Сындарлы әрі бағдарлы мақала туралы келелі ой
2021 жылғы қаңтар айының 5-і күні жарыққа шыққан Қазақстан Республикасы Президентінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы халықты да, белсенді азаматтық қоғамды да, ел мен ұлт болашағы жайында ерекше толғандырып жүрген ойларды қозғап, өзекті мәселелер жайында ұстанымдарды жеткізді. Солардың қатарында өте көкейкесті жер, тіл, тарих, мемлекет, ұлттық мүдде сияқта әрбір ойлы азаматты алаңдатып жүрген, болашақ ұрпақ алдындағы парызы болғандықтан мазалап жүрген, тақырыптар жайында баяндады.
Қазір кімде-кім дүниені тамашалауды ғана қуып кетіп, жалған өмірдің қызығына батуды ғана ойлайтын, жеке қара басының қамын ғана күйттеп, мақсаты – мансап қана, мұраты – баю ғана, арманы – пенделік қызық қана болса, бұл мақала ондай жанды қызықтырмауы мүмкін. Бірақ ойлайтыны елдің бүгіні мен ертеңі, болжайтыны – ұрпағының болашағы, құндылықтарытарихи, рухани дүниелерді құнттайтын азаматтар болса, олар үшін бұл аса маңызды. Биыл қазақ елінің ұлттық Тәуелсіздікті жарияланғанына отыз жыл толу қарсаңында қай бағытта жетістіктерге жетіп, қандай мәселеде ұтылғанымыз туралы ойландырады. Қазақ халқының осыдан отыз жыл бұрын, сонау 1991 жылы алға қойған ізгі арман-мұраттары орындалды ма деген сұрақ өте мәнді.
Осы тұрғыда өткен тарихи үш онжылдық жетістіктерімен қатар алдағы келе жатқан төртінші онжылдықта шешімін күтіп тұрған күттірмейтін міндеттер де алға қойылды. Қазақстан қоғамының қазіргі сан-сапасы өте өзгерді. Қазір жаңа буын ғана емес, жаңа толқын келді, оның талаптары мен сұраныстары да басқа, мақсат-міндеттері де әлде-қайда айқын, ұмтылыстары да ерекше. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласында айтылуы тиіс өткір мәселелер көтеріліп, атқаруды қажет ететін нақты міндеттерқойылды. Әділдігіне қарай әлі де толыққанды дұрыс баға берілмей келе жатқан мәселелер айтылды. Ең алғашқы кезеңнен тарихи сабақтастық тұрғысынан жаңғыртылуы тиіс ұлттық үлгідегі алаштық құндылықтар, оның аса маңыздысабақтары біздің өмірдің айналымына әлі толық түскен жоқ, пайдалы тәлімі әлі алынған жоқ.
Сондай кемшіліктерді жойып, ендігіде ұлтымыздың тарихына үңіліп, мәні бар өнеге алып, ұлттық болмысты, ұлттық белгімізді сақтап қалу аса маңызды іс. Бұл орайда мақалада айтылған «ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден бір кепілі» деген ұстаным өте дұрыс, заман талабына лайық өзекті тезис болып табылады. Мемлекет басшысының мақаласында қойылған маңызды міндеттердің қатарында: тарихи туындыларда мемлекеттілік және мемлекетшілдік идеясы әрдайым көрініс табуы қажет, кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсетіп, тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеп, азаттық жолында құрбан болған Алаш қайраткерлерін, олардың мұрасын жастарға тағылым үшін, және бүкіл әлемге паш ету үшін, Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында еске алып, Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруі тиіс, ал бұл тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың еңбектерін қолдап, бағалау қажет деген мәселелер айтылды.
Өткен жылды еліміз Ұлы Абайдың, Әбу Насыр Әл-Фарабидің рухани мұралары дәріптеді, қаншалықты одан Абайға ұқсағанымыз, Әл-Фарабише даналдықты толық ұғынып алғанымыз, ашық мәселе болып қалды. Олардың әрқайсысы халық пен билік арасы ажырамай, үнемі бір болып бір бағытта әрекет етуі тиіс екенін айтқан. Елдік деген де сол. Мемлекет дегеніміз ол халық, және оның мүддесін қорғап, талабын атқарып отырған саяси билік болуы тиіс екені белгілі. Қасым-Жомарт Кемелұлының осы тұрғыда: «билік халықтың алдындағы өз жауапкершілігін сезінгені жөн», «халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық азаматтардың мүддесін бірдей қорғаймыз» деген тезисі өте дұрыс. Әрбір мемлекеттік қызметкер, әрбір қабылданған саяси шешім, осы жоғары талапқа сай болуы тиіс, өйткені халық қана биліктің де, мемлекеттің де басыбайлы жалғыз иесі.
Президент бұл бағдарламалық мақаласында мемлекетімізге төнетін қауіп-қатерлердің алдын алып, ұлттық мүддені қорғауда табандылық таныту, елдікті сақтаудың кепілі екендігіне баса назар аударды. Тіпті, «ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін тағы да баса айтқым келеді» деп өте дұрыс ескертті. Қазақстанның ел болып, КСРО ыдырағаннан кейінгі мезгілде дербес мемлекетке тән белгілері айшықталып, дипломатиялық қатынастарды дамыту, еліміздің шекараларын бекіту, билік жүйесін қайта қалыптастыру сияқты шаралар атқарылды. Ендігі кезекте мемлекетіміздің баянды болуы үшін әлі де атқарылуы қажет шаралары туралы айтып, қазақ халқының жер, тіл, тарих мәселелеріне тоқталды. Жер – шетелдіктерге сатылмайды деген тезисі халықтың көптен күткен, ерекше назар қойып, бақылауда ұстайтын аса маңызды тақырыбы.
Жарияланымда: «Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз. Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ» деген тезис айтты. Бірақ, бұл жайында конституциялық өзгерісті қазақ халқы Парламенттен күтеді.
Адам өз қолынан жаратқан затқа ғана тауарлық құн қойюы мүмкін, ал жер болса, оны ешқашан пұлға бағамдауға болмайды, өйткені, жер ол – киелі атамекен, атажұрт! Жер – ол Отан! – деген нақты ұстаным болуы тиіс. Жерді сату отанды сатумен тең нәрсе! Жерді жеке меншікке де айналдыруға болмайды, оны жалға да беруге келмейді! Жерді тек қана ұлттың ортақ қазынасы ретінде мемлекеттің меншігінде ұстап, уақытша ел азаматтарының шаруашылық қажеті үшін пайдалануға ғане берілуі мүмкін. Ата-баба жері мен ана тілі, бір-бірімен тығыз байланысты, және кез келген мемлекеттің іргелі негізі болып табылатын, ақша, қаржымен өлшенбейтін, теңдессіз аса бағалы құндылықтар.
Сол сияқты тіл де ұлттың өзегі! Тіл бар жерде ұлт бар, ұлт бар жерде мемлекет бар, ал тіл жоқ жерде ешқандай ұлтта, мемлекет те болуы мүмкін емес! Ендеше, осыдан шығаратын маңызды тұжырым – қасиетті ана тілі мен ата-баба жерін қорғамайтын тәуелсіздіктің де мәні, мағынасы да жойылады! Алаш лидері Әлихан Бөкейханның тіл мәселесінің аржағынада жер мәселесі тұрғанынескертіп айтқаны күшін жойған жоқ. Мақаладағы «бағдар мен белес», «таным мен тағлым», «қоғам мен құндылық», «ұлағат пен ұстаным» бөлімдері биліктің ресми ұстанымын халыққа кең,ұғынықты, қарапайым тілмен жеткізетін үлгіде, мемлекеттің тәуелсіздік жылдары өткен жолы, қазіргі ахуалы, алға қойған бағдарлары, елдің дамуына қажет маңызды алғышартар мен жобаларды таныстырды.
Атқарылған іс пен қабылданған саяси шешімдердің қол жеткізген нәтижелерін көрсетіп берді. Мемлекеттің өзегі тарих екені баршаға мәлім. Президент осы орайда «халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр» деп, қоғам мен мемлекеттің дамуындағы тарих тәліміне, тарихи сана мен жадының қызметіне, шежіре сияқты құндылыққа ерекше назар аударуы да өте орынды.
Әрбір мемлекеттің әлем сахнасында өзінің лайықты орнын алуы мен даму тарихы әрқашан адамзаттың назарында. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында атқарылған іс-шаралардың нәтижелері халықтың тарихи санасына әсері мен ықпалы толық болды ма деген мәселе де қойылды. Бұл тұрғыда осы бағыттағы кемшіліктің бірі жоғары оқу орынларында «Қазақстан тарихының» әлдеқайда толық білім беру бағдарламасыорнына студенттергешолақ қана оқытылатын «Қазіргі Қазақстан тарихы» білім беру бағдарламасымен алмастырылуы дұрыс шешім болмады. Сондықтан бұл олқылықты түзету қажет. Тарихи білім беру мен тарихи зерттеулер жүргізуге кедергі келтіретін мәселелер шешімін табуы қажет.
Сонымен қатар, бұл мақалада айтылған:бөтен идеологияның жетегімен жүрмей әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс, тарихпен саясаткерлер емес тарихшылар айналысуы керек, ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік беруі керек, тарихшылардың ғана емес, барша жұрттың, әсіресе, жас ұрпақтың тарихи санасы айқын әрі берік болуға тиіс, қазақтың сан ғасырлық шынайы тарихын әлемге танытудың жолы ретінде шетелдіктерге арналған Қазақстанның қысқаша тарихын жазып шығарып, әлемнің негізгі тілдеріне аудару қажет деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың нақты ұсыныстарымен ұстанымдары парасатты әрі прагматикалық көзқарас болып табылады. 1921-1922 жылдардағы аштық нәубетіне 100 жыл, Желтоқсан көтерісіне 35 жыл, Семей атом полигонының жабылуына 30 жыл атаулы даталарға орай тарихи ізденістерді тереңдете түсу мәселелері алға шықты.
Махсат Алпысбесұлы АЛПЫСБЕС,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры,
тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі