Ұлағатты ұстаз – еңбегімен елеулі

Ұстаз — қадір-қасиеті мол, шексіз жауапкершілік пен тынымсыз еңбектің, қажымас қайрат пен шығармашылықтың, үздіксіз іздену мен оқып-үйренудің адамы. Ұлы данышпан әл-Фараби былай дейді: «Ұстаз – жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің  бәрін жадында жақсы сақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың  бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ер жүрек болуы керек».

Ұстаз –жас ұрпақты, жалпы адамды ізгілікке баулып, жақсылыққа тәрбиелейтін, білім беретін оқытушы. Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы деп қалай дәл тауып айтқан. Ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтеп шамшырақ болары анық. Қыран түлегіне қайтпас қанат, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды демекші, ұстаз қай кезде де мектептің жүрегі, қоғамның тірегі. Қиындығы да, қызығы да жетерлік, ең бастысы, жауапкершілігі жоғары мамандықтың бірі ұстаздық ету екені –ақиқат.

Қарапайымдылық пен кішіпейілділік, адалдық пен әділдік, байқампаздық пен сезімталдық, мейірім мен ізгіліктің үлгісі — ұстазға тән қасиет. «Бәрі де мұғалімнен басталады» деген орынды сөз, оның білімі, адамгершілігі, балаға деген сүйіспеншілігі, олардың келешекте жеке тұлға болып өсуіне ықпал жасайды. Жанжылуын, бар білімін баланың бойына сіңіріп, әр оқушысының үлкен өмірге білімді азамат болып аттануына зор үлес қосатын мейірбан жүректі ұстаздарымыз аз емес. Ендеше, осынау үлкен ұғымдағы ұстаздық қасиетке барынша адалдық танытып, бар саналы ғұмырын жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне арнаған аға буын әріптесіміз, математика пәнінің мұғалімі Сексенов Орынбай.

Жастайынан білімге құштар, мұғалім болу арманы, жас түлекті  мектеп бітірісімен К. Д. Ушинский атындағы Петропавл педагогикалық институтының қабырғасына әкеледі. 1982 жылы институттың физика-математика факультетін бітіріп, жоғары білімді жас маман жолдамамен Сергеев ауданына жіберіліп, ұстаздық еңбек жолын Ақсу сегізжылдық мектебінде бастайды. Сол кездердегі үрдіс бойынша оқу бітірген жас мамандарды кадрлар жетіспейтін шалғай ауылдарға жіберу дағдысы бар еді. Кейіннен аудандық білім бөлімінің жолдамасымен Ольгинка орта мектебіне математика пәнінің мұғалімі болып орналасады. “Жас келсе – іске” дегендей, аз ғана уақытта жас маман  аталмыш мектептің тәжірибелі ұстаздарынан мұғалімдік мамандықтың қыр-сырын жан-жақты түсініп, үйреніп, оған өз талпынысын  қосып, ұжым ортасында беделді бола білді. 1985 жылы Қаратал мектебінде математика мен орыс тілі пәні мұғалімі жетіспегендіктен, аудандық оқу бөлімі үйленген Орынбай Дәрменұлы мен Сауле Жұмашқызын жолдамамен жібереді.

Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Түлеп ұшқан шәкірттер берген сапалы білім мен саналы тәрбиелерінің арқасында еліміздің түкпір-түкпірінде, сондай-ақ, туған өңірде мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі жолында аянбай қызмет етіп жүр. Мұның бәрі осындай ұстаздың берген тәлім-тәрбиелерінің арқасы. Ақсу сегізжылдық мектебінде жұмыс істеп жүргенде шәкіртін республикалық физика-математика мектебіне дайындады. Үміт күткен талапты жас Алматы қаласындағы О. Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика орта мектеп-интернатын тәмамдаған соң жоғары білім алып, энергетика саласында инженерлік қызметін абыроймен атқарып жүр.

Қаратал орта мектебіндегі өрендер математика пәні бойынша жоғары бал жинап, Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алғаннан кейін оқуларын ілгері жалғастыруда. Ол оқушыларын математикадан әр деңгейдегі сайыстарға, «КИО», «Кенгуру-математика для всех» сияқты олимпиада, зияткерлік байқауларға қатыстырып, жүлделі орындарды иеленуіне зор үлесін қосты. Және болашақта инженерлік мамандықтарды таңдау арқылы тәуелсіз еліміздің экономикасын ілгері дамытуға бағыт пен бағдар беруден жалыққан емес.

Орынбай Дәрменұлы педагогикалық қызметпен бірге шығармашылықтың тізгінін қатар ұстаған.  «ZIAT» ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырған «Шығармашыл ұстаз» атты республикалық оқытушылар сайысына қатысып, бірнеше мәрте жүлдемен оралғаны бар. Облыстық білім басқармасының «Білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының» бастамасымен «Математика пәні бойынша оқушылар біліміндегі ақауларды жою үшін оқытудың интерактивтік әдістерін қолдану» тақырыбында ұйымдастырған семинар-тренингке қатысып, жетінші сыныпқа алгебра пәнінен әр тарауға екі нұсқалы 20 сұрақтан тұратын тест жинағын құрастырды. Тәжірибе алмасу мақсатындағы ой-пікірін түрлі басылымдарда, сайттарда жариялап келеді. Өткен оқу жылында елордасынан «Ұлттық бірыңғай тестілеуге оқушыларды тиімді дайындаудың әдіс-тәсілдері» атты әдістемелік жинағын баспадан шығарды. Кейіпкеріміз мұғалімдікпен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады. Сайлау учаскесінің төрағасы ретінде ширек ғасыр бойы елімізде өткізілген референдум, сайлауларды комиссия мүшелерімен үгіт-насихат жұмыстарын жоғарғы деңгейде жүргізіп, заң талаптарының сақталуын қадағалаумен келеді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы өтпелі кезеңнің қиындықтары мен кедергілеріне моймай, отбасы мүшелерінің бірлігін ортақ мақсатқа біріктіруімен ең алғашқылардың қатарында заман талабына сай жаңа баспана тұрғызғаны көпке үлгі еді. Әрине құрылыс жұмыстарын жүргізу оңай болған жоқ. Себебі еңбекақы төленбейтіндіктен қалтада ақша жоқ. Алайда жергілікті ағашты іске жаратқан ағамыз 1995 жылғы мұғалімдер күнінде барлық ұжымды қоныс тойына шақырды. Тереңнен ішуге жарамды суы бар құдық қазып, аулаға көгалдандыру жұмысын жүргізген ол есігінің алдын жеміс ағаштарымен толтырды. Бүгінде түрлі көкөністерге толы бау-бақша егу сүйікті ісіне айналған. Алма ағашының бірнеше сұрпы, қара өрік, шие ағаштары, құлпынай, қарлыған (крыжовник), таңқурай, қара қарақат көздің жауын алады. Одан бөлек қызанақ пен қияр, бұрыш пен қызылша, асқабақ жылда жақсы өнім береді екен. Қос ұстаздың төккен тері мен тынымсыз бейнеті еш кеткен жоқ. Үлкен еңбек мектебінде шыңдалған перзенттері ата-аналарының игілікті ісін сәтімен сабақтастыруда.

Орынбай Дәрменұлының жеткен жетістіктері мен сіңірген еңбегі көп-ақ. Бірақ табиғатынан сабырлы жан қарапайым қалпын сақтаған. Адам болып өмір сүргеннен кейін ғұмырыңды жалғайтын ұрпағың болса, қат-қабат еңбегің де ұмытылмайды. Осындай ұлық жолды жадына ұстаған ұстаз өзін аялап сыйлайтын, көңіл сарайын көзінен-ақ оқып, қамқоршысындай болып жүретін сүйген жарымен бірге бірнеше ұл-қыз тәрбиеледі. Сәуле Жұмашқызы – орыс тілі пәні маманы, ардагер мұғалім, ұлағатты ұстаз, ақ әже, аяулы ана, сүйікті жар аттарына әбден лайық жан. Жастардың жанына нұр құя білген  ұлағатты ұстаздың ғибратты ғұмыры кейінгі буын өкілдері үшін үлкен өнеге.

Танымал шәкірттерінің арасында қазақ мектебін бітіріп, республикалық телеарнада орыс тілінде хабар жүргізген диктор да бар. Тұңғыштары Серік СҚМУ-нің ақпараттық-технология факультетін бітірген бойда біздің білім ордасында информатика пәнінің мұғалімдігі қызметіне кірісті. Омбының мемлекеттік педагогикалық университетінің магистратурасын тәмамдап, педагогика магистрі атанған соң ұстаздар ұжымының жеткшілігіне тағайындалды. Қызы Жұлдыз СҚМУ-нің ақпараттық технология және экономика факультеттерін бітіріп, Алматы қаласында «Choco Family» компаниясында ақпараттық-технология мамандығы бойынша қызмет етуде.

Ал, кенжесі Айым әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Геодезия және картография» мамандығы бойынша үздік бітіргеннен кейін, білімін Парис Лодрон атындағы Зальцбург университетінде (Австрия) жалғастырып, «Геоақпараттық технологиялар» мамандығы бойынша магистрлік жұмысын үздік қорғады. Қазіргі кезде Германияның Мюнхен қаласындағы «Неміс аэро-ғарыш ғылыми-зерттеу орталығының» докторантурасында білім алуда. Бүгінге парасатты педагогтер немерелерінің тәтті қылығына тамсанып отырған сүйікті ата мен аяулы әже.

Құрметті Орынбай Дәрменұлы! Сізді биылғы қаңтар айының 15-і күні 63 жасқа толып, ардақты ардагер ретінде құрметті еңбек демалысына шығуыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Берекелі шаңырағыңыздан сәбидің шат күлкісі үзілмесін!

Аян  ТАСТАНБЕКОВ,
Қаратал орта мектебінің мұғалімі,
Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий