1791 – 2021: Исатай батыр Тайманұлына 230 жыл
Исатай Тайманұлы 1791 жылы Атырау облысындағы Қызылқоға ауданының Тайсойған құмында “Тайман жалы” деген жерде дүниеге келген. Кіші жүздің беріш руынан шыққан. Жоңғар шапқыншылығы кезінде атағы шыққан Ағатай батырдың ұрпағы. Тайманұлы 1836-38 жылдары Батыс Қазақстанда болған халық көтерілісінің саяси көсемі, қайсар қолбасшысы ретінде таныс.
Әуелде Исатай Таймаұлына жала жабылып, ол 1818 жылы Сарайшық түрмесіне қамалады. Беріштің биі Жүзбатыр 20 мың сом ақша беріп, оны түрмеден босатып алады. Ішкі Ордадағы қара халықтың мұң-мұқтажын қорғап, сұлтандар мен билердің әділетсіздігін, зорлық-зомбылығын әшкерелеймін деп жүріп, Исатай 1824 жылы тағы да тұтқындалып, Орынбор түрмесіне жабылған. Тағы да кінәсі дәлелденбей, босатылған. Он тоғызыншы ғасырдың отызыншы жылдары әртүрлі алым-салықтан күйзелген, жайылым жерден айырылған халық қару алып, көтеріліске шыққан.
Бұл 1836-37 жылдары Бөкей хандығындағы Тайманұлы бастаған халық азаттық көтерілісі еді. Исатайдың жанында рухты өлеңімен жігерлендірген Махамбет Өтемісұлы да болды. 1838 жылы Ақбұлақ өзенінің жағасындағы кескілескен шайқаста Исатай батыр да, оның 16 жасар ұлы Оспан да қаза табады.
Құрметті оқырман қауым! Сіздердің назарларыңызға республикалық “ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ” газетінде осыдан он жыл бұрын жарияланған сол кезде Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас ғылыми қызметкері болған, тарих ғылымының докторы, профессор марқұм Көшім Лекерұлы ЕСМАҒАМБЕТОВтің “Исатай батыр бейіті: Аңыз бен ақиқат” тақырыбындағы зерттеу мақаласын толық мәтінде ұсынамыз.
Бүгінгі күннің қадір-қасиетін ұлықтаудың, өткен өмір жолымыздың, халқымыздың басынан кешірген қаралы күндердің тағылымынан сабақ ала білудің маңыздылығын, себебі тарихи сананың ұлттың ұлт болып қалуының кепілі екендігін естен шығармау қажет. Азаттық үшін күрес барысында ата-бабаларымыздың, тіпті, күні кеше ғана, 1986 жылдың желтоқсанында, ұл-қыздарымыздың көрген қорлығы пен зорлығы тарих парағына айналып кетпей, әрбір саналы қазақтың жадында жүруі, Мұстафа Шоқай айтып кеткендей, «тарихтың кейбір күрделі кезеңдерінің қайта оралуынан» сақтандырады, оның бойына бодандық атаулыға, кіріптарлыққа қарсы иммунитет дарытады.
Тәуелсіздікке ешбір балама жоқ, ол – Абсолют, ең жоғарғы құндылық, «тиімділік» те, «достық» та осы заңдылыққа бағынуы қажет. Сондықтан қоғамдық ғылымдардың алдындағы тұрған міндеттердің бірі – ұлт-азаттық қозғалысының алдыңғы сапында болған қайраткерлеріміздің дүниетанымын, өмірі мен жанқиярлық істерін барынша зерделеу, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізу. Сонда ғана біз «бүгінгі бостандықтың, бүгінгі тәуелсіздіктің өзінен-өзі келіп, басымызға қона қалмағанын, азаттық үшін миллиондаған адамдардың қаны шашылып, жаны қиналғанын, жазықсыз зардап шеккенін» ұғынамыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы бір ұлағатты сөздері, ең алдымен, менің санамда ел мүддесі үшін отбасын да, өз өмірін де құрбан еткен Исатай мен Махамбет бейнелерін жаңғыртады.
Халқымыз оларды ерлік пен елдіктің жалаугері ретінде әрқашан ұлықтап келеді. Исатай мен Махамбет туралы көркем туындылар да, зерттеулер де баршылық. Алайда, бұл екі тұлғаның өмірі түпкілікті пайымдалды дей алмаймыз. Соңғы кезде Исатай Тайманұлының басына ескерткіш орнату жөніндегі баспасөз беттерінде көтерілген ұсыныстарға байланысты батыр сол Шейітсайда жерленді ме екен деген бұрыннан келе жатқан түйткіл көңілге қайта оралады. Қазіргі кезде Исатай мен баласы Оспан Қобда ауданы, бұрынғы «Қиыл» кеңшарының Шекемер (Шикемер) ауылы тұсындағы Шейітсай аталатын мекенде жерленген делінуде. Ел аузындағы әңгімелерге негізделген бұл болжам Дүйсеналиев Хаттардың «Қазақ әдебиетінде» (1962 ж. 14 желтоқсан) жарияланған «Исатай бейіті» деген мақаласынан бастау алатын секілді.
Онда Қиыл өзенінің бойындағы Шейітсай аталатын сайдың бойына «Бұл жерде 1838 жылы 12 шілдеде батыр Исатай Тайманұлы қаза тапты» деп жазылған қалақша қойылды деп хабарланады. Автор 67 жастағы (сол кезде) Мұқанов Құбаш деген кісі Исатай бейіті жөнінде бұлайша әңгіме еткенін, яғни Шейітсайдың оңтүстігіне қарай 15–20 метр жазықтықта үш мола қатар жатқанын, бір моланың олардан 1–1,5 метр кейініректе орналасқанын айтқан көрінеді. Ертеде Сіңіртасов Оңғарбай көзі тірісінде бір ақтас қойыпты, ол қазір үгіліп біткен, өлік жер астына жерленбей, екі жақтан алынған топырақпен беті жаба салыныпты, екі қапталында әлі сол шұңқырдың ізі білінеді деген уәж келтіріледі. Құбаш ақсақалдың айтуындағы екі жайтқа назар аударған жөн: біріншісі – соңдарына түскен патша әскерлері мен Баймағамбет сұлтанның жасақтарынан жасырынып, қаза болғандардың асығыстық жағдайда жер қойнауына берілуі; екіншісі – Исатайдың басына «ақтастың» қойылуы. Осыған байланысты 2011 жылдың қаңтар айында Сағындық Ниязқұловтың «Ана тілі» газетінде жарияланған «Арыстан туған Исатай» атты мақаласындағы бір жағдайды тілге тиек етсек. Ол – кезінде Исатай батырдың жатқан жеріне ақ бордың төгілгендігі; оның себебін көнекөз қариялардың бор су тисе кетпейді, қайта қатая түседі, демек, батырдың мәңгілік мекені шатастырылмай, сонадайдан көрініп тұрсын дегені.
Энциклопедиялық басылымдарда Ақбұлақ соғысында қаза тапқан көтерілісшілердің мүрдесі Шейітсайда жерленген, жергілікті жұрт оны «Қырғын мола» деп те атайды делінеді. Исатайдың қайда жерленгенін анықтауда батырдың ұрыс даласындағы соңғы сәтін еске түсірген жөн. 1838 жылдың 13 шілдесінде полковник К.К. Гекенің Орынбор әскери губернаторы В.А. Перовскийге жолдаған рапортында Исатайдың атына оқ тиюі, содан кейін оны казактардың сүңгімен аттан құлатып, урядник Богатырев дегеннің басынан қылышпен шабуы, келесі бір казактың қансырап жатқан батырдың кеудесінен оқ атуы туралы баяндалады (ҚР ОММ. 4-қ. 1-т. 1996-іс. 50–52-п.).
Бұл құжатта батыр қоршауда қалған секілді көрінеді, бірақ нақтылы қай жерде екені айтылмайды. 1838 жылдың 30 тамызында батырды өлтіруге қатысқан адамдарды марапаттауға байланысты жазылған егжей-тегжейлі рапортында К.К. Геке Исатайдың аз ғана топпен бөлініп шығып, шегініп бара жатқанда үш қазақтың оны танып қалуы, содан кейін казактардың қуып жетіп, сүңгімен аттан түсіргені, құлаған кезінде осы үш пенденің батырдың екі қолына жармасып, қорғануға мүмкіндік бермегені, сол кезде оны жаулардың қылышпен шауып өлтіргені жөнінде тәптіштеледі. Осы құжат негізінде батырдың басына тігілген 250 сом бәйгенің жартысы жаңағы үш қазақтың үлесіне тиеді (Орынбор облысы мемлекеттік мұрағаты. 6-қ. 10-т. 4854-іс. 40–41-п.).
Бұл құжат бойынша Исатай ұрыс салып шегініп бара жатқан кезінде қоршауда қалып мерт болған. Исатай қаза тапқан соңғы ұрыстың бұрынғы Орал облысы, Темір үйезінің (қазір Ақтөбе облысының Қобда ауданы) жерінде 1838 жылдың шілде айында орын алғанын және оның қалай өрбігенін еске түсіре кеткен жөн болар. Көтерілісті басу жөнінде бұйрық алған полковник К.К. Геке зеңбірекпен қаруланған екі жүз адамдық жазалаушы отрядпен Орынбордан шығып, 9 шілде күні Тұзтөбе маңына жетеді де, келесі күні Қобда өзенінің сол саласы Ешкіқырған бойындағы Қызылжар аңғарында Баймағамбет сұлтанның бес жүз адамнан тұратын жасағымен қосылады. Олар түні бойы тағы да алпыс шақырымдай жол жүріп, 11 шілде күні Қарағанды өзенінің шағын саласы Ақбұлақ өзенінің жағасына келіп түнейді.
Біраз авторлар Ақбұлақ Қиылға құяды деп жазады, олай емес. Ақбұлақ Қарағандыға, ал соңғысы оң жағынан Қиыл өзеніне құяды (Қобда ауданында). Қиыл өзені қазіргі Қобда, Ойыл аудандары жерінен ағады, ұзындығы жүз тоқсан шақырым шамасы, Ойыл өзеніне құяды. Көтерілісшілердің басты тобы осы жерде, яғни Қиылдың Ойылға құяр тұсындағы Ақшат деген мекенде орналасады. Исатай мен Махамбет негізгі топтан бөлініп ілгері кетеді. Олар бес жүзге тарта адамдарымен Суықбұлақ өзені маңындағы (Темір үйезі) Баймағамбет сұлтанның ауылдарын шабуды көздейді. Жазалаушылар көтерілісшілердің Ойылдан өтіп, Қиыл бойына жеткені туралы да, Исатай тобының Суықбұлаққа аттану жөніндегі жоспары туралы тыңшыларынан хабар алады.
Олардың Ешкіқырғаннан Ақбұлаққа қарай суыт жүру себебі де осыдан болатын. Суықбұлаққа төте жол Ақбұлақтың үстімен ғана өтетінін білетін Геке мен Баймағамбет Ақбұлақ–Қарағанды өзенінің түстігінде қорғаныс штабын құрып, әскерін сай-сайға жасырып, Асфандияр Сүйеуғалин бастаған бір топ қазақты шолғыншылыққа жібереді. 12 шілде күні таңсәріде Исатай тобы Қиылдың арнасымен жарысқан биік дөңге іліккенде осы шолғыншы топқа тап болады да, оның екі адамын қолға түсіреді. Төбеге шыққан олар Ақбұлақтың арғы бетіндегі әскерді көреді. Көтерілісшілерді байқаған казак-орыс әскері мен Баймағамбет жасағы зеңбіректен оқ жаудырып, шабуылға шығады.
Көтерілісшілердің Баймағамбет жасағының соңына түсуі, оның кейін бұрылып, Ақбұлақтың арғы бетіне өтіп кетуі, осы кезде жасырынып тұрған екі жүз казак-орыс әскерінің Исатай тобын тықсыра бастауы, көтерілісшілердің кейін шегінуі, 15–17 шақырымдай жерде Исатайдың қаза табуы секілді соғыс эпизодтары түрлі дереккөздерінде, әдебиетте көрініс тапқан. Сонда көтерілісшілер қай бағытта шегінді, батыр нақтылы қай жерде қаза тапты, қай жерде жерленді? Зерттеушілердің көпшілігі – көтерілісшілер Шейітсайға қарай ұрыса шегінді, батыр Шейітсайдың жанында қаза тапты деген пікірде (Шейітсайдың ол кезде қалай аталғаны белгісіз: мүмкін, Шайтақы, Шитісай, әлде Сейітсай).
1838 жылы 16 шілдеде Орынбор әскери губернаторының, Ақбұлақтағы ұрысқа қатысқан есімі белгісіз бір қазақтың мәліметі негізінде, Орынбор шекара комиссиясының төрағасы, генерал-майор Генске жолдаған рапортында Баймағамбет жасағының Исатай тобымен ұрысының Қиыл өзенінің бойындағы Қарағанды аңғары маңында орын алғандығы, бұл жердің Елек қорғанынан 100 шақырымдай екендігі туралы көрсетіледі (ҚР ОММ. 4-қ. 1-т. 1982-іс. 200-п.). Осы өңірді жаяу аралаған И.Кенжалиев: «Ақбұлақ деген шағын өзен солтүстік–батыста Жосалы жотасынан басталып, Қиылмен қатарласа шығысқа бұрылып Қарағанды өзеніне құяды. Ал, соңғысы 5–10 км.-ден кейін Қора, Дербісәлі тауларының арасымен Қиыл өзеніне құяды. Қиылдың оң беті тегістеу болғанымен алыстан биіктей береді. Соның бірі – Қарағанды өзенінің оң жағасындағы Шәһитсайы, Исатай қаза болды деп жүрген жер – осы.
Сонымен, ел аузындағы аңыз, архив деректері Исатайдың соңғы соғысы осы өңірде болғанын дәлелдейді», – деп жазады (Кенжалиев И. Тайманұлы Исатай. Алматы, 1977. 101-б.). Автордың бұл тұжырымға келуіне сол кезеңде Исатайдың Шейітсайда жерленгені туралы баспасөз беттеріндегі мақалалардың «салқыны» тиген болса керек. Себебі, оның Шолақмолда, не сол өңірдегі басқа да көне қорымдарда болмағаны байқалады. Көтерілісшілердің жеңіліс табуы, Исатайдың қазасы туралы түрлі құжаттар жинақталған мұрағат қорларында да Шейітсай туралы қандай да бір мағлұмат ұшыраспайды, тек батырдың шегінген серіктерінің соңында оларды қорғап, ұрыс салғаны, қоршауда қалып, «өз ерлігінің құрбаны» болғандығы айтылады (ҚР ОММ. 4-қ. 1-т. 1996-іс. 50–52-п.; Орынбор облысы мемлекеттік мұрағаты. 6-қ. 10-т. 4854-іс. 40–41-п.).
Осыған байланысты Исатай туралы бір хабар беруі мүмкін деп іздестірген еңбектеріміздің бірі Е.П. Ковалевскийдің 1839–1840 жылдары Батыс Қазақстанға жасаған саяхатының материалдары болатын. Оның «Странствователь по суше и морям» (СПб, 1843) деген еңбегіне тағы бір рет үңіліп, А.Р. Гернгроспен бірге жазған «Описание западной части Киргиз-Казачьей степи» (Горный журнал. 1840. Ч.4. С. 315–346) мақаласын да сараптап шықтық. Алғашқы еңбегінде Исатайдың қаза болуы жөнінде: «Исатай долго прикрывал бегство своих, носясь от одной толпы к другой и метал беспрестанно стрелы в русских.
Он слишком надеялся на своего коня, но сытый конь загорелся; тогда Мугамет (Махамбет. – К.Е.) употребил последнее усилие, чтобы поднять его и посадить на свою лошадь, но было поздно: налетевшие казаки изрубили Исатая. Мугамет опять успел спастись», – деп жазылыпты (Указ. соч. Ч. 2 СПб, 1843. С. 86). Е.П. Ковалевскийдің Исатайдың қашқан топтың соңында шегініп келе жатқанда казактардың қолынан өлгені туралы 1839 жылдың күзінде Махамбеттен жазып алған мағлұматы («Исатай долго прикрывал бегство своих, носясь от одной толпы к другой…») К.К. Гекенің хабарларына сәйкес келеді. Ақбұлақ соғысы таңсәріде басталып, түс кезінде аяқталған. Ұрыс Исатайдың қаза болуымен біткенге ұқсайды.
Бұл тақырыпқа қалам сілтеп жүрген замандастарымыздың бірі Исатайдың денесін ұрыс даласынан алып шығып, Шейітсайда жерлеген Махамбет десе, екіншілері «өліктің бетін жасырып, кейін көмген Алаша Сатай деген болса керек» деп жорамалдайды. Қырғыннан Исатайдың сүйегін жау қолына қалдырмай алып шығып, жер қойнауына берген Науша батыр Қаржауұлы деушілер де баршылық. Көтеріліс тарихын көптен зерттеп жүрген Ә.Сарай бұл жөнінде: «Көтерілісшілер ұрыс даласында шейіт болғандарды сол күні тапа-талтүсте жиып әкеткен. Көтерілісшілер өліктерін жиып алғанмен, ұзаққа әкете алмай, сол Шейітсайға жерлеген. Сонда ортақ зират бар… Оны жергілікті жұрт «Қырғын мола» атайды…
Исатайдың бейіті осы Қырғын сайдан түстікке қарай 200 метр жерде» дегенмен шектеледі. Махамбет тобы Ойыл-Сағыз арасына жеткен кезінде Оспан қайтыс болады да, ол да Шейітсайға әкелініп, әкесінің қасында жерленеді. Осыдан кейін олар Жемге бағыт ұстайды да, Хиуаға өтіп кетеді. Ол жақтан 1839 жылдың бас кезінде (қаңтар айы болса керек) оралып, кейін Үлкен Борсықта Е.К. Ковалевскийдің экспедициясымен ұшырасқанын жоғарыда айтып өткенбіз. Көтерілісшілер Исатайдың денесін бірден алып кете алмаған, 15–17 шақырымдай жерде қуғыншылардан құтылғаннан кейін ғана ұрыс даласына оралып, онда қалғандарды алып шығуды ойластырған. К.К. Гекенің 1838 жылдың 7 тамызында В.А. Перовскийге жолдаған хабарында: «Өлтірілген Исатай Таймановтың сыртқы киімінің қалтасынан Ысық руының кейбір билері мен старшындарынан жіберілген татар тіліндегі хат табылды», – деп көрсетуіне қарағанда, әу баста батырдың денесі жендеттердің қарамағында қалған. Әңгіме олар батырдың сүйегіне тиіспей оны ұрыс даласында тастап кетті ме?
Егер бұлай болған жағдайда мүрдені Махамбет бастаған топ сол күні, 12 шілдеде алып кетіп, жерлеген. Себебі, Махамбет пен Үбі бастаған топ бет-алдына шегініп, мерт болған серіктеріне қарайламай кетуі мүмкін емес. Оны тарихи құжат та жоққа шығармайды. Ақбұлақ өзені жанындағы ұрыс жөнінде К.К. Геке В.А. Перовскийге: «Қалған тобыр шашырап, көзден ғайып болғанда отряд жүктер қалған бұрынғы орынға (Ақбұлақ өзенінің бастауына. – К.Е.) қайтып келді де, сол жерде түнеді. Кешке қарай сұлтан – правитель (Баймағамбет. – К.Е.) екі жеңіл зеңбірекпен қаруланған екі жүз казакпен өлгендердің денесін іздеп келгендердің үстінен түсуге ниеттеніп тағы бір рет ұрыс даласына барып қайтты. Бірақ олар (көтерілісшілер. – К.Е.) өліктерді жинап алып кетіп үлгеріпті және өздері де енді көрінбеді», – деп жазады (ҚР ОММ. 4-қ. 1-т. 1996-іс. 50–52-п.; 1982-іс. 201-п.).
Баймағамбеттің жан ұшырып ұрыс даласын аңдуында сыр бар; сұлтан – Исатайдың денесіне Махамбеттің, ұлы Досмағамбеттің, Үбі батырдың оралатынына сенген, осы есеппен ол ең алдымен бұлардың көзін құртуға, не қолға түсіруге ниеттенген. Тінтіп шыққаннан соң батырдың денесін сол қаза болған жерде қалдырудың астарында Баймағамбеттің осы арам ойы жатқан, бірақ сүйекті Махамбет тобы ебін тауып 12 шілде күні алып кеткен. Бұл істі Сатайға, не Наушаға телудің жөні жоқ. Ақбұлақ шайқасында 80-ге тарта көтерілісшілер мерт болған. Мұны мұрағат материалдары да, И.Савичев, А.Рязанов, М.Вяткин секілді зерттеушілер де растайды. Олай болса, ұрыс даласында қалғандарды алып кету үшін бір-екі адам емес, ең кемінде жүзге тарта қазақтар қайтып оралған. Исатайдың денесін жендеттер алып кеткен деген жорамалдың да қисыны жоқ. Олай болған жағдайда бұл іс құпия қалмас еді.
Оның үстіне Исатайдың сауыт-сайманын шешіп алып кеткені жөнінде ел аузында әңгіме сақталған. Жәңгір ханның тұтқынында жүрген Исатайдың әйелі Несібелі бір күні жолым үйде отырып, Жәңгірдің үйіне кіргізіп жатқан заттардың ішінен Исатайдың қылыш-мылтығын, дулығасын, белбеуін іргеден көріп қалып, «Жәңгір ханның тұқымы, Шуласын біздей ұлдарың» деп дауыс салып жылағаны белгілі (Жолдыбаев М. Исатай Тайманұлы // Қазақ әдебиеті. 1937. 3 тамыз). Келесі күні жазалаушылар 12 шақырымдай жер жүріп, Қарағайлы өзенінің бойына тоқтайды да, Баймағамбет «бүлікші ауылдардың» қайда бағыт ұстағандарын білу үшін жан-жаққа жасақтар жібереді. 14 шілдеде көтерілісшілердің ізін сипап қалған сұлтан Ойылға жолға шығады.
Мерт болған көтерілісшілердің Шейітсайда жерленгені рас та болар. Бірақ Исатай да сол мезетте жер қойнауына берілді ме? Қалай болғанда да «Шейітсайда оқшаулау тұрған үш моланың орны бар, соның бірі Исатайдікі» деушілердің пікіріне дәлелділік жетіспейді. Мұқанов Құбаш ақсақалдың (Х.Дүйсенәлиевтің айтуында) Исатаймен қатарласа жерленгендердің Үбі, Қабыланбай мен Жақия делінуі де шындыққа жанаспайды. Жақия Ақбұлақ қырғынына қатыспаған, ол 1837 жылдың желтоқсан айында Жайықтан өткенде өкшелей қуған Баймағамбетке тұтқынға түседі (ҚР ОММ. 4-қ. 1-тізбе. 1964-іс. 310–313-п.). Үбі Үсеұлы да бұл жерде жерленбеген, ол Ақбұлақ ұрысынан аман шыққан. Оның бейіті Қаройдан терістікке қарай Дендер тауының сілемдерінде жатыр.
Ал, көзсіз ерлік көрсеткен Қабыланбай батыр 1837 жылы қараша айында Тастөбе маңында тұтқынға түсіп, айуандық жазадан кейін Сібірге жер аударылған болатын. Кейбір авторлар Исатайға топырақтың Шейітсайдан бұйырғаны туралы пікірді антрополог Ноэль Шаяхметовке сілтеме жасау арқылы тиянақтағысы келеді. Антрополог, археолог және мүсінші, белгілі ғалым М.М. Герасимовтың (1907–1970) ғылыми-зерттеу әдісі бойынша өткен ғасырдың 70-жылдары шамасында Н.Шаяхметовтың Исатай батырдың жерленген орнын анықтауды көздеген қазба жұмыстарын жүргізгені рас. Бірақ оның бұл ізденістері сәтсіз аяқталған. 1967–1975 жылдары Махамбет, Құрманғазы, т.б. тарихи тұлғалардың бейнелерін қалпына келтірген бұл ғалым, белгілі журналист Ж.Аупбаевқа былай деп сырын ашқан:
«Кейде ойлаған, қолға алған ісіңнің орындала бермейтіні де бар. Бұл жәйтті мен соңғы кездері анық байқап жүрмін. Оған Исатай бейнесін тірілту жайында тер төккен үш жылымның нәтижесіз аяқталғанын айтуға болады… Омбы архивінен табылған деректердің өзі де көмектесе алмады. Өкінетінім – сол жазда батыр денесінің қай жерде жерленгенін таба алмай қайтқаным» («Лениншіл жас». 1980. 12 қаңтар). Шейітсайдағы қорымда қазба жұмыстарын жүргізген антрополог Исатай мүрдесін таба алмайды. Олай болса, Шейітсай зиратындағы оқшаулау тұрған үш, не төрт бейіттің бірі Исатайдікі деп жүрген пікірлер ғылыми тұрғыдан негізделмеген.
Исатайдың Шолақмолда деген қорымда жерленгені жөніндегі өткен ғасырдың 30-жылдарынан бері айтылып келе жатқан пікірдің не себептен ұмытылғаны белгісіз. Халел Досмұхамедов: «Исатай қырық тоғыз жасында 1838 ит жылы әсеттің он екінші күні соғыста өлді. Сүйегі Темір үйезіндегі Қиыл деген өзеннің бойындағы Шолақмолда деген молада», – деп жазып кеткен болатын. (Х.Досмұхамедұлы. Аламан. Алматы, 1991. 79-б.). Оқыған-тоқыған, Исатаймен аталас (екеуі де – Жайық Беріш) Халелдің бұл сөзіне күмән келтіру қиын. М.Жолдыбаев (1887–1938): «Исатайдың моласы Темір ауданындағы Қиыл өзенінің жағасында», – дейді (Социалистік құрылыс. 1937. 27 шілде).
Өткен ғасырдың 30-жылдары Қ.Жұмалиев пен сол кезеңде «Т.Байшеркешов» деген есіммен жазып жүрген Тайыр Жароков көтеріліс болған жерлерді аралап, көнекөз қариялармен ұшырасады. Олардың біріншісі – «Исатай Ақбұлақ өзенінің Қиылға қараған бетінде, Ақбұлақтан 15 шақырым жерде өлді» десе, екіншісі – «Исатай 1838 жылы 12 июньде Қиыл суының басында, Ақбұлақ өзенінің бойында (қазіргі Ақтөбе облысының жерінде) өлген… Сүйегі Шолақмолда деген молада көміліпті» деп жазады (Байшеркешов Т. Исатай–Махамбет көтерілісінің басты адамдары // Социалистік құрылыс. Гурьев. 1938. 3 маусым).
Х.Досмұхамедов, М.Жолдыбаев, Т.Жароков – бала кездерінен Исатай мен Махамбетке байланысты оқиғалар туралы әңгімелерді ауыл адамдарынан құлақтарына сіңіріп өскен, сөздеріне жауаппен қарайтын, ел-жұртқа белгілі тұлғалар. «Исатай – Махамбеттің әңгімесін айтқанда Кердерінің, Кетенің, Байұлының шалдарының көздеріне жас алғанын өз көзіммен талай көрдім», – деп жазады Халел (Аламан, 73-бет). Кейінгі уақытта айтылып отырған оқиға тарихына аса зер қойған Берқайыр Аманшин: «Шолақмола (солай деп те атайды. – К.Е.) деген белгі – бедерсіз дөңде Исатай Таймановтың моласы жатыр. Басында бір тұтам белгі жоқ», – деп жазып кеткен. Бұл пікірді мына бір құжат та растайды: 1946–1947 жылдары Исатайдың немере ағасы Жабалдың ұрпағы Нәжімеден бабасының моласын іздестірген.
Оған Қазақ ССР Ғылым академиясы Исатайдың моласы Шолақмолда – Үйтастың аралығында деп жауап қайтарады. Осыған қарағанда «Исатайдың басына бұрынырақ бір белгі қойылған екен. Ол мүжіліп құлап қалғаннан соң ағайындары қайтадан басын көтерген» деген сөздердің қисыны жоқ. Шейітсайға бір-екі рет барып қайтып, өз пікірін білдірген Өтебәлі Ғаділше: «Көтерілісшілер қаша соғысып, Ақбұлақтан (не Қарағанды өзенінің құяр сағасынан) Қиылдың сол жағалауымен төмен кеткен болуы керек. Қиылдың Шейітсай тұсы – аңғары кең, оң жағалауы биік жарлы. Осы жерде көтерілісшілердің біразын жерлеп, Қиылдың оң жағалауымен Ойылға тіке тартуы да мүмкін», – деген жорамал айтады.
Осы жолдардың авторы да 2011 жылдың қазан айының ортасында Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданында Әбілқайыр ханның сүйегін қайта жерлеу рәсіміне қатысып, одан кейін Қобда ауданындағы Исатайға қатысты жерлерді аралап қайтты. Менің Исатайдың бейітін іздестіру ниетімді білген туып-өскен өлкесінің небір тұңғиық та сырлы шежірелерін құлпырта айтатын Бекарыстан Мырзабаев пен еңбек ардагері, осы өңірдің қадірлі азаматы Сағынай Құсайыновтың екі жүз шақырым жердегі Жарсай ауылына өз көлігімен алып жүруі, ақыл-кеңестерімен бөлісіп, жолбасшылық жасауы қатты толқытты. Оларға ризашылығым шексіз.
Халқының бостандығы үшін күрескен ұл-қыздарын ұлықтауды өз парызы ретінде есептейтін осындай абзал жандар көбейе түссе ғой, шіркін! Біз Жарсайға түнделетіп жетіп, бұрын «Қиыл» кеңшарында бас инженер болып істеген Еламанов Дүйсенбайдың (1949 ж.т.) үйіне түстік. Жарсай ауылы (Исатай округі) – бұрынғы «Қиыл» кеңшарының орталығы, одан да бұрын Новонадеждинка аталған. Орыс қоныстанушылары қойған осы атау Ақтөбе облысының 2003 жылғы картасында да тұр. Ертеңгі күні (19 қыркүйекте) Сағынай ақсақал, Бекарыстан, Дүйсенбаймен бірге, Х.Досмұхамедов айтып кеткен Шолақмолда қорымын іздеп шықтық. Менің серіктерім «Шолақмолда» атты қорымның қайда екенін білмесе де, осы аттас мекенге тура жол тартты.
Ол Қиыл өзенінің бастауынан төмен қарай жиырма бес шақырым шамасы, ал Жарсай ауылынан солтүстік-шығысқа қарай он екі шақырым жерде (Шымкент–Самара тас жолының бойында) екен. Шолақмолда ойпатта орналасқан, шағын жайлау ретінде көрінді. Ол Ақбұлақ өзені келіп құятын Қарағанды өзенінен онша қашық емес. Мұнда қазір мал бағатын жеке шаруашылық орналасқан. Бірақ бізді қарсы алған малшы жігіт ол маңда Шолақмолда зираты дегеннің барлығы туралы ешнәрсе білмей шықты. Дегенмен, біраз ойланып тұрып, жаңа танысымыз Шолақмолда мекенінен оңтүстік-батысқа қарай төрт-бес шақырым жерде, Төлей сайының оңтүстік бетіндегі төбешікте орналасқан қорым барлығын айтып, біздерді сонда алып барды.
Қорым Жарсай ауылынан шығысқа қарай, шамамен он шақырым жерде. Қорымның тура солтүстігінде үш-төрт шақырымдай жерде Төлей шоқысы тұр. Оңтүстікке қараған ақ бөрбастау беті алыстан көрінеді. Төлей шоқысынан ары қарай – Қаратау, онан ары – Үйтас. Төлей шоқысының оңтүстік алабынан басталатын Төлей сайының суы қорымның солтүстік жағынан өтіп, шығыс бетіндегі Шолақмолда нүктесінің батысымен Қарағанды өзеніне құятынға ұқсайды (болжап айтып отырған себебіміз – жаяулап жүріп, өз көзімізбен көре алмаушылықтан). Қорым Ақбұлақтың бастауынан батыс, оңтүстік–батысқа қарай жиырма екі–жиырма үш шақырымдай жерде; ормен сай жарына дейін қоршалған.
Қорымда үш-төрт құлпытас қана сақталыпты. Олардағы: «Руы Кете, Мұсағали ұлы Жұмағали, 21 жасында офат болды, 1861 жылы. Жаздырған әкесі». «Руы Кете, Тұрысбай баласы Көкен, 19 жасында 1881 жылы офат болды». «61 жасында… 1867» (басқасы оқылмады) деген жазуларға қарағанда, бұл жердің Кетелердің – рулық қорымы (мүмкін, Намазғұл Кете болуы) деуге болатын сияқты, сонымен бірге, оның көне жерлеу орны екендігін білдіреді. Тарихтан бұл маңда көбіне Кетелердің өмір сүргендігі және олардың біразының көтеріліске қосылғандығы белгілі. Шолақмолда мекені тас жолдан жеті шақырымдай, ал сөз етіп отырған қорым сегіз шақырым жерде.
Қорымның Төлей шоқысы жағында шағын дөңесте екі-үш бейіт бар екен: біреуінің басына метр жарымдай құлпытас қойылыпты, екінші зиратта ешбір белгі жоқ, құлаған орнында ақбордың іздері айқын көрініп жатыр. Құлпытастағы жазу оқылмады. Мұнан кейін біздер, Х.Досмұхамедов айтып кеткен батыр жерленген жер осы маңда емес пе екен деген ойға шомып, Қиыл өзенінің оң бетінде орналасқан Шейітсай қорымына аттандық. Шейітсайда батырдың мүрдесі жерленгеніне сенбесек те, Новосельный мекені тұсындағы (2003 жылғы картада) ежелден келе жатқан өткелден көтерілісшілер де өтіп, шейіт болғандардың біразын осы қорымға әкелуі мүмкін-ау деген ой торлайды…
Шейітсай қорымы Жарсай ауылынан сегіз, Қиыл өзенінің бастауынан отыз шақырым жерде. Қорымның шет жағына 1991 жылы Исатай Тайманов пен баласы Оспан жерленген деп белгітас қойылыпты. Бұл орайда айта кететін тағы бір нәрсе бар. Оспанның әкесінің жанында жерленгені туралы пікірдің де нақтылы дәлелі жоқ, қазақ ұғымына сәйкес болжамнан туған. Ақбұлақ ұрысында жараланған ол бір жұма өткеннен кейін Ойыл–Сағыз жағында қайтыс болады. Сонда Махамбет, Үбі, ағасы Досмағамбет тәуекелге бел буып, Исатай бейітіне қайта оралды ма екен?! Бұл да күдік тудырады. Шейітсайда қырық шақты қорымның орны (төбешіктер) болған көрінеді, қазір бәрі тегістеліп кеткен.
Бұл жердің қашаннан бері Шейітсай аталғанын анықтай алмадық. Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін оның Сейітсай аталғаны тарихи құжаттардан көрінеді. Мұнда 1910 жылдар шамасында Жаналин Құрманғалидың қыстауы болыпты. Әкімшілік тұрғыдан Сейітсай да, Шолақмолда мекені де (осы аттас өзенмен бірге) 1917 жылға дейін Темір үйезінің Қарағанды болысына кірген (кейін үйезд Ақтөбе облысына беріліп, қазіргі Қобда ауданы құрамына енеді). Сондықтан алға қарайғы ізденістер осы Қарағанды болысының аумағымен, әсіресе, Шолақмолда өзенінің Қиылға қараған бетімен шектелуі тиіс. Бұл болыс Темір үйезінің солтүстік бөлігінде, Қиыл өзенінің екі жағалауында орналасады. Бұл жерде Қиылға – Үйтас, Шолақмолда өзендері келіп құяды. Ата-бабалары осы маңдарды мекендеген адамдардың Шолақмолда қорымының нақтылы қай жерде екендігін білмеуі мүмкін емес.
Әсіресе, 1907-1910 жылдары қыстауы Шолақмолда өзенінің бастауында болған Сүйіндіков Мараның, Шолақмолда мен Қарасу көлі маңын қыстаған Қоңыров Шайқының (8-ауыл), сонымен бірге, Суықбұлақ пен Шолақмолда өзендері аралығында егістіктері орналасқан 2-ауылдың ақсақалдары Шермағамбетов Отаралының, Досқанин Тоқтар, Тәжиев Оразғали, Оралбаев Мақан, Жүсіпов Қарағанды, Байбосынов Айт, Жақсыбаев Бесбайдың ұрпақтары жадында батыр мүрдесінің қайда жатқаны сақталуы керек. Сіздерден көмек күтеміз, ағайын! Ақбұлақ өзенінің бастауында 3-ауылдың ақсақалы Сартов Есеттің қыстауы тұрған.
Кеңес заманындағы Қиыл мен Қарағанды өзендері аралығында (Қобда ауданы) орналасқан елді мекендердің, Ақбұлақ пен Ешкіқырған өзендері аралығындағы Ақсуат ауылы, Қарағанды өзенінің бастауындағы Ақбұлақ атты ауылдың тұрғындары да Шолақмолда қорымы жөнінде мәлімет беріп қалуы мүмкін. Мәңгүрттіктен арылатын уақыт жетті. Әділеттілік, бостандық жолында өмірін қиған Исатай бабамыздың бейітін анықтап, басына тағзым ету – бүгінгі ұрпақтың парызы екендігін еске салған артық болмас.