толстойдың әңгімесін қазақшаға аударған дедіңіз. Демек, байланысы болған-ау. Және де кейіннен Шәкәрім осы орыстың ұлы жазушысымен хат алысады. Дін жайлы ой бөліседі. Тіпті Толстой қатты сырқаттанып жүрген кезінде қазақ даласына келіп, қымыз ішіп, сауығып қайтуын да сұранады. Бәлкім, Шәкәрімнің Толстоймен таныстығы Әлихан арқылы өрбіген шығар? – Бұл ойыңыздың жаны бар. Өйткені Әлекең Санкт-Петербордағы Императорлық университеттің заң факультетін бітіріп, Омбыға оралғаннан кейін қуғында болған, саяси айдауда жүрген орыстың талай классик жазушыларымен, ақындарымен тығыз байланыста болған. Ол Чеховтың, Короленконың, Мамин-Сибиряктың, Толстойдың шығармаларын көптеп аударған. 1906 жылы ол «Иртышъ» газетінде Семей облысы қазақтарына бір үндеу жариялайды. Үндеуде Рамазан деген қазақ баласының ақшасы жетпей оқуынан қалып қойғандығын айтып, соған ел болып ақша жинап беріңіздер дейді.
Жиналған ақшаны Санкт-Петербордағы Сергей Ольденбург деген кісіге жолдауға болатындығын жазады. Ал Сергей Ольденбург кеңес үкіметі орнамай тұрып-ақ шығыстанушы, үндітанушы болып танылған үлкен ғалым болған. Бұл кісімен Әлекең кейін де байланысын үзбеген, жақын араласып тұрған. Мен 2009 жылы Санкт-Петерборға барып, С.Ольденбургтың жеке мұрағатын ақтарып отырып, оның Ахмет Байтұрсынұлымен және қазақтың бір топ зиялы азаматымен түскен екі суретін тауып алдым. Ахаңды Ольденбургпен таныстырған – Әлихан. Бұған ешбір күмән болмау керек. Сол сияқты Шәкәрімді Толстоймен таныстырған Әлекең болуы да әбден мүмкін. Өйткені ол Толстойдың жалғыз «Дін таласы» әңгімесін ғана емес, «Қажымұрат» повесін тағы бірнеше әйгілі деген шығармасын қазақшаға аударып, Мәскеуден басып шығарған.
Сұлтан Хан мырза, енді бес жылдан кейін – Алаш арысының 150 жылдық мерейтойы. Жоспарыңыз қандай? – Құдай қаласа, биыл Әлекеңнің 7 томдық мұрасын баспадан толық шығарамын. Ең өкініштісі, Алаш көсемінің талай шығармасы бұған сыймай қалды. Әлі екі томдай дүниесі бар. Қазір мен Байланыс және ақпарат министрлігімен Әлекеңнің алтыншы және жетінші томдарын шығару туралы келісіп жатырмын. Ал енді Алаш арысының 150 жылдық мерейтойында оның 10 томдық толық шығармалар жинағын шығарсам деген жоспарым бар. Және де Әлиханның әлі табыла қоймаған бірнеше құнды дүниесі бар. Оның ішінде қазақтың жылқы тұқымдары мен жылқы шаруашылығы туралы қомақты еңбегі болыпты.
Ол туралы 1928 жылы Әлекеңе жазған мінездемесінде Сергей Швейцов деген академик атап көрсетеді. Міне, менің таба алмай жүргенім – осы, қазақтың жылқы түрлеріне қатысты еңбегі. Ол Мәскеуде тұрған кезінде де бүркеншік есімдермен газет-журналдарға талай мақаласын шығарып тұрған. Оның ішінде қазір елдің жадынан өшкен «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі», «Бостандық туы» сынды басылымдар бар. Бұлардың кейбірі сақталмаған, Қазақстанда жоқ. Енді Әлекеңнің 150 жылдығында осы басылымдардағы материалдарын тауып, 10 томдыққа хронологиялық тәртіппен енгізсем деген мақсатым бар. Әңгімеңізге рақмет.
Алашқа айтар датым… Әлихан 1913 жылы «Қазақ» газеті алғаш жарық көре бастаған тұста «Қазақтың тарихы» деген мақаласын «Түрік баласы» деген бүркеншік есіммен жариялайды. Әлекең сол тізбекті мақаласында «Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп, не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туашағына көзі жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады…
Загрузка...«Тарих не айтады?» десеңіз, оның айтатыны мынау: біздің бұрынғы бабаларымыздың кім екендігі; олардың дүниеде не істеп, не бітіргендігі; қандай қуаты барлығы, ол қуатты не орынға жұмсағандығы; істеп жүрген ісінің қайсысынан пайда, қайсысынан зарар көргендігі; бұрынғы бабаларымыздың досты-дұспаны кім екендігі; не себеппен бағы тайғандығы және соған ұқсас істердің барлығын тарих сөйлеп, түсіндіріп тұрады», – деп жазады. Біз өткен тарихымызды толық зерттеп, жете меңгермесек те, күні кешегі Алашорданың, арыстарымыздың тарихын жақсы білуіміз керек. Бүгінгі ұрпақ ХХ ғасыр басындағы қазақтың Тәуелсіз ел болып, еңсе түзеуі жолында қанын қиып, жанын берген тұлғаларымызды көбіне білмейді. Болашағы зор ел боламыз десек, осындай ұлағатты істі ұрпақ жадында мәңгіге қалдыруымыз керек.